Спорт күніне орай бірқатар жаттықтырушылар мен спорт мамандары марапатталды

АСТАНА. Тамыздың 14-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Спорт күніне орай Туризм және спорт министрлігінде еліміздің бірқатар жаттықтырушылары мен спорт саласының мамандары «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан еңбегі үшін» Құрмет белгісімен марапатталды.

Атап айтқанда, бұндай белгімен Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Тұрлыбек Көпжасаров, ОҚО Түлкібас аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Шамдәулет Кенебаев, Қызылорда облысының туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының оқу-жаттығу бөлімінің бастығы Жақсылық Оспанов, Астана қаласының Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Юрий Старостин, Павлодар облысының «Олимпиадалық даярлау орталығы» ММ-нің директоры Елеусіз Дүйсеков және еліміздің басқа өңірлерінен келген мамандар марапатталды. Сонымен қатар ҚР Туризм және спорт министрлігінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаты осы ведомствоның бірқатар қызметкерлеріне тапсырылды.

Марапаттау рәсімі барысында ҚР Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов мамандарды Спорт күнімен құттықтай келе: «Елбасы бұқаралық спортпен айналысатындардың үлесін 30 пайызға жеткізу мақсатын қойды. Бүгінде тұрғындардың тек 16 пайызы ғана бұқаралық спортпен қамтылған. Жақын арада бұл көрсеткішті тапсырылған деңгейге жеткізуіміз тиіс»,-деді.

«Қазіргі кезде балаларға арналған ойын-сауық орындары өте көп. Сондықтан жасөспірімдердің назарын осы ойын-сауық орындарынан гөрі, спортпен шұғылдануға аудару қажет»,-деді ведомство басшысы.