Атап айтқанда, азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар қызметкерлеріне және қазыналық кәсіпорын жұмыскерлеріне арналған базалық лауазымдық айлықақы мөлшері 17 697 теңге болып белгіленді.
Сонымен қатар дене шынықтыру және спорт саласындағы азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар қызметкерлеріне және қазыналық кәсіпорын жұмыскерлеріне еңбек жағдайына байланысты төленетін қосымша ақылар мен үстемақыларға түзетулер енгізілді.
Атап айтқанда, Олимпиадалық даярлау орталығының, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің, олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің, мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің, спорт колледждерінің, спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттардың, мектеп-интернат-колледждердің, жоғары спорт шеберлігі мектептерінің, олимпиадалық резервті даярлау орталығының, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорттық даярлау орталығының, ұлттық және ат спорты түрлері орталығының, Спортты дамыту дирекциясының және спорт клубтарының қызметкерлеріне мынадай үстемақылар белгіленеді:
Қазақстан Республикасының чемпионаттарында, ҚР спартакиадаларында, жастар ойындарында және ҚР Паралимпиада ойындарында:
І орын үшін — лауазымдық айлықақының 1,5%-ы;
ІІ орын үшін — 1%-ы;
ІІІ орын үшін — 0,5%-ы.
— Бұл норма республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебіне қолданылмайды, — делінген құжатта.
Ал Қазақстан Республикасының жастар мен жасөспірімдер арасындағы чемпионаттарында І орын үшін лауазымдық айлықақының 1%-ы бекітілген. Сондай-ақ аталған норма республикалық олимпиадалық даярлау орталықтарына, спорт колледждеріне және жоғары спорт шеберлігі мектептеріне қолданылмайды.
Жаттықтырушылар мен спорт бойынша жаттықтырушы-оқытушыларға чемпиондар мен жүлдегерлерді дайындағаны үшін төленетін үстемақылар:
Қазақстан Республикасының чемпионаттарында, ҚР спартакиадаларында, жастар ойындарында және ҚР Паралимпиада ойындарында:
І орын үшін — лауазымдық айлықақының 15%-ы;
ІІ орын үшін — 10%-ы;
ІІІ орын үшін — 5%-ы.
Қазақстан Республикасының жастар мен жасөспірімдер арасындағы чемпионаттарында:
І орын үшін — лауазымдық айлықақының 10%-ы.
Сонымен қатар құрметті атағы бар қызметкерлерге мынадай үстемақылар белгіленді:
Бұрынғы Кеңестік социалистік республикалар одағының (КСРО) «Халық» құрметті атақтары және мәдениет саласындағы еңбегі үшін берілген Қазақстан Республикасының құрметті атақтары бар қызметкерлерге — базалық лауазымдық айлықақының 100%-ы мөлшерінде;
Бұрынғы КСРО-ның «Еңбек сіңірген» құрметті атақтары және Қазақстан Республикасының осыған ұқсас құрметті атақтары бар қызметкерлерге — базалық лауазымдық айлықақының 30% мөлшерінде үстемақы төленеді.
Қаулы 2026 жылғы 3 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.
Бұған дейін елімізде спорт мамандарын даярлау ісі жаңа деңгейге көтерілгенін жазғанбыз.