Спорт мектептерінің балалары тегін үйірмеге қатысушы ретінде тіркеліп келген

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкімет отырысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев балаларға арналған тегін үйірмелерді қаржыландыру ісіндегі былықтар туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Art sport бағдарламасын мұқият нақтылау қажет. Ең алдымен, оны мемлекеттік деректер базасымен интеграциялау керек. Жүйе жұмысында құжатта бар, өмірде жоқ жандарды қаржыландыруға, келушілер санын қолдан көбейтуге, жеткізушілер мен қаржыландырудың қайталануына, балаларды секциялар мен үйірмелерге жеткізушілердің өз қолымен қабылдауына мүмкіндік беретін олқылықтар бар», - деді ведомство басшысы.

Оның айтуынша, бір жаттықтырушы үйірме қызметін ұсынатын бірнеше мекеменің өтінімдерінде қатар жүретін жағдайлар жиі кездесетін көрінеді.

«Тіпті спорт мектептерінің оқушыларын үйірмеге қатысушы ретінде тіркеу фактілері анықталды. Шын мәнінде, бұл осындай олқылықтардың салдарынан алаяқтық схемалар мен қызметті асыра пайдалану белең алуда. Ал одан адал жолмен жұмыс істейтін үйірме қызметін ұсынушылар мен үйірмеге шын мұқтаж балалар зардап шегеді», - деді Дәурен Абаев.