Спорт мерекесі миялылықтардың мерейін тасытты - Атырау облысы

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Миялы ауылында «Елге сәлем» фестивалі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жергілікті кәсіпкер, спорт жанашыры, Атырау облысы кикбоксинг федерациясының құрметті президенті Медет Серікбаевтың бастамасымен өткен шараға жақын шетелдерден кәсіпқой спортшылар келді.

Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Ілияс Шайхиевтің айтуынша, Миялының орталық алаңында халықтың қарасы көп болды. Атыраулық кикбоксшылар шетелдік кәсіпқой спортшыларымен жекпе-жекте өз шеберліктерін көрсете  білді.

Алдымен әлем чемпионатының қола жүлдегері Жаналы Сәлімгерей Грузия чемпионы Елнур Улиев күш сынасты. Әлем Кубогының иегері барын салғанымен атыраулық спортшыдан айласын асыра алмады.

Қос әлем чемпионы - Жандос Назарбеков пен өзбекстандық Якуб Фуркадбек арасындағы тартыс қызыққа толы өтті. Ұпай санымен Жандос өзбек спортшысынан басым түсті.

Тағы бір әлем чемпионы, Атырау спортының мақтанышы Абзал Дүсіпов украиналық қарсыласы Лендюк Юрийді уақытынан бұрын ұтып, өзінің бабында екендігін байқатты.

Фестиваль аясында кіші аяқ добынан республикалық турнир ұйымдастырылды. 8 команда қатысқан додада «Өмірзақ» командасы үздік атанды. Одан бөлек, дзюдо мен қазақ күресінен де тартысты кездесулер өтті.