Спорт министрі: Басты мақсатымыз — Азия ойындарында медаль сапасын жақсарту

АСТАНА. KAZINFORM — Жапонияда өтетін ХX жазғы Азия ойындарында ел намысын қорғайтын спортшылар жеңімпаз болуға тырысады. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов айтты.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

— Енді Азия ойындарына аттанамыз. Құрамамыз 570 спортшыдан жасақталған. 200-ге жуық жаттықтырушылар мен дәрігерлер бар. Биыл Азия ойындарына кіретін спорт түрлерінен әлемдік деңгейде жақсы нәтижелер көрсеттік, спортшыларымызға сәттілік тілейміз. Бір айта кетерлігі, жекпе-жек спортынан бөлек волейбол, баскетбол, гандбол, көгалдағы хоккей, киберсорт түрлерінен де іріктеліп, Азия ойындарына қатысамыз. Бұл еліміздегі олимпиадалық барлық спорт түрінің қарқынды дамып жатқанын көрсетеді. Алдағы Азия ойындарында бұған дейінгі байрақты бәсекелерге қарағанда жоғары нәтиже көрсетеміз деп сенемін, — деді Ербол Мырзабосынов Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жеңімпаздарын марапаттау рәсімі аясында.

Миинстр 2022 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында спортшыларымыз 10 ғана алтын медаль алғанын, жүлденің басым бөлігі күміс пен қола болғанын атап өтті.

— Ендігі басты мақсатымыз — осы Азия ойындарында медаль сапасына барынша көңіл бөлу. Әрине, Азия құрлығында олимпиадалық спорт түрлері мықты дамыған. Бізде соңғы 2 жылда барлық жағынан тыңғылықты дайындық жасадық, — деді ол.

Айта кетейік, бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздарын марапаттады.