Спорт пен өнер: «Балқадиша» әнімен танылған жас дзюдошы сұхбат берді

Фото: Фото: Видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM – Жақында «Балқадиша» әнін құйқылжыта орындаған жас спортшының бейнежазбасы әлеуметтік желіні шарлап кеткен еді. Бір сәтте желі қолданушыларын дауысымен тәнті еткен жас жеткіншек «Бүгін LIVE» бағдарламасына онлайн байланысқа шығып, өз әсерімен бөлісті.

– Біз Мирас аға екеуміз жай күресіп, бәстескен едік. Ол маған: «Бәстен ұтылсаң, өлең айтасың», – деді. Солай мен ұтылып, «Балқадишаны» орындадым. Видео таралып, танымал болғанын естігенде өте керемет әсерде болдым. Шынымды айтсам, тіпті 2-3 күн сене алмай жүрдім, – дейді дзюдошы.

Иса Бекболат дәл осы бейнежазба желіде кең тарағаннан соң өзіне түрлі ұсыныстардың түсіп жатқанын айтады.

Фото: Видеодан алынған скрин

– Жалпы менің дауысым – өзімнің табиғатымнан бар. Анам әнді керемет айтады. Осы қасиет анамнан дарыған. Мен көптеген конкурстарда «Балқадиша» әнін орындағанмын. Бұл ән өзіме қатты ұнайды. Осы видео тарағаннан кейін Алматыдан, түрлі қалалардан көптеген ұсыныстар түсіп жатыр. Бірақ мен спортты да, әншілікті де қатар алып жүргім келеді, – дейді оқушы.

Жас таланттың әкесі де өнер жолындағы азамат екен. Домбыраның құлағында ойнайтын Ілияс Бекболат ұлының таланты туралы өз пікірін білдірді.

– Менің мамандығым – домбырашы. Бірақ ән айтуға дауысым мен қабілетім жоқ. «Әу демейтін қазақ жоқ» демекші, анасы да кәсіби әнші болмаса да, домбыра тартады. Ал балам арнайы музыка мектебіне қатыспайды. Алмалы орта мектебінің ән сабағынан беретін мұғалімі бірнеше конкурсқа қатыстырып, осындай деңгейге жеткізді, – дейді ол.

Еске сала кетейік, Қазақстан әншісі «Әзербайжан дауысы» шоуының жартылай финалына шықты.