Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен қабылданған заңнамалық өзгерістер спорт саласындағы мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Атап айтқанда, биыл балалар спортын қолдауға қатысты жаңа заң қабылданып, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін қаржыландырудың жаңа жүйесі енгізілді.
– Бір баланы даярлауға бөлінетін жылдық қаржы 233 мың теңгеден 415 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. 2025–2028 жылдары жаңа жүйені іске асыруға 76,7 млрд теңге қарастырылған.
Сонымен қатар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаттықтырушы-оқытушыларға кәсіби шеберлігі үшін 30 пайыз мөлшерінде қосымша ақы белгіленді, – деді минитстр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Спортты қаржыландырудағы тағы бір маңызды өзгеріс – басым спорт түрлерін айқындау. Реформа аясында 160 спорт түрінің ішінен Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының бағдарламасына енген 67 басым спорт түрі белгіленді.
Бұл ретте әр өңірдің географиялық ерекшелігі мен қолда бар спорт инфрақұрылымының мүмкіндіктері ескерілген. Яғни спорт түрлерін қаржыландыру кезінде өңірлердің әлеуетіне басымдық беріледі.
Бұдан бөлек, кәсіби спортты қаржыландыру тәртібі де қайта қаралды. Соның нәтижесінде 2026 жылы легионерлерге жұмсалатын шығындар бюджеттен алынып тасталды.
Министрдің мәліметінше, жүргізілген реформалардың жалпы экономикалық тиімділігі 8 млрд теңгеден асты. Үнемделген қаражат балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға, бұқаралық спортты қолдауға, ұлттық құрамаларды даярлауға және спорт инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталады.
Бұған дейін Мемлекет басшысы спорт саласы әрдайым мемлекеттің басты назарында болатынын айтқан еді.