Спортшыларды тәрбиелеу мен даярлауға, оның ішінде жоғары жетістіктер спортына бөлінген бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуына жүргізілген аудит 2025 жылғы 8 қаңтар мен 28 сәуір аралығында өтті. Тексеру 2021 жылғы 1 қыркүйек пен 2024 жылғы 31 желтоқсан аралығын қамтыды.
Жоғары аудиторлық палатаның мәліметінше, аудит дене шынықтыру және спорт саласындағы бағдарламалық құжаттарды іске асыруда кешенді тәсілдің жоқ екенін көрсетті.
– Мемлекеттік аудит барысында жоғары жетістіктер спортын дамытуға, спорт резервін даярлауға, сондай-ақ спортшыларды ғылыми және медициналық тұрғыдан сүйемелдеуге бағытталған бірқатар іс-шараның орындалмағаны немесе толық жүзеге аспағаны анықталды, – делінген Жоғары аудиторлық палатаның жауабында.
Аудит нәтижесі қолданыстағы стратегиялық құжаттардың қойылған мақсаттарға толық қол жеткізуді қамтамасыз ете алмай отырғанын көрсетті. Сонымен қатар жекелеген іске асыру жоспарларында спорт саласын дамытудың барлық бағыты қамтылмаған.
Бұдан бөлек, қолданыстағы мақсатты индикаторлар жүйесі де мемлекеттік саясаттың тиімділігін жан-жақты бағалауға мүмкіндік бермейді. Өйткені онда жоғары жетістіктер спортының даму деңгейін айқындайтын бірқатар маңызды көрсеткіш ескерілмеген.
Тексеру қорытындысы бойынша Туризм және спорт министрлігіне:
· нормативтік құқықтық реттеудегі олқылықтарды жою;
· олимпиадалық резервтің мектеп-интернат-колледждерінің мәртебесіне қатысты заңнама нормаларын өзара сәйкестендіру;
· спортшыларды спорттық құрал-жабдықпен, киім-кешекпен, тамақпен және медициналық препараттармен қамтамасыз ету нормативтерін әзірлеу;
· спортшылар мен жаттықтырушыларды өмір бойы материалдық қамтамасыз ету тәртібін жетілдіру;
· нормативтік құқықтық актілерді қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіру;
· спорт резервін даярлау, қаржыландыру және спорт саласын басқару жүйесін жетілдіру;
· ашықтық пен есептілікті күшейтетін қосымша тетіктер енгізу;
· қаржылық тәртіп бұзушылықтарды жою және бюджетке қайтарылуға тиіс қаражаттың өтелуін қамтамасыз ету;
· заң бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту тапсырылды.
– Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша 13 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ 13 материал бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылды, – деп хабарлады Жоғары аудиторлық палата.
Сонымен қатар Жоғары аудиторлық палата ұлттық құрама командаларды ұстауға, кәсіби спортты қаржыландыруға, спорт нысандарын салу мен қайта жаңғыртуға, бұқаралық спортты дамытуға және Қазақстан аумағында халықаралық жарыстар өткізуге бөлінген бюджет қаражатының тиімділігіне жеке бағалау жүргізілмегенін мәлімдеді.
Сондай-ақ Туризм және спорт министрлігі мен оған қарасты ұйымдар 2026 жылға арналған мемлекеттік аудит жоспарына енгізілмеген.
Жоғары аудиторлық палатаның мәліметінше, аудит қорытындысында берілген барлық тапсырманы орындаудың нақты мерзімдері белгіленген. Қажетті іс-шаралардың көлемі мен сипатына қарай олардың басым бөлігі 2025 жылғы 1 тамыз бен 2026 жылғы 1 шілде аралығында орындалуға тиіс.
Айта кетейік, бұған дейін Туризм және спорт министрлігі Қысқы Паралимпиада ойындарының жүлдегерлері мен олардың жаттықтырушыларына 388 млн теңгеден астам сыйақы төлеген болатын.