Спорт сарайлары коммерциялық пайдадан гөрі ұлттың саулығы үшін пайдаланылуы тиіс - Ж. Ахметбеков

АСТАНА. 6 ақпан. ҚазАқпарат - Спорт сарайлары коммерциялық пайдадан гөрі ұлттың, болашақ ұрпақтың денінің саулығы үшін пайдаланылуы тиіс. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Жамбыл Ахметбеков осылай мәлім етті.

«Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың халыққа жолдаған жолдауында халықтың денсаулығының кепілі бұқаралық спортты дамытуға баса мән берілді. Елбасы бұқаралық спортқа халықтың кемінде 30 пайызы тартылуы тиіс деп тікелей міндет қойды. Жасөспірімдер мен балаларды спортқа тарту осы ұлы міндетті жүзеге асырудағы жүйелердің біреуі ғана. Бұл ұрпағымыздың саулығының кепілі, ұлт денсаулығын сақтау жолындағы амалдарының бірі. Мемлекет салауатты өмір салтын ұстауға жол көрсетіп қана қоймауы тиіс, соған барлық жағдайды жасауы керек», - дейді депутат Ж. Ахметбеков. Алайда, оның айтуынша, елімізде спорттық ғимараттарды пайдалану ісінде бұл мүмкін болмай отыр. «Бүгінгі күннің ащы да болса шындығы сол, спорт ғимараттарының есігі қазір спортпен шұғылданамын деген жастар үшін жабық, дәлірек айтсақ жалдау ақысы тым қымбат. Мысалы, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының мұз айдынының бір сағаттық жалдау ақысы сағатына 60 мың теңге. Бұқаралық спортты айтпағанда спортпен тұрақты айналысатын спортшылар, жаттықтырушылар спорт залдарына жақындай алмай жүр. Спорт залдарының бұқара халыққа қолжетімді болмауы бұқаралық спортты дамытуға ең басты қол байлау, ең басты кедергі болып отыр», - дейді ол. Осыған орай, Ж. Ахметбеков спорт сарайлары халықтың, яғни салық төлеушінің ақшасына салынғанын, оның тікелей міндеті халықтың спортпен, дене шынықтырумен айналысуына пайдаланылуға тиіс екендігін атап өтті. «Осы саладағы қазіргі саясатты түбірімен қайта қарауымыз қажет. Мемлекет спорт сарайларын коммерциялық пайдадан гөрі ұлттың, болашақ ұрпақтың денінің саулығы үшін пайдалануы тиіс», - деген депутат бірқатар ұсыныстарын жариялады.