Спорт туралы жаңа заңда не өзгерді
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Президент дене шынықтыру және спорт саласындағы жаңа заңға қол қойды. Бұл тек кәсіби спортшыларға ғана емес, баласын спортқа беріп жүрген ата-аналарға, салауатты өмір салтын ұстанатын барша азаматтарға қатысты маңызды құжат.
Парламент Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов жаңа заңның басты жаңашылдықтары туралы айтып берді.
− Біздің комитет депутаттары осы заң жобасымен ұзақ әрі мұқият жұмыс істеді. Нәтижесінде легионерлерді қаржыландыруға бюджеттен де, квазимемлекеттік сектордан да (мысалы, «Самұрық-Қазына») тыйым салынады. Қаражат өз спортшыларымызды қолдауға жұмсалады. Ұлттық спорт түрлері (қазақша күрес, асық ату, көкпар және т.б.) басым бағыттар тізіміне ресми түрде енді. Бұқаралық спорт — негізгі басымдық болады, − деп жазды депутат өзінің Telegram-парақшасында.
Спорт саласында вертикаль басқару жүйесі енгізіледі — енді министрліктен әкімдікке дейін бәрі бір жүйемен жұмыс істеуі керек. Спорт федерациялары республикалық құрылыммен байланысты болуы керек, бұл тәртіп пен тиімділік үшін қажет.
− Спорт мекемелерінің басшылары енді ротация арқылы тағайындалады — «мәңгілік» бастықтар болмайды. Мұндай жүйе мектеп директорларына қатысты да енгізілген. Мүгедектігі бар спортшыға еріп жүретін адамның шығыны мемлекет есебінен өтеледі. Бұл да біздің депутаттардың бастамасы, − дейді А. Аймағамбетов.
Сонымен бірге, әр спорт түрі бойынша жас шектеулері нақты белгіленді, бұл балалардың қауіпсіздігі үшін маңызды. Антидопинг ережелерін бұзғандарға қатысты жауапкершілік күшейтіледі. Спорттық медицинаның жұмысы нақты заңмен реттелді.
Бюджет енді нақты басым спорт түрлеріне бағытталады. Спорт ұйымдарына ақылы қызмет көрсетіп, табыс табуға мүмкіндік беріледі — бұл қаражат сол ұйымның есебіне түседі.
Бұған дейін Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев спорт саласын реформалау шаралары туралы айтып берген еді.