Спорт тұжырымдамасына балаларды спорт секцияларымен қамту көрсеткіштері енгізіледі

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Спорт тұжырымдамасына балаларды спорт секцияларымен қамту бойынша мақсатты көрсеткіштер енгізіледі. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Спортпен шұғылданатын балалардың санын арттыру көрсеткіштерін стратегиялық құжаттарда қарастыру керек. Өткенде келістік, жалпы бұқаралық спортты дамыту деңгейін 31 пайыздан 50 пайызға жеткізу мақсатын қойып отырмыз. Ол оңай талап емес. Маған 5 жылдың ішінде 31-ден 35 пайызға жеткізсек деген ұсыныс алып келген. Оның бәрі қабылданған жоқ. Сонда әр жыл сайын 1 пайыз ғана өсіп отырмақ па? Ондай болатын болса, дене шынықтыруға тікелей жауап беретін азаматтар қайда? Сондықтан 5 жылдың ішінде 50 пайызға жеткізу мақсаты қойылды», - деді вице-премьер Мәдениет және спорт министрлігінің алқа отырысында.

Оның атап өтуінше, мұндай мақсатқа қол жеткізу оңай болмайды.

«Бірақ нақты жұмыс жасауымыз керек. Ол нәтижеге жетеміз, басқа жол жоқ. Осыған орай әзірленіп жатқан Спорт тұжырымдамасына және «Саламатты ұлт» ұлттық жобасына балаларды спорт секцияларымен қамту бойынша мақсатты көрсеткіштерді енгізуді тапсырамын», - деді Ералы Тоғжанов.