Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары тағайындалды
Руслан Серғазин Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Руслан Амангелдіұлы Серғазин 1989 жылы 8 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Тұғыл ауылында дүниеге келген.
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін 2011 жылы – «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша, 2014 жылы – «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2012 жылы Шығыс Қазақстан облысының құрылыс басқармасында қаржы-экономика бөлімінің бас маманының міндетін атқарушы ретінде бастаған.
Әр жылдары мемлекеттік басқару жүйелерінде және дене шынықтыру мен спорт саласында түрлі қызметтер атқарған:
– Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің құрылымында бас маман және бөлім меңгерушісі;
– Ұлан ауданы ауылдық округінің әкімі;
– Семей қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы;
– Шығыс Қазақстан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының әкімшілік және қаржылық бөлімінің басшысы;
– Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, кейіннен Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің Спорт инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы.
Бұған дейін Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары тағайындалған еді.