Спорт және туризм министрі Бразилияның футбол академиясындағы оқуларынан демалысқа келген жас футболшылармен кездесті

Фото: None
sp;АСТАНА. Желтоқсанның 3-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бразилияның «Оле Бразил Клаб» футбол академиясында оқып жатқан футболшыларымыздың екеуі Сан-Паола штатының «Оле Бразил» бас жасөспірімдер командасының құрамына қабылданған.

Бұл туралы бүгін Бразилиядағы оқуларының бірінші семестрін аяқтап, демалысқа елге оралған 26 жас футболшылармен кездескен  Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрдің айтуынша, бұл штатта футбол өте жақсы дамыған және олардың ұлттық командасына қабылдану өте қиын. Алайда өз ойын өрнектерімен ерекшеленген Рауан Сариев пен Берік Шайхов «Оле Бразил» командасының құрамына қабылданған. Сонымен қатар біздің аяқдоп шеберлерінің командасы әртүрлі турнирлердің жеңімпазы атанып, Сан-Пауло штатының чемпионы атағына қол жеткізген.

«Елбасының 83 миллион теңге бөлуінің арқасында осы елде білім алып жатқан еліміздің алғашқы қарлығашысыңдар. Әрқайсыларыңның 1 жылдық оқуларыңа  мемлекет 20 мың доллар бөліп отыр», деді министр.

Мемлекет басшысы әлемдегі танымал спорт түрі футболдың елімізде дамуына ерекше көңіл аударып келеді. Дегенмен Қазақстанда осы спорт түрінің ақсап тұрғаны шындық. 2007 жылы Бразилияға сапармен барған ҚР Президенті Бразилия Президентімен футбол ісін дамытудағы ынтымақтастыққа қол жеткізген еді. Осыған орай ағымдағы жылы көктемде футбол өнерінің қыр-сырын меңгеруге буыны қатая қоймаған 26 жасөспірім іріктеп алынып, осы спорт түрінің отаны саналатын Бра­зилия елінің «Оле Бразил Клаб» футбол академиясына тәлім алуға жіберілген болатын.

Соңғы жаңалықтар