Спорт журналистері арасында дәстүрлі Сейдахмет Бердіқұлов атындағы байқау басталды

АЛМАТЫ. 18 қазан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт комитеті Қазақстанның БАҚ өкілдері арасында спорт журналисі,

публицист және қоғам қайраткері Сейдахмет Бердіқұл атындағы жыл сайын өтетін байқаудың басталғанын хабарлады. Үміткерлер ағымдағы жылдағы жұмыстарын мына тақырыптар бойынша тапсыруы тиіс: бірінші - Әлем және Азия чемпионатында, Әлем Кубогы додалары мен мәртебелі халықаралық жарыстарға және Қазақстан біріншіліктеріне арналған шолу жасау (очерктер, мақалалар, талдау, телетрансляциялар, телекөпірлер және т.б.). Екінші, қазақстандық БАҚ-та бұқаралық спортты, балалар мен жасөспірімдер арасындағы спортты, мүгедектер арасындағы және ұлттық спорт түрлерінен спорт ойындарын және тағы басқаларын насихаттау (спартакиадалар, турнирлер, форумдар, паралимпиалық ойындар, ұлттық спорт түрлерінің фестивалі). Үшінші, Астана және Алматы қалаларында өткен VII қысқы Азия ойындарына арналған мақалалар, материалдар, хабарлар, очерктер.

С. Бердіқұлов сыйлығы жылына бір рет, үш жеңімпазға тапсырылады. Оның екеуі - мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында қазақ тілінде жарияланған, біреуі орыс тілінде жарияланған материалдардың авторына белгіленген. Оған 2006 жылға дейін аталмыш байқауда жеңімпаз болған журналистер де қатыса алады. Байқау үздіктері «Сейдахмет Бердіқұл атындағы сыйлықтың лауреаты» деген арнайы төсбелгімен марапатталып, диплом мен ақшалай сыйлыққа ие болады. Жалпы бұған дейін мұндай мәртебеге - Несіп Жүнісбай, Қыдырбек Рысбек, Юрий Лифинцев, Дидар Төлеуіш, Нұрғазы Сасаев, Ғалым Сүлеймен, Ақын Ордабай, Әрсен Саттар, Мәди Манатбек, Ілияс Жолдас, Фархад Изизов, Валерий Ильин, Рабат Жәнібек, Лаура Барлыбаева, Павел Цыбулин, Сәдібек Түгел, Өмірзақ Сұлтанов, Анатолий Гаврилов, Телжан Күдеров, Гүлстан Қанат, Мұсағали Тасқалиев сияқты қаламгерлер ие болған еді.