Нақтырақ айтсақ, әйелдер боксынан 50 келі салмақта Назым Қызайбай Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды. Ол өкінішке қарай, жартылай финалда қытайлық Ву Юға жол беріп алды. Алайда, елге құр қайтпайды. Мойынында Париж Олимпиадасының қола медальі бар.
Сонымен қатар кешегі тағы бір аса маңызды жеңістердің бірі — грек-рим күресінен Ұлттық құрама мүшесі 77 келі салмақтағы Демеу Жадыраевтің финалға шығуы. Ол жартылай финалда Әзірбайжан өкілі Санан Сулеймановтан басым түсті. Енді Жадыраев Олимпиаданың алтыны үшін сынға түседі.
6 — тамыздағы тағы бір ерекше атап өтер жаңалықтардың бірі — құзға өрмелеу спортынан отандасымыз Әмір Маймұратовтің Олимпиада рекордын жаңартуымен есте қалды. Ол ерлер арасында жылдамдыққа құзға өрмелеуден аралық кезеңде А жолағында 4,89 секунд нәтижесін көрсетті. Осылайша қазақстандық спортшы Олимпиада рекордын жаңартты.
Ал бұған дейінгі Олимпиада рекорды франциялық Мавем Бассаға тиесілі болатын. Ол 2021 жылы Токиода (Жапония) өткен Олимпиада ойындарында жылдамдыққа құзға өрмелеуден 5,45 секундты тіркеген болатын.
Ал байдарка мен каноэде есуден 500 метрге жарыста Бекарыс Раматулла мен Сергей Токарницкий жұбы өз тобында мәреге бесінші жетті. Уақыт көрсеткіші — 1:38.62 секунд.
Каноэде 500 метрге ескек есуде Мария Бровкова мен Руфина Искакова жұбы өз тобында 5-орын алды. Олардың уақыт көрсеткіші — 2:00.05 секунд. Каноэде 500 метрге ескек есуде Сергей Емельянов пен Тимур Хайдаров жұбы іріктеуде өз тобында мәреге 5-ші жетті.
Уақыт көрсеткіші — 1:45.94 секунд. Жеңіл атлетикадан Давид Ефремов 110 метрге кедергілер арқылы жүгірудің жұбаныш кезеңінде сөреден дұрыс шықпағаны үшін (фальстарт) жарыстан шеттетілді.
Ал Қазақ елі тағы бір медальдан басты үміткер санаған қазақтың «қара маржаны» атанып кеткен Нора Джеруто 3000 метрге кедергілер арқылы жүгірудің финалында мәреге 9-шы болып жетті. Уақыт көрсеткіші — 9:08.97 секунд. Осылайша ол Олимпиада ойындарын жүлдесіз аяқтады. Олимпиаданың онбірінші жарыс күнінен кейін Қазақстан құрамасының қоржынында 1 алтын, 1 күміс, 3 қола жүлде бар. Ал жалпы медальдар кестесінде 30-орында келеді.