Спортшылар мен бапкерлер жалақысы артты: 2022 жылы спорт саласында не өзгерді

АСТАНА. ҚазАқпарат – 2022 жылы отандық спорт үшін қандай жағдай жасалды, қандай мәселелер шешілді? ҚазАқпарат Мәдениет және спорт министрлігіне сілтеме жасап, негізгі бағыттарға тоқталды.

1. Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің және Әлем чемпиондарының ай сайынғы материалдық қамсыздандыру мөлшері артты.

Қазақстандық спортшылар мен жаттықтырушыларға Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындары жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне және олимпиадалық спорт түрлері бойынша Әлем чемпиондарына өмір бойы берілетін ай сайынғы қамсыздандыру мөлшері 4 есеге өсті.

Сабақтан тыс спорттық іс-шараларды өткізгені үшін дене шынықтыру мұғалімдеріне лауазымдық жалақыдан 100% қосымша ақы төлеу енгізілді. Сондай-ақ мамандандырылған мектептер мен колледждер, допингке қарсы зертхана, ұлттық допингке қарсы орталық қызметкерлерінің жалақысы көтерілді.

2. Спорттағы штаттық бірлік 3 мыңға дейін артты. Яғни 1994 жылдан бері еліміздің ұлттық құрамасындағы жалпы бапкерлер мен спортшылар саны 1 мың адамнан аспаған еді. Енді үш мың бапкер мен спортшы құрама сапына кіріп, мемлекет қолдауына ие болады. Яғни айлық төленіп, мемлекет беретін өзге де жеңілдіктерді ала алады.

3. 2025 жылға дейін 113 жаңа спорт нысаны салынып, жұмыс істеп тұрған 27 нысан қайта жөнделеді. Сондай-ақ өңірлерде 10 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Олимпиадалық жаттығу орталығы 2023 жылы, ал Олимпиадалық даярлау орталығының құрылысы 2025 жылы аяқталатыны жоспарлануда.

4. Спорттық-құрал жабдықтар жаңартылды. Париждегі Олимпиадаға дайындық аясында Мәдениет және спорт министрлігі арнайы бағдарлама әзірледі. Оның маңызды тармақтарының бірі заманауи спорт жабдықтарын сатып алудың жаңа нормаларын бекіту, сондай-ақ осы мақсатқа қосымша қаражат бөлу. 2017 жылы бекітілген нормалар басқа елдердің құрама командаларына бөлінетін қолжетімді, үнемі жаңартылып отыратын және жаңа буын жабдықтарын сатып алуға мүмкіндік бермегенін атап өткен жөн.

5. ArtSport жобасына өзгерістер енгізілді. Бұл ретте балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бағдарламаның шарттары жетілдірілді. Сонымен қатар 7 қалада 180 мыңнан астам адамды қамтитын «Қолжетімді спорт» жобасы жүзеге асырылып отыр.

6. Ұлттық құрамалардың жаттықтырушылар құрамы қайта қаралды. 20-ға жуық жазғы олимпиадалық спорт түрлерінен жаңа бас бапкерлер тағайындалса, жалпы спорттың 13 түрінен Австрия, Германия, Сербия, Македония, Грекия, Корея, Франция және тағы басқа елдерден кеңесші-жаттықтырушылар шақырылған.

7. Спорт комитетіне қарасты Спорттық медицина орталығының жұмыс жүйесі өзгерді. Спорттық медицина және оңалту орталығының материалдық-техникалық базасын нығайту, қалпына келтіретін өнімдер мен спорттық тамақтану, витаминдер сатып алу, жұмыс жасаушы мамандарды оқыту және шетелдік мамандарды шақыру, фармакологиялық және биомедициналық қамтамасыз ету тізбесін қайта қарау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

8. «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесі өтті. Бұрын-соңды болмаған аламан бәйге бірнеше өңір бойынша өтіп, 1200 шақырымды құрады.

9. Алматы қаласында Республикалық спорт колледжінің жанынан Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Спортты дамыту дирекциясы РМҚК-нің филиалы ретінде Жаттығу орталығы ашылды.

Ұлттық штаттық құрамаға кіре алмаған №4-8 резерв спортшылары аталған орталықта жаттығуларын жалғастыратын болады. Сондай-ақ, мұндағы спортшылар әлемдік бәсекелерде бақ сынауға мүмкіндік алады, ұлттық құрамаға бәсекелестік тудырады.

10. 2022 жылы спортшыларымыз 600-ге жуық түрлі старттарға қатысып, нәтижесінде 800-ден аса медаль жеңіп алды.