Спортшылардың жеңісі - Қазақстанның әлемдік чемпионаттарды өткізу құқығына лайықты екенінің тікелей дәлелі - Мемлекет басшысы

АСТАНА. 17 тамыз. ҚазАқпарат - Спортшылардың Олимпиададағы жеңісі - Қазақстанның әлемдік чемпионаттар мен спорттық ойындарды өткізу құқығына ұмтылуының кездейсоқ еместігінің тікелей дәлелі.

Бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында Лондон Олимпиадасына қатысқан Қазақстан ұлттық құрамасына құрмет көрсетуге арналған салтанатты шара барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.

«Қазақстанда 250 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдер 418 балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде жаттығады. Мен біздің спортшыларымыздың үлгі-өнегесі стадиондарға жүздеген болашақ чемпиондарды әкелетіндігіне сенімдімін. Әлемдік спорттық жетістік - бұл мемлекеттің барлық мүмкіншілігінің ең үздік таныстырылымы» - деді Елбасы.

Осы орайда Мемлекет басшысы ешқандай қаржы Олимпиада ойындарындағы жеңістердей мемлекет имиджін көтере алмайтындығын баса айтты.

«21 ғасырда тек қуатты ұлт қана бәсекеге қабілетті болады. Мен Үкімет алдына 2020 жылға қарай ел халқының 30 пайызын дене шынықтыру мен спортқа  тарту міндетін қойдым», - деді Н.Назарбаев.