Актер мұндай ойынды беделі жоғары, әлеуметтік жағдайы жақсы әрі тұрақтылығы бар ел ғана өткізе алатындығын айтты. «Тарихи мәнге ие бүгінгі ашылғалы отырған жарыс Елбасының салиқалы саясатының арқасы деп білем. Тәуелсіздік алған 20 жылдың ішінде Қазақстан өзінің мықты ел екендігін байқатып, әлем елдері арсында өзінің беделін жоғарылата білді. Оның айғағы ретінде Астанада өткен саммит пен бүгін өз жалауын көтерген Қысқы Азия ойындарының біздің елде өтуін қуана айта алам», -дейді Е.Жолжақсынов.
Сонымен қатар ол ел намысын қорғайтын спортшыларымызға жанкүйерлер атынан ақ жол тіледі. «Спортшыларымыз алтыннан алқа тағынып, тек бірінші тұғырдан көрініп, ел намысын асқақтата берсе екен дегім келеді. «Ата-бабамыз жаудан қайтпаған», сондықтан отандастарыма «Алға, Қазақ елі жасасын!» дегім келеді»,- дейді актер.
Сондай-ақ ол отандастарымыз алғашқы орыннан көрінетіндігіне сенетіндігін жеткізді. «Хоккейден болған жарыста қазақ қыздары өздерінің намысты екендерін байқатып, қарсыластарын ойсырата жеңді. Қалған ойында да жерлестеріміз жақсы өнер көрсететініне сенем», -деп атап өтті өз сөзінде Е.Жолжақсынов.