СПОРТШЫЛАРЫМЫЗҒА ҚОЛДАУ БІЛДІРЕЙІК: Анна Алябьева Олимпиада-2012 ойындарында Қазақстанның атынан шығып отырған жалғыз гимнаст
Британдық астанаға ол 21 шілдеде келіп, қазіргі кезде жаттығуларын жалғастыруда. Астанада оған үлкен отбасы жанкүйер болуда. Біздің тілшіміз спортшы қыздың үйіне қонаққа барды.
18 жасар гимнаст қыздың отбасы оның үйіне оралуын күтуде. Сіңлісі оған өз қолымен жасаған сыйлығын да дайындап қойды. Аняның қазір қалай қобалжып отырғанын спортшының әкесі жеке тәжірибесінен біледі. Розмат Әлібеков - КСРО-ның грек-рим күресі бойынша спорт шебері. Қызы үшін болашақ жолды дәл әкесі таңдаған еді.
«Мен үйленбей жатқанымда-ақ қызымның гимнаст болатынын шештім, оны бес жасында гимнастикаға бердім. Ол өзім орындай алмаған армандарымды жүзеге асырды - Олимпиадаға барды», - дейді Аннаның әкесі.
Анна Алябьева спорттан халықаралық санаттағы шебер, 2010 жылғы Азия ойындарының чемпионы, халықаралық жарыстардың гран-при жүлдегері болып табылады. Спортшы қыз Ресей және Қазақстанның астаналарында жаттығады. Мәскеуде ол Ресей құрамасының бас бапкері Ирина Винермен, ал Астанада - Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Светлана Красниковамен дайындалады.
Аннаның жеке жаттықтырушысы Светлана Красникова: «Мен онымен 10 жыл бойы дайындалудамын. Аня өте қабілетті бойжеткен, көбіне қол жеткізді» дейді.
Азияның абсолюттік чемпионының отбасы әрбір кеште теледидар алдында Қазақстанға жанкүйер болу үшін жиналады. 9 тамыз күні олар Анна Алябьеваның шығуын тікелей эфирде қарап, оған тілектес болады. Біз Аняның отбасына қосылып, гимнаст қызымызға сәттілік тілейміз!