АСТАНА. KAZINFORM - Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өтетін спорттық гимнастикадан Азия чемпионатына қатысатын қазақстандық спортшылар белгілі болды.
Құрлықтық дода 16-27 мамыр күндері жалауын көтереді. Онда Олимпиаданың соңғы жолдамасы сарапқа салынады.
Спорттық гимнастикадан ел құрамасының бас бапкері Александр Кимнің айтуынша, қазақстандық спортшылар Азия чемпионатына толық дайын. Жарысқа 2024 жылғы Париж Олимпиадасына жолдама алған Милад Карими мен Нариман Курбанов та қатысады. Одан бөлек, көпсайыстан Фарух Набиев, Диас Тойшыбек, Дмитрий Патанин, Ілияс Азизовтерге сенім артылады.
Басты қарсыластар – Солтүстік Корея, Өзбекстан, Вьетнам және Қытайлық Тайпейден келетін көпсайысшылар.
Айта кетсек, ел құрамасы қоржынында Париж Олимпиадасына берілген 51 жолдама бар.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.