АСТАНА. KAZINFORM — Спорттық гимнастикадан Қазақстан ерлер құрамасы Индонезия астанасы — Джакартада өтетін 2025 жылғы әлем чемпионатына соңғы дайындығын Жапонияда пысықтап жатыр.
19 қазанда жалауы желбірейтін дүбірлі додада еліміздің атынан Ілияс Әзізов, Зейнолла Ыдырысов, Милад Карими, Нариман Құрбанов, Дмитрий Патанин және Диас Тойшыбек сынға түседі.
Оқу-жаттығу жиыны Токио қаласында ұйымдастырылған. Онда ұлттық құрама спортшылары әлемдегі үздіктер қатарынан көрініп жүрген жапониялық гимнастармен шеберлігін шыңдап жатыр.
— Біздің спортшылар Олимпиада чемпиондары Дайки Хашимото мен Ока Шинасукэ секілді жапон шеберлерімен бірге жаттығып жүр. Бұл — өте маңызды дайындық кезеңі, - деді бас бапкер Александр Ким.
Еске салсақ, бұдан бұрын Болгарияның Варна қаласында өтіп жатқан батуттық гимнастикадан әлем кубогында Қазақстан қоржынына қола медаль түсті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.