Спорттық құзға өрмелеу: Әлем кубогі кезеңіне кімдер қатысады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 3-9 шілде аралығында спорттық құзға өрмелеуден кезекті Әлем кубогі кезеңіне қатысатын қазақстандық спортшылардың есімі белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеттен мәлім еткендей, кезекті әлем кубогі Швейцарияның Вилларс қаласында өтпек.

Аталған додада ел намысын ұлттық құрама мүшелері Ришат Хайбуллин мен Әмір Маймұратов қорғамақ.

Айта кетейік, 2018 жылы өткен Жасөспірімдер Олимпиадасында тұңғыш рет спорттық құзға өрмелеу мен брейк-данстан жүлде сарапқа салынған болатын. Ал скейтбординг, спорттық құзға өрмелеу және серфинг 2020 жылғы Токио Олимпиадасының бағдарламасына еніп отыр.