«Спорттық нысандар толықтай әзір» - республикалық басылымдарға шолу

None
АСТАНА. 20 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 20 қаңтар, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Қазақстанда Ақ Азиада өтетіні белгілі болғанда баршамызды спорттық нысандардың жай-күйі алаңдатқан еді. Жасыратыны жоқ, ұзақ жылдар бойы елімізде қысқы спорт түрлеріне дұрыс көңіл бөлінбей келді. Соның салдарынан нәтижеміз күрт төмендеді. Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында медальдің сыңығырын естімегелі талай жылдың жүзі болды. Сонымен қатар спорттық ғимараттардың да тоз-тозы шықты. Кезінде даңқы өрлеген Медеу мен Шымбұлақтың басынан бағы тайғаны баршаға мәлім. Республикамызда одан басқа халықаралық талапқа сай нысандар жоқтың қасы. Осының барлығын ой елегінен өткізген жұртшылық «Қысқа ғана мерзім аралығында олардың барлығын қалпына келтіре аламыз ба?» деп кәдімгідей абыржыды», - деп жазады «Айқын» газеті бейсенбілік санындағы «Спорттық нысандар толықтай әзір» деген мақаласында.

Басылымның атап өтуінше, қазіргі уақытта барлық шаруа рет-ретімен жүзеге асып, Қазақстан Азия ойындарына жақсы даяр­лықпен келді. Астана мен Алматы қалаларында біраз ғимараттар мен нысандар бой көтерді. Кей­бірі күрделі жөндеуден өтті. Олар­дың барлығы халықаралық талаптарға сай жабдықталып, қазір көз­дің жауын алып тұр. Жуырда Қазақстан Республикасының Пре­зиденті барлық нысандарды аралап, атқарылған жұмысқа ри­за­шылығын білдірсе, шетелден ат арытып арнайы келген сарапшылар да оңды бағаларын берді. Енді алаң­дауға себеп жоқ. Қазақстан Ақ Азиа­даны қабылдауға толықтай әзір деп нық сеніммен айтуға бола­ды.

Осы басылымның жазуынша, кеше Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Өмірзақ Бейіспеков: «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниясына республикалық бюджетке кедендік төлемдер бойынша 21 млрд теңге қарызын қайтарттық», - деп мәлімдепті. Басылымның атап өтуіне қарағанда, Бұл сома мұнай-газ ком­па­ниясынан соңғы 5 жылда жүр­гі­зіл­ген тексерістердің нәти­же­сінен кейін өндіріп алыныпты. Осы уа­қытқа дейін салық тө­леуден жал­тарған компания преферен­ция­ларға қатысты құжаттарды дұрыс көрсетпей келген көрінеді. «Естеріңізде болса, былтыр Қаржы полициясы «Қа­­рашығанақ Петролеум Опе­рей­тинг» компаниясының бас­шы­лары мен қызметкерлерінің үсті­нен салықтан жалтарғаны және алдау-арбау ісімен айна­лысқаны үшін 2 қылмыстық іс қозғаған болатын. Оның соң­ғысы жабылса, ал алғаш­қы­сы­ның нәтижесі жоға­рыдағыдай жағдайда өрбіген», - делінген "Кедендік қадағалау күшейеді" деген тақырыппен берілген мақалада.

***

«Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында «Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгермейді» деген тақырыппен мақала басылды. Басылымның жазуынша, министр орынтағына келіп жайғасқан бойда «білім саласына адам сенгісіз реформа жүргізіп, талапкерлердің бағын сынайтын тестілеу жүйесіне өзгеріс енгіземін» деп шу шығарған Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов райынан қайтып қалыпты. Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен өткен кеңейтілген алқа мәжілісінде бас ұстаз Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгермейтінін мәлім еткен. Сондай-ақ мектепке дейінгі тәрбие беру мәселесіне де айрықша тоқталып өткен ведомство басшысы: «2020 жылға қарай балабақшамен қамту мәселесі 100 пайыз шешілуі шарт. Бұл тұрғыда министрлік пен жергілікті атқару органдарын қауырт жұмыстар күтіп тұр. Бүгінгі таңда «Балапан» бағдарламасы табысты орындалып келеді. Енді бұл бағдарламаның 2014 жылға қарай толық жүзеге асуын, сонымен қатар осы тектес бағдарламаның 2020 жылға дейін жалғасуын қамтамасыз ету керек», - деп атап көрсеткен.

«Қоғамдық тәртіпті күшейту үшін халық жасақшыларына ұқсас құрылым қажет пе?». «Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Ой-көкпар» айдарында талқыға салынған дәл осы сауалға жауап берген Астана қалалық ішкі істер департаментінің бастығы Марат Демеуов полиция жұмысына деген сенімділік көптеген факторлар арқылы құрылатын айта келе: «Бұл - азаматтардан түскен арыз-шағымдарды уақытында қарап, шешім қабылдау, қылмыс бойынша тыңғылықты, сапалы тергеу жұмыстарын жүргізу және сотқа жіберу, дер кезінде процессуалды шешімдер қабылдау, азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету. Осы тұрғыдан қылмыстың алдын алуға және ашуға халықтың тікелей атсалысуы, қоғамдық көмекшілердің полицейлерге қолғабыс беруі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде өте тиімді қадам екені әлдеқашан дәлелденген» - дейді.

Ал бұндай құрылымның ірге қалауына қарсылық танытқан халық қалаулысы Нұртай Сабильянов: «Қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін халық жасақшылары құрылымын құрып, соларды құқық қорғау жүйесіне араластыру деген мәселеге еш келіспеймін. Өйткені мұндай жасақшылардың заңдық тұрғыдағы құқы, міндеті, жауапкершілігі де бола бермейді. Сол тұрғыдан келетін болсақ, әлгіндей халық жасақшылары өрескел қимылдарға барса, басқаның құқын бұзса, олардың жауапкершіліктен құтылып кетуі де оңай», - деп өз пайымын алға тартады.

***

«Премьер-Министр Кәрім Мәсімов 2010 жылғы Денсаулық сақтау министрлігінің жұмыс қорытындысымен танысты», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті бүгінгі санындағы «Здоровые итоги» атты мақалада. Басылымның атап өтуінше, өткен жылы аяқталған 2005-2010 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының денсаулық сақтауды реформалау және дамыту бағдарламасы аталған кезеңде салада бірқатар оң өзгерістерге қол жеткізуге мүмкіндік берген. Атап айтқанда, демографиялық көрсеткіш жақсарып, бала туу 25 пайызға, жалпы өлім-жітім 11 пайызға төмендеген. Ал қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 2 жылға ұзарған. Сондай-ақ бірқатар әлеуметтік маңыз бар ауру түрлерінің қатары тұрақты түрде төмендеп, қан қызметі жетілдірілген, республиканың барлық өңірінде медициналық ақпараттық-сараптамалық орталықтар құрылған.

***

«Қазақстандықтар автомат көмегімен билет сатып ала алады», - делінген «Литер» газетінің «Нажми на кнопку» деген тақырыппен басылған мақаласында. Басылымның баяндауынша, кеше еліміздің бірқатар ірі қалаларының вокзалдарында өзіне-өзі қызмет көрсету жаңа транзакциялық терминалдарының тұсаукесері өткен. Енді Алматы, Астана, Қарғанды немесе Ақтөбеден сапарлайтын жолаушыларға дәстүрлі касса алдында кезекке тұрып, билет сатып алудың еш қажеті жоқ. Бұндай 10 автомат өткен жылдың 31 желтоқсанынан бастап аталған қалалардың вокзалдарында, сонымен қатар «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның ғимаратында орнатылған.