Айта кетейік, биылғы жылдың басынан бері Елдос Рамазанов Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы басшысының кеңесшісі қызметін атқарған болатын.
«Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы бірнеше жылдан бері еліміздегі спортты басқару моделі жасақталған ең үздік спорттық ұйым болып саналады. Конфедерация құрамына жақында Олимпиада бағдарламасына қосылған каратэ спорты да енді. Елдос Рамазановтың спортты басқарудағы мол тәжірибесі ұйымның жұмысына жаңа леп беріп, спорт түрлерін дамыту одан әрі жалғасады деп сенемін», - деді аталмыш конфедерация төрағасы Данияр Абулғазин.
Еске сала кетейік, Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы Олимпиада бағдарламасына енетін бес спорт түрін дамытуға басымдық беру мақсатында 2012 жылы құрылды. Конфедерация құрамына бокс, грек-рим күресі, еркін күрес пен еркін стильдегі әйелдер күресі, таэквондо және ауыр атлетика енген. Ал 2015 жылдан бастап конфедерация құрамына ұлттық спорт - қазақ күресі енгізілді. 2018 жылдың мамырынан бастап Қазақстан каратэ одағы конфедерация мүшесі атанды.
Елдос Рамазанов М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін «экономист» мамандығы бойынша бітірген (1993ж.), содан соң Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде заңгер мамандығын алған.
Әр жылдары коммерциялық құрылымдар мен мемлекеттік кәсіпорындарда басшылық қызметте болған.
2004-2006 жылдары ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі экономика және қаржы департаменті директорының орынбасары, кейін аппаратының жетекшісі қызметтерін атқарған.
2006-2007 жылдары KAZENERGY Қоғамдық қорының атқарушы директоры, кейін бас директордың орынбасары; «Рауан Медиа Групп» АҚ ақпараттық-сараптамалық орталығының директоры; «КазТрансГаз» АҚ аппаратының жетекшісі, «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ҰҚ» АҚ басқарма басшысының орынбасары, «Беркут» қаржы-өнеркәсіп корпорациясы бас директорының орынбасары, ҚР Сауда және өндіріс палатасының вице-президенті.
2011-2013 жылдары «Атамекен Одағы» Қазақстан Ұлттық экономикалық Палатасы басқарма басшысының орынбасары. 2013 жылдың қыркүйегі мен 2015 жылдар аралығында аппарат жетекшісі, 2015 жылдан бастап басқарма мүшесі, басқарма басшысының орынбасары қызметтерінде болды.