Спортзалдың құлауынан 10 адам қаза тапты, тағы 14 адамның тағдыры беймәлім

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореяның Кенджу қаласында спортзал төбесінің опырылып құлауы салдарынан 10 адам қаза тауып, тағы 14-інің тағдыры әлі белгісіз болып отыр.

Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлады. Айта кетейік, 565 студент оқуға түскенін атап өтіп жатқан Пусан шет тілдер университеті спортзалының төбесі қалың қардың салмағына шыдамай, опырылып түскен. Бірер күн бұрын елдің шығыс жағалауына көп қар түсіп, кейбір жерде қардың қалыңдығы 1 метрге жеткен болатын. Қаза болған 10 адамның 9-ы студент, біреуі кешті ұйымдастырушы болып шықты. Құтқарушылар тағы 3 студент пен 11 қызметшіні іздестіруде.

«Бұл төтенше жағдайдан барлығы 112 студент зардап шекті, олардың 3-еуін әлі таба алмай жатырмыз. Олар үйінділердің астында жатуы мүмкін», - дейді Кенджу полициясының өкілі.

Айта кету керек, 17 адам ауыр жараланды, ал 84 адам жеңіл жарақаттар алды.

Жүргізіліп жатқан құтқару шараларына 400-ден астам өрт сөндірушілер, полицейлер мен әскерилер қатысуда. Өрт сөндіру машиналары және басқа да техника оқиға орнына әзер жетті, өйткені курорт таудың басында орналасқан және дүйсенбі күні кешке қалың қар жауған болатын.

Полиция кеш басталғанға дейін ғимарат шатырындағы қардың неліктен түсірілмегенін анықтауда.

Пусан университетінің президенті Чун Хэ Лин ЖОО-ның зардап шеккендерге көрсетілетін көмектің барлығын өз мойнына алатынын мәлім етті.