SPOT және KEDEN: ЕАЭО шекарасында сауданы жеңілдететін цифрлық шешімдер

АСТАНА. KAZINFORM — Еуразиялық экономикалық одақ елдері кедендік рәсімдерді цифрландыруды жеделдетіп, бірыңғай сауда қағидаларын қалыптастыруға басымдық беріп отыр. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында ЕЭК-тің кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі Сергей Шкляев айтты.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Министрдің айтуынша, бүгінде ЕАЭО-ға мүше елдердің кеден қызметі алдында тұрған басты міндет — шекара бекеттері арқылы тауар өткізудің ашықтығы мен жеделдігін қамтамасыз ету.

— Бүгінде кедендік операциялардың ашық жүргізілуін қамтамасыз ету аса маңызды. Әсіресе, өткізу бекеттеріндегі рәсімдердің айқын әрі жедел болуы үшінші елдермен экономикалық байланысты дамытуға және сыртқы сауда операцияларын болжамды етуге мүмкіндік береді, — деді Сергей Шкляев.

Оның айтуынша, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер шекарадағы үдерістерді автоматтандыруға арналған цифрлық шешімдерді белсенді түрде енгізіп келеді. Министр мысал ретінде Қазақстанда іске қосылған KEDEN ақпараттық жүйесін атады.

Аталған жүйе электронды кезекті брондау, алдын ала ақпарат беру, электронды транзиттік декларация рәсімдеу және рұқсат құжаттарын цифрлық форматта өңдеу қызметтерін біріктіреді. Соның нәтижесінде кедендік рәсімдерден өту уақыты айтарлықтай қысқарған.

Сергей Шкляев Ресейдің бұл бағыттағы тәжірибесіне де тоқталды. Оның сөзінше, елде кедендік операцияларды 10 минутқа дейін қысқарту міндеті қойылған. Осы мақсатта көлік нөмірін автоматты тану, онлайн өлшеу және жүк тиелген көліктерді тоқтатпай сканерлеу технологиялары кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр.

Фото: Видеодан скрин

— Көлік өткізу бекетінде тоқтамайды. Қозғалыс кезінде нөмірі оқылып, салмағы өлшеніп, жүк сканерленеді. Кейін бұл мәліметтер алдын ала ұсынылған ақпаратпен салыстырылады, — деді министр.

Оның айтуынша, мұндай жүйе адал кәсіпкерлерге шекарадан «жасыл дәліз» арқылы артық тексерусіз өтуге мүмкіндік береді.

Министр сондай-ақ ЕАЭО елдеріндегі цифрландыру деңгейіне тоқталды. Оның сөзінше, қазір Еуразиялық экономикалық комиссия кеден органдарына арналған бірыңғай талаптар мен ережелерді әзірлеп жатыр.

— Біздің басты мақсатымыз — Кеден одағы аумағындағы сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін ортақ әрі түсінікті ережелер қалыптастыру, — деді Сергей Шкляев.

Сонымен қатар ол барлық елге ортақ бірыңғай бағдарлама енгізу жоспарланып отырмағанын айтты. Әр мемлекет өз цифрлық платформасын дербес дамытады. Алайда кедендік талаптар мен жұмыс тәсілдері біріздендірілуі қажет.

Сұхбат барысында Ресейде 1 маусымнан бастап іске қосылатын SPOT жүйесі туралы да сөз болды. Бұл — ЕАЭО елдерінен импортталатын тауарлардың жеткізілуін алдын ала растауға арналған цифрлық механизм.

Шкляевтың айтуынша, SPOT жаңа кедендік бақылау түрі емес. Жүйе жүк тасымалына қатысты мәліметтерді автоматты түрде салыстырып, ақпараттың сәйкестігін тексеруге мүмкіндік береді.

Фото: Видеодан скрин

— Тауар алушы алдын ала жеткізілім туралы құжатты жүйеге енгізіп, QR-код алады. Өткізу бекетінде бұл мәліметтер тауар-көлік жүкқұжатымен автоматты түрде салыстырылады, — деді ол.

Егер мәліметтер сәйкес келсе, көлік қосымша тексерусіз әрі кідіріссіз өтеді.

Министрдің айтуынша, бизнес өкілдері арасында SPOT жүйесіне қатысты алаңдаушылық бар. Бұл, негізінен, цифрлық сервистердің жұмысы мен жаңа талаптарға бейімделу мәселесіне байланысты. Дегенмен Ресейдің мемлекеттік органдары тәулік бойы техникалық қолдау көрсетіп, жедел желі қызметін іске қосқан.

— Өткізу бекеттерінде қолдан бюрократиялық кедергілер жасалмайды, — деп атап өтті ЕЭК өкілі.

Сонымен қатар Сергей Шкляев SPOT жүйесі ең алдымен «сұр импортпен» күресуге және адал бизнес үшін тең бәсекелестік орта қалыптастыруға бағытталғанын айтты.

— Заң талаптарын сақтайтын кәсіпкерлер үшін мәліметті электронды түрде жіберіп, QR-код алу қиындық тудырмайды. Ал мұндайЕуразиялық экономикалық одақ тетіктер жалған құжаттармен немесе тіркелмеген ұйымдар арқылы жеткізілетін тауарлардың жолын кесуге мүмкіндік береді, — деді министр.

Оның пікірінше, ЕАЭО елдеріндегі кеден саласын одан әрі цифрландыру сауда үдерістерін жеделдетіп, жүк тасымалының ашықтығын арттырады. Сондай-ақ бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға ықпал етеді.

Айта кетейік, бүгін Қазақстан мен Ресей Президенттері екі ел халықтары достығының жеті негізі туралы мәлімдемеге қол қояды.