Spotify жасанды интеллект көмегімен музыкалық ремикстер жасау қызметін іске қоспақ

АСТАНА. KAZINFORM – Spotify музыкалық стриминг сервисі 2027 жылдың бірінші тоқсанында жасанды интеллект көмегімен музыкалық ремикстер жасауға мүмкіндік беретін жаңа функцияны іске қосуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Financial Times.

Фото: habr.com

Компания жаңа қызметті ақпан айында өтетін «Грэмми» сыйлығын табыстау рәсіміне қарай іске қосуды көздеп отыр.

Жаңа функция ақылы жазылымы бар пайдаланушыларға танымал музыкалық шығармалардың әуенін өз қалауынша өзгертуге мүмкіндік береді. Мәселен, халық әндерін би әуеніне айналдыруға немесе белгілі бір әнді басқа орындаушының дауыс мәнеріне ұқсатып, кавер-нұсқасын жасауға болады.

Spotify бұл құралды пайдалану үшін ай сайын қосымша 4-5 доллар ақы алу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Жаңа қызметті әзірлеу барысында авторлық құқық мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. Жоспарға сәйкес, пайдаланушылар жасаған ремикстерден түсетін авторлық төлемдер шығармалардың бастапқы орындаушыларына аударылады.

Сонымен қатар мұндай ремикстердің тыңдалым саны Spotify музыкалық рейтингтерінде түпнұсқа шығармалардың көрсеткіштерімен бірге есептелмек.

Жаңа функцияны іске қосу үшін компания Universal Music Group, тәуелсіз музыкалық лейблдерді біріктіретін Merlin және француздың Believe музыкалық компаниясымен лицензиялық келісімдер жасасқан.

Ал Sony Music және Warner Music компанияларымен келіссөздер әлі жалғасып жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Spotify жасанды интеллект көмегімен жасалған музыканы реттеу шараларын жариялаған болатын. 2026 жылдың тамызында компания виртуалды орындаушылардың профильдерін арнайы AI Persona белгісімен таңбалап, олардың шығармаларын редакциялық және алгоритмдік ұсынымдарға енгізуді шектеуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.