СҚО-да сіріңкемен ойнаған 9 жасар бала бүтін үй-жайды өртеп жібере жаздады
АСТАНА.KAZINFORM — СҚО-да 9 жастағы баланың сіріңкемен ойнауы өртке себеп болды, деп хабарлайды облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданына қарасты Саумалкөл ауылында 9 жасар бала сарай ішінде сіріңкемен ойнап отырып, абайсызда қағазды өртеп жіберген.
Бала отты тұтатып алған соң, оны сөндірместен үйіне кетіп қалған. Осы кезде сарайдағы өрт өршіп, түтін шатыр астынан шыға бастаған.
— Ауладан шыққан түтінді көршілері байқап қалып, дереу өрт сөндірушілерге хабар берген. Төтенше жағдайлар қызметі оқиға орнына жедел жетіп, жалынды дер кезінде өшірді. Соның арқасында тұрғын үй мен қора-жайлар оттан аман қалды, — делінген ведомство таратқан ақпаратта.
Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ.
Бұдан бұрын Қостанайда өрт шыққан пәтерден анасы мен екі баласы құтқарылғанын жазған едік.