ҚТЖ өкілдері швейцариялық Stadler компаниясының мәлімдемесінде де тежеу жүйесіне қатысты анықталған мәселелер бойынша ұлттық тасымалдаушының ұстанымына сәйкес келетін тұстар бар екенін атап өтті.
«ҚТЖ» басқарма төрағасының стратегия және цифрландыру жөніндегі орынбасары Ануар Ахметжановтың айтуынша, сәйкессіздіктер жаңа жылжымалы құрамды қабылдаудың стандартты рәсімі кезінде анықталған.
Оның сөзінше, аталған ескертулер Қазақстанда да, өзге елдердің теміржол әкімшіліктерінде де қолданылатын талаптарға қатысты.
— Тежеу жүйесі – жолаушылар қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ең маңызды элементтердің бірі. Сондықтан бұл мәселеге ерекше мән береміз. Біздің міндетіміз – жолаушылардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету. Аталған сәйкессіздік жаңа вагондарды қабылдау кезіндегі стандартты бақылау мен сапаны тексеру барысында анықталды. Біз бұл рәсімді барлық вагонға бірдей қолданамыз, оның Stadler немесе басқа өндіруші екеніне қарамаймыз, — деді ол.
Сонымен қатар ол Stadler компаниясының барлық ескерту 2026 жылдың ақпанына дейін жойылғаны жөніндегі уәжіне де тоқталды.
— Мұнда көзқарас айырмашылығы бар. Біздің бағалауымыз бойынша, қазіргі уақытта тежеу жүйелері белгіленген регламенттерге толық сәйкес келмейді. Бұл ұстанымымызды тиісті құжаттармен, актілермен бекітіп, компанияға жолдадық. Қажет болса, толық түсіндіру үшін өндіруші тарапқа жүгінген жөн, өйткені олар – өндіруші, біз – тапсырыс берушіміз, бұл вагондарды біз пайдаланамыз, — деді ол.
«ҚТЖ» басқарма төрағасы Талғат Алдыбергеновтің айтуынша, сынақтар аяқталғаннан кейін және тиісті актілерге қол қойылған соң вагондарды қабылдауға дайындық бар.
— Мамыр айында сынақтар өтті. Қазіргі таңда қозғалыс кезінде, әртүрлі жылдамдық режимдерінде жасалған сынақ актілері Stadler компаниясының қол қоюында тұр. Біз теміржол әкімшілігі ретінде вагондарды қабылдауға дайынбыз. Бірақ барлық ескерту толық жойылғаннан кейін ғана олар пайдалануға беріледі, — деді ол.
Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов Stadler вагондарының жеткізілімін одан әрі созбауды тапсырғанын жазған едік.