Бұл туралы Астана – Алматы бағытындағы жаңа Stadler пойызын іске қосу рәсімінде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Ахметжанов айтты.
Оның айтуынша, бастапқыда жаңа вагондарды 2025 жылдың желтоқсанында және 2026 жылдың басында пайдалануға беру жоспарланған. Алайда жеткізу мерзімі кейінге шегерілгендіктен, «Жолаушылар тасымалы» АҚ аталған бағыттарға өз паркінде бұрыннан бар басқа вагондарды шығарған. Соның салдарынан қосымша шығындар туындаған.
- Қазақстан үшін айтарлықтай шығын болған жоқ, тіпті іс жүзінде шығынға ұшыраған жоқпыз деуге де болады. Келісімшарт талаптарына сәйкес, өндіруші біз жұмсаған қосымша қаражатты өтейді. Жоспарланған бағыттарға басқа вагондарды шығардық. Осыған байланысты туындаған шығындардың барлығын Stadler Kazakhstan компаниясы толық өтейді, – деді Әнуар Ахметжанов.
Ал Stadler Kazakhstan компаниясының коммерциялық директоры Сергей Леонтьев вагондардың кешігуін Қазақстанның климаттық ерекшеліктеріне бейімдеу және қосымша сынақтар жүргізу қажеттілігімен түсіндірді.
- Бұл – технологиялық тұрғыдан өте күрделі жоба. Вагондар Қазақстанның ерекше климаттық жағдайына арналып жасалды. Stadler бұған дейін Африкаға 50 градус ыстыққа, Норвегияға –40 градус аязға арналған вагондар жеткізген. Бірақ бір елде температураның осындай үлкен айырмашылығына бейімделген вагон жасау оңай емес. Сондықтан қосымша жетілдіру жұмыстары қажет болды. Жеткізу мерзімі сегіз айға кешікті. Осы уақыттың басым бөлігі қосымша сынақтарға жұмсалды. Басты мақсатымыз – жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығына толық көз жеткізу, – деді Сергей Леонтьев.
Компания өкілі жаңа вагондардың техникалық мүмкіндіктеріне де тоқталды. Оның сөзінше, Stadler вагондарының жобалық жылдамдығы сағатына 160 шақырымды құрайды.
- Сынақ кезінде олар бұдан да жоғары жылдамдықта тексерілді. Дегенмен пойыздардың нақты қозғалыс жылдамдығы теміржол инфрақұрылымының жағдайы мен қолданыстағы қозғалыс кестесіне байланысты, - деп қосты компания өкілі.
Ал Әнуар Ахметжанов теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, пойыздардың сағатына 160 шақырым жылдамдықпен қашан қатынай бастайтынын әзірге нақты айту мүмкін емес.
- Себебі жолаушылар және жүк пойыздары бір теміржол желісін пайдаланады. Сондықтан қозғалыс жылдамдығын арттыру кезінде қауіпсіздік талаптары да ескерілуі тиіс, - деді ол.
Еске салайық, бүгін, 11 қарашада Қазақстанда шығарылған Stadler вагондарынан жасақталған алғашқы жолаушылар пойызы Астана – Алматы бағытына жолға шықты. Жаңа вагондар №3/4 «Нұрлы жол – Алматы-2» пойызының құрамында күн сайын қатынайтын болады.