«Сталиннің Сібірдегі ұлы» - баспасөзге шолу...
Аймақ ата ата басылымы «Сыр бойы» газетінде журналистер қосыны көтерген мәселелер мен тақырыптар саналуан боп келеді. «Сталиннің Сібірдегі ұлы» атты мақалада тілші адамзат баласы тарихында өшпес із қалдырған тұлғалардың бірі Сталин өмірінің көлеңкелі жақтарынан сыр шертеді. Сол кезеңнің беймәлім болып келген талай құпиясының сырын ашып, оқырманға қызықты деректер ұсынады. Қалтарыс-бұлтарысы мың сан қабат адам болмысы туралы ой қозғайды...
Сталиннің Сібірдегі ұлы
...Соңғы ширек ғасыр ішінде Ресей баспасөзінде Сталиннің некесіз туған ұлы туралы бірқатар материалдар жарық көрген болатын. Бірақ олар негізінен үстірт алынған фактілерге негізделгендіктен тарихшылар тарапынан соншалықты қызығушылық туғыза алмаған еді. Жуырда біздің қолымызға ресейлік «Совершенно секретно» газетінің 2016 жылғы ақпан айындағы №1 саны тиді. Газетте журналист Алексей Богомолов «Настоящая история внебрачного сына Сталина» атты мақала жариялапты. Мақаланың ерекшелігі - автор мұрағаттардан алынған деректерді негізге ала отырып, сонау ХХ ғасырдың басы мен орта шенінде болған оқиғаларды көз алдыңызға әкеледі. Сонымен автор не дейді?
...2007 жылы Ұлыбританияда ағылшын тарихшысы әрі журналист Себага Монтефиоренің «Молодой Сталин» атты кітабы жарық көрді. Кітапта келтірілген деректе Кеңес халқының ұлы көсемі Иосиф Сталиннің Сібірдегі Курейка деп аталатын шағын елді мекенде 13 жасар Лидия Перепрыгина есімді көңілдес қыздан некесіз ұлды болғаны баяндалады. Сталин патша өкіметіне қарсы революциялық астыртын іс-әрекеті үшін 1914 жылы осында жер аударылған еді. Бұл қолайсыз жағдай Лидияның жақындары тарапынан наразылық туғызып, оларды жергілікті жандармдарға Сталиннің үстінен шағымдануға мәжбүрлейді. Шындығына келгенде, бұл қылмыстық іс қозғалатындай жағдай еді. Себебі Лидия кәмелетке толмағандықтан оны 34 жастағы Сталиннің зорлықпен жыныстық қатынасқа итермелегені туралы қорытынды жасауға әбден болатын еді. Бірақ жанжал біршама оңай шешімін тапты. Сталин Лидия кәмелеттік жасқа толысымен оған үйленуге уәде беріп, екіжақты мәміле жасалып, қылмыстық іс қозғалмайтын болып шешілді.
Сталиннің Лидиядан туған Александр есімді ұлы 1917 жылы дүниеге келеді. Бірақ Сталин 1916 жылы Сібірдің меңіреу түкпіріндегі елді мекеннен қашып шыққан еді. Лидия Сталиннен ұзақ уақыт хабарсыз қалған соң Игаркада жергілікті балықшы Яков Давыдовқа күйеуге шығады, оның фамилиясын Александрдың атына жаздырып алады. Таңданарлығы сол, бұл оқиға Сталин өлгеннен кейін СОКП Орталық комитетінің бірінші хатшысы Никита Хрущевтің тарапынан барынша қызығушылық туғызған еді. КГБ генералы Иван Серовтың бұл орайда Хрущевке дайындаған құпия баяндамасында былай делінген еді: «...Сталин Лидияға ешқашан көмектескен емес. Александр хат тасушы болды. 1935 жылы оны Красноярскіге шақыртып, өзінің шыққан тегі туралы ешқашан айтпауды талап етіп, қолхатқа қол қойдырып алған. Александр Давыдов соғысқа қатысып, екі рет жарақаттанған, майор шенімен соғысты аяқтаған. Соғыстан кейін Новокузнецкіде асхана директоры қызметін атқарған. Оның үш баласы (Сталиннің немерелері) бар».
Ұлыбританияда жарық көрген кітаптан кейін, яғни сол 2007 жылы «Огонек» журналында, «Комсомольская правда» және басқа да басылымдарда Сталиннің некесіз туған ұлы туралы материалдар жарық көре бастады. Бұл туралы біршама деректі фильмдер жарық көрді. Біз сүйеніп отырған Алексей Богомолов өзінің «Совершенно секретно» газетіндегі мақаласында белгілі тарихшы ретінде мұрағаттардан кейде күтпеген, тіпті кісі таңданарлық құжаттардың табылатынын тілге тиек ете отырып, бұл оқиғаның болғанын растайтын дәйектемелерді барынша сүзгіден өткізгенін баяндайды.
Автордың пайымдауынша, кейбір құжаттардағы жазбалардан анықталғандай, Сталин өзінің некесіз туған ұлы және көңілдесі Лидия төңірегіндегі оқиғаларды сырттай бақылап отырған сыңайлы. Тіпті Сталин өзінің тірі кезінде, яғни 1946 жылы олар туралы арнайы зерттеу жүргізген. Аталған проблемаға байланысты жүргізілген зерттеуден кейін мұрағаттан СОКП Орталық Комитетінің хатшысы Аверкий Аристовтың Хрущевке жолдаған құпия хаты табылған еді. Мұрағат құжаты болғандықтан оның мазмұнын сол күйінде жариялауды жөн көрдік (Ж.А)
Товарищу Хрущеву Н.С.
В бытность мою секретарем Красноярского крайкома КПСС в один из приездов в Москву в конце 1946 года мне позвонил тов.Поскребышев и спросил меня, что я знаю об Ивановых и Перепрыгиных, проживающих в Курейке, где был в ссылке т.Сталин. Тов.Поскребышев попросил меня навести справки об этих людях по возвращении в Красноярск, так как ими интересуется тов.Сталин.
Вернувшись в Красноярск, я направил инструктора крайкома КПСС т.Сиротенко в Курейку и в Дудинку по этому вопросу. Возвратившись из командировки т.Сиротенко доложил мне, что он нашел Ивановых и Перепрыгиных и рассказал мне о том, что т.Сталин жил с 14-летней Лидией Перепрыгиной и что она имеет от него сына. Лидия Перепрыгина тогда же передала фотокарточку сына Александра.
В то время, получив такие сведения, я, конечно, не мог передать т.Поскребышеву об Иванове Петре, который знал Сталина в возмущался его сожительством с несовершеннолетней Лидией Перепрыгиной, и о Перепрыгине Ионе - старшем брате Лидии, жаловавшемся на Сталина жандарму. Перепрыгины Ион и Лидия были сиротами.
Сейчас я все это восстановил и решил Вас об этом информировать.
Прилагаю письмо т.Сиротенко и фотографию Александра - сына Лидии Перепрыгиной, которого она считает сыном Сталина.
А.Аристов.
28.V.56 г.
Бұл хаттан мәлім болып отырғанындай, Сталиннің секретариат басшысы Поскребышев 1946 жылы Красноярск өлкелік партия комитетінің хатшысы А.Аристовқа Сібірдің шалғайдағы Курейка елді мекенінде тұруы мүмкін деген Ивановтар мен Перепрыгиналар туралы мәлімет жинауға тапсырма береді. Поскребышев тіпті бұл мәселенің Сталин үшін маңызды екенін және ескертеді. Тапсырманы орындау үшін өлкелік партия комитетінің хатшысы шалғайдағы елді мекенге өзінің нұсқаушысы Сиротенконы аттандырған. Сиротенко арып-ашып Курейкаға жетеді. Поскребышевтің атаған Петр Ивановпен және Лидия Перепрыгинамен кездеседі. Иванов Сталинді білетінін, осында жер аударылғанда бірге болғанын растайды. Ол Сталиннің кәмелетке толмаған Лидиямен көңілдес болғанына наразылық білдіріп, қыздың үлкен ағасы Ион Перепрыгинмен бірге жергілікті жандармға шағым түсіргенін айғақтап береді. Лидия Сталиннен ұлды болып, оның шетінегенін, бірақ Сталин Курейкадан кеткенде одан жүкті болып, Александр есімді тағы бір ұл туғанын айтып, оның фотосуретін береді.
Хат ресми бланкіге басылмаған. Бірақ хаттың шекесіне басылған «О.П.» (особая папка) деген белгі оның құпиялығын айғақтайды. Өз нұсқаушысынан осындай мәліметтерге қаныққан Аристов Поскребышевке тапсырманың орындалғанын баяндайды да, бірақ Ивановтың Сталинді айыптаған моральдық қылығы туралы мән-жайларды және Лидияның берген суретін жасырып қалады. Себебі өлкелік партия комитетінің хатшысы сол замандағы саясаттың небір сұмдық оқиғаларының тірі куәсі болғандықтан қырағылық танытып, Сталиннің хатшысына «артық» ешнәрсе айтпайды. Аристов кейбір мән-жайларды Сталин өлгеннен кейін, оның өзінде Хрущевтің КГБ генералы Иван Серов арқылы сұрауы бойынша айтуға мәжбүр болған еді.
Бұл оқиғалардың шынайылығына көз жеткізу үшін мұрағаттан алынған мына хатты оқырмандар назарына ұсына кетуді жөн көрдік. Хат 1956 жылдың мамыр айында СОКП Орталық комитетінің хатшысы А.Аристовқа 1947 жылы Сібірдегі Курейкаға аттанған Красноярск өлкелік партия комитетінің бұрынғы нұсқаушысы Сиротенконың атынан жолданған еді.
Секретарю Центрального
Комитета КПСС
Товарищу Аристову
Аверкию Борисовичу
От бывшего инструктора отдела
пропаганды и агитаций Красноярского
Крайкома КПСС - Сиротенко П.
В январе месяце 1947 года, когда Вы были Секретарем Крайкома КПСС, Вы поручили мне вылететь на север - Дудинка-Курейка и найти носителей двух фамилей: Иванов и Перетокин.
Перепрыгина Лидия Платоновна, 1900 года рождения, начала жить со Сталиным 14 лет, при Сталине родила мальчика, но он прожил недолго и умер. Сталин дал слово жандармам, что когда она достигнет совершеннолетия, он оформит брак с ней. Перед его побегом она осталась беременной и родила мальчика уже без него, которого назвала Александром. Утверждает, что первое время получала от него письма и даже одну карточку, которую по её указанию директор музея Юрин нашел спрятанную на крыше домика в Курейке. А когда прошел слух, что Сталин убит на фронте её посватал Давыдов Яков Семенович и она вышла за него замуж. И только через 4 года, когда ей показали один из портретов Сталина в газете, она узнала в нем отца своего сына, но так как она была замужем теперь за другим то несочла нужным напоминать ему о себе и о своем и его сыне. По моей просьбе Лидия Платоновна передала мне карточку своего сына Александра, которую я и передаю Вас с этим письмом.
Директор Березовского
Карьероуправления
4 мая 1956 года. /Сиротенко/
Красноярск өлкелік партия комитетінің бұрынғы нұсқаушысы Сиротенконың бұл баяндауы біршама жаңа мән-жайлардың ашылуына түрткі болады. Сталин Лидия Платоновна Перепрыгинамен Сібірдегі жер аударылған қонысынан қашып кеткеннен кейін бірнеше рет хат алмасып тұрған, тіпті болашақ халықтар көсемі көңілдес әйеліне суретін жіберген. Сталин майданда өлді деген қауесеттен (азамат соғысы) кейін Лидия Сталиннен туған ұлы Александрмен Яков Давыдов дейтінге күйеуге шығады. Александрдың өгей әкесінің атына жазылуы осы жағдайдан туындаса керек-ті.
Соғыстан кейінгі ауыр жылдарға қарамастан Сібірге, Красноярскіден 1500 шақырым жердегі ит тұмсығы батпайтын ормандағы меңіреу елді мекенге барып, тиісті адамдармен кездесу, қажетті деректер жинау үшін Сиротенкоға бірнеше ай уақыт кетті. Оған арнайы ұшақ бөлінді. Ұшақ бара алмайтын жерге ол жолсеріктермен бірге ит жеккен көлікпен арып-ашып жеткен еді.
Бірақ осы жерде бір сауал туындайды. Сталин арада 30 жылдан астам уақыт өткенде сонау Сібірдегі меңіреу елді мекендегі айдауда жүрген кезіндегі көңілдес әйелін, одан туған баласын неліктен іздеді? Шын жанашырлық ниетпен бе, әлде басқалай себеппен бе? Мақала авторы бұл туралы нақты ештеңе айта алмайды.
Ал 1956 жылы Хрущевтің Сталин тағдырына қатысты аса қызығушылық білдіруінің өзіндік себебі болды. Осы кезеңде Кеңес Одағында жеке басқа табынушылық деген айыппен халықтар көсемін жаппай қаралау науқаны жүріп жатқан еді. Хрущевке о дүниелік болған Сталиннің үстінен компромат жинап, «міне, көрдіңіздер ме, бізді кім басқарғанын, кәмелетке толмаған қызбен әдепсіз моральға жат әрекетке барған...» деген сияқты айыптауларға кезек беру үшін қажет болған сыңайлы. Себебі жоғарыда келтірілген Орталық Комитет хатшысы Аристовтың Хрущевке жолдаған хатында кеңес басшысының «Разослать членам Президиума ЦК, кандидатам в члены Президиума ЦК и секретариям ЦК КПСС» деген, танысқаннан кейін Орталық аппарат қызметкерлерінің (бұл жоғарының нұсқауымен істеледі) «В архив» деген сілтемелері жазылған еді. Сонымен Хрущев дегеніне жетті. Кеңес басшыларын Сталиннің моральға жат қылығымен таныстырды, енді мұрағатқа өткізуге болады.
«Совершенно секретно» газетінде осы мақаланы жариялаған журналист Алексей Богомолов Сталиннің Сібірде дүниеге келген ұлы Александрдың 1987 жылы қайтыс болғанын, одан тараған көсемнің немерелері туралы бірқатар мақалалардың жарияланғанын тілге тиек ете отырып, мұрағаттарда біздің тарихымызға қатысты көптеген құжаттардың өзінің ашылу сәтін күтіп жатқанын айтады. Бұл енді тарихшылардың міндеті.
«Бекзат текті дегдар тұлға еді» атты мақалада Сырдың даңғайыр тұлғаларының бірі Алдаберген Бисенов жайлы жан-жақты айтылған, оның кейінгіге қалдырып кеткен өнегелі де мағыналы өмірі жайлы сыр шертеді.
...Сыр бойының қайраткер азаматы, ауыл шаруашылығы өндірісінің ірі ұйымдастырушы маманы, Социалистік Еңбек Ері Бисенов Алдаберген ағамыздың туғанына 90 жыл толуына арналған тойы өтіп жатыр.
Бұл той - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұны жақсылықтың нышаны деп, жақсы ырымға жатқызуға болады.
Алдаберген ағамыз туралы Сыр бойы қаламгерлері талай-талай кітаптар, мақалалар жазды, ақындар өлең-дастандар арнады.
Бұл - ағамыздың еңбегін көрген, ықыласын сезген, қамқорлығына бөленген адамдардың ыстық ықыласы, жүрекжарды сөзі. Ал адал еңбегімен адамның құрметіне бөленгеннен артық қошемет бар ма адамға?!
Осы жерде сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің «құрмет құрметті адамдарға жасалады» деген сөзін еске алсақ, Алдаберген ағамыздың өмір бойы орны төрде - халықтың құрметті адамы болып өткенін де білгеніміз дұрыс болады.
А.Бисенов ағамыздың арғы тегі - керейт, Қонақбай Сатыпалды, Өтепәлі, оның ішінде кәрі - одан Қошқар, Малай - Ес, Бисен - Алдаберген, Серікбай болып таралады.
Алдабергеннен Қылышбай, Қынәбіл, Жанәбіл, Марат - әрқайсысы бір-бір отау құрып, балалы-шағалы болып өсіп-өркендеп келеді.
Бұрынғылар «орнында бар - оңалар» деп осындай жағдайларды да түйіп айтып кеткен. Білетіндердің айтуына қарағанда, ағамыздың аталары ауылдың жөн білетін беделді кісілері болған, орта шаруа - аздап мал бағып, егін егіп, үй іргесіне бақша егіп, өнімін пайдаланып, өз күнкөрісі өзіне мол жеткендей жағдайы болған. Өз еңбегімен өмір сүрген, ой-ниеті таза, еңбеккер болып өткен. Алдаберген ағамыз осындай ата тәрбиесінде ертерек еңбекке араласып, ата-анасына көмектесіп, еңбекке қалыптасады.
Шаруаның баласы болғасын ба,
Шаруаға айналдым он жасымда.
Майдандағы әкеме оқ жібердім,
Күлшемді айырбастап қорғасынға, - деп, Мұқағали ақын жырлағандай, Алдаберген ағамыз да еңбекпен есейіп, шыныға бастайды. Мектеп жасына жеткен соң ауылдағы «Шымбөгет» орта мектебін оқып бітіреді. 1944 жылы Совет Армиясы қатарына алынып, қолына қару алып, Отан қорғауға атсалысады. Қарша бораған оқтың астында байланысшы қызметінде болып, небір қиын, қырғын кезінде де байланыстың үзілмеуін қамтамасыз етеді. Ұланғайыр майдан жолдарынан өтіп, 1945 жылғы Жеңісті Берлиннің оңтүстік батысындағы Магдебург қаласында қарсы алады. Ұлы Отан соғысындағы еңбегі мен ерлігі ескеріліп, Отан алдындағы борышына адалдығы арқасында І-ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен және бірнеше жауынгерлік медальдармен марапатталады.
Алдекең соғыстан кейін де шекарада қызмет етіп, елге 1951 жылы келді. 1952 жылы Қызылордадағы ауылшаруашылық техникумының механизация бөліміне оқуға түсіп, 1954 жылы үздік дипломмен бітіріп шығады.
Одан соң Қаратөбе МТС-на учаскелік механик болып, кейін Еңбек колхозында инженер-механик болып жұмыс істейді.
Осы жылдары ескі бульдозер, скреперлерді жөндеп, ұзындығы 20 шақырым Тасжарма каналын қаздыруға атсалысады. Тасжарма Еңбек пен Ақарық ауылдарының егістерін суғаруға осы кезге дейін қызмет етуде.
Алдаберген ағамыз жыл өткен сайын тәжірибе жинап, қандай жұмысты да атқара алатын қабілетін көрсете бастайды. Мұны байқаған аудан басшылары 1962 жылы А.Бисеновті «Жаңаталап» совхозы директорының орынбасары етіп қызметке қояды. Көп ұзамай ағамыз совхоз директоры қызметіне кірісті.
Алғашқы 4-5 жылдың ішінде-ақ егілген егіннен жоспарлы өнім алынып, шаруашылық экономикасы көтеріліп, табысы арта бастады. Орталықта тұрғын үйлер, тұрмыстық комбинат салынып, іске қосылды. А.Бисенов Жаңаталап совхозында қызмет етін жүргенде Алматыдағы ауылшаруашылық институтының агрономия факультетін сырттай оқып, бітіріп, жоғары білім алды. Бұл да ол кісінің өмір талабын дер кезінде түсініп, өз қатарларынан қалмай, дер кезінде жоғары білім алудың қажеттілігін түсінген сезімталдығының бірі еді.
1970-ші жыл ағамыздың өміріндегі табысты, қуанышты жыл болды. 1966 жылы әр гектардан, 27 центнер өнім алынса, 1970 жылы егілген 1600 гектар күріштен 49,3 центнерден өнім алынды. Осы жылы совхоз КСРО Министрлер Советімен одақтың кәсіподақ комитетінің мерекелік Құрмет грамотасымен марапатталды.
Ол кісінің іскерлік ізденімпаздығына мысал болатын бір нәрсе - МТС төңірегінде қирап жатқан экскаваторға Красноярсктен керекті қосалқы бөлшектер алдырып, құрастырып, іске қосқанын айтуға болады.
1971 жылы ауылшаруашылық өнімдерін өркендетуде және егіншілік пен мал шаруашылығы өнімдерін мемлекетке сатудың бесжылдық жоспарын орындауда аса көрнекті табыстарға жеткені үшін Сыр саңлақтары - Жалағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Исатай Әбдікәрімов ағамыз, «Жаңаталап» совхозының директоры Алдаберген Бисенов, Жаңақорған ауданы, «Красная звезда» колхозының аға шопаны Ж.Әбжалов және Қызылорда су шаруашылығына қарасты №29 Тасбөгет мехколоннасының скреперисі Б.Серімбетовке КСРО Жоғарғы Кеңесінің 8 сәуір 1971 жылғы Жарлығы бойынша «Социалистік Еңбек Ері» атағы, «Ленин» ордені және орақ пен балға алтын медалі қоса берілді. И.Әбдікәрімов Москвадан «Жұлдыз» тағып оралса, 29 сәуір күні облыстық партия комитетінің мәжіліс залында жиналғандар тік тұрып қарсы алған үш кісіге обкомның бірінші хатшысы Хасан Бектұрғанов наградаларын тапсырып, атақтарымен құттықтады.
Адал еңбектерінің арқасында олардың омыраулары осылай жарқыраған еді. Үшеуінің жүздері жадырап, қуанышта тұрған кезіндегі бірге түскен суреті сол кездегі «Ленин жолы» газетінің 1971 жылы 30 сәуірдегі санында жарияланды.
Ағамыз бір сөзінде «менің кеудеме жұлдыз тағып, абыройға ие болуыма осы елдегі бөлімше бастығы болып қызмет еткен Бердалы Мәмбетов пен Ахатай Рахметовтың едәуір көмегі болды» деп айтып отыратын,- «ол кісілер бұрын шағын колхоздарды басқарған елдің, жердің, судың, каналдардың жайын жетік білетін еді. Осы тәжірибелерін пайдаландым, біраз жұмыстардың жайын үйрендім», - дейтін.
Ешкім де барлық жұмысты бірден біліп, меңгеріп кетпейді, оларды бірте-бірте өмір үйретеді. Осы жерде алдыңғы аға буынның өмір тәжірибесіне сүйеніп, олардан керегін ала білу де Алдаберген сияқты дара басшылардың ғана қолынан келетін жұмыс. Батыр ағамыз осындай үлгі-өнеге беретін өз ағаларының қызметі мен әңгімелеріне 15-16-дағы бозбала кезінен құлақ түріп өсті. Олар жиналған жерге барып, қолдарына су құйып, сүлгі әперіп, қызмет жасады, әңгімелерін тыңдады. Олар Аққұм еліндегі Жаппас, Жүніс, Майданның Жаханы, Балмағамбет Ералы, Бимұрат Салмахан, т.б. еді. Бұлардың барлығы колзоз бастығы, ауыл совет, сельпо бастығы болып қызмет еткен болатын. Жаппас әкеміз Шіркейліден саға алып, ауыл орталығына қарай арық қаздырған. Әуелі Жаппас арық деп, кейін Ақарық деп аталып кеткен. Арықтың екі жағасындағы 70-80 үй, осы арықтан аяқсу алып, бау-бақшаларын суарып, осы кезге дейін игілігін көріп келеді. Алдекең тәрбие де, өмір тәжірибесі де сабақтас дегенді осылай түсініп өсті.
Кім біледі, ағамыздың сол балаң жігіт, бозбала кезінің өзінде жоғарыдағы аталған әке-ағаларымыздай ел басқарсам деген қиял ұшқынының көңіліне орнауы әбден мүмкін ғой. Маған ағамыздың осы қиял арман-ойы келешекте іске асқандай болып көрінеді. Абай айтқан «болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деген сөзі осындай жағдайлардан айтылғаны ақиқат.
Ағамыздың қызмет бабындағы ерекшеліктерінің бірі - берілген тапсырмасын кім қалай орындап жатыр, оны көзімен көрмей, тексермей тыным таппайтыны. «Күріштің машинамен көре алмайтын жерін атпен аралайтын едім», - деп отыратын. Өзі инженер-механик болғандықтан техника саласындағы қызметкерлер ол кісіні өтірік айтып шығарып сала алмайтын. Мал шаруашылығына байланысты жұмыстарды да байыпты біліп, басшылық жасағанын халық осы кезге дейін айтып отырады.
Совет өкіметі жылдарындағы «барлық істің тетігін техниканы меңгерген кадрлар шешеді» деген тұжырымды қорытындының осы кезге дейін маңызын жоймағанын Алдаберген ағамыз сияқты білікті мамандардың қызметінен көруге болады.
1972 жылы Қызылорда облыстық партия комитеті А.Бисеновті Тереңөзек ауданындағы «Қазақстанның 50 жылдығы» атындағы совхозға директор етіп жіберді. Алдекең осы совхозды 1988 жылға дейін басқарды. Бұл совхоз да ірі-ірі экономикалық табыстарға жетті. Күріш егу технологиясын жетілдіруді, бригадаларды еңбек етудің әмбебап жүйесіне көшіруді, орталық қырманды механикаландыруды, жұмысшыларға жалақы төлеудің ресейлік жетілген жүйесіне көшіруді жүзеге асырды. Батыр ағамыз бұл совхоздың мал шаруашылығын, өркендетуде де елеулі табыстарға қол жетікізді. Совхозда 3500 бас ірі қараға арналған мал шаруашылығы кешені салынды. Күніне 3000 литр сүт өткізіліп, етке өткізілген ірі қараның салмағы 400-500 кг дейін жеткізіліп, әр жүз аналықтан 90 бұзау алынып, жоспар артығымен орындалды.
Ауылды гүлдендіріп, қала үлгісіндегі әсем ғимараттармен орталықты көркейтті. Шаруашылық басшыларын көп сөзден көп іске көшіп, қарамағындағыларға тәрбиеші болуға үндеді. Алдекеңнің осы жылдары саяси-теориялық білімі де толысып, «Социалистік Қазақстан» газетіне «Басшы болсаң, тәрбиеші бола біл» деген тақырыппен мақаласы жарияланды. Бұл газеттің 1979 жылғы 3 қазандағы санында жарық көрді.
Совет өкіметі жылдарындағы басшыларға қойылатын басты талаптың бірі - алдымен өз отбасыңды, одан соң бүкіл ұжымды дұрыстыққа тәрбиелеу болатын. Бұл ережені де ағамыз дұрыс түсініп, қызмет еткен жерлерінде халықтың қалыпты тіршілігіне кедергі жасап, кемшілік жібергендердің талайларын тәрбиелеп, дұрыс жолға, жөнге салды.
Газетте Алдекең жазған бас мақала - аудандағы, облыстағы кейбір басшыларға ұнамады. Олардың кейбіреулері көре алмаушылық, қысастық, қызғаныштан жалған арыз ұйымдастырды, обкомның көшпелі бюросында Алдекеңді қызметтер босату да ойларында болды. Бірақ осы бюрода ағамыздың сағы сынған жоқ, қайта ол алған бетінен қайтпай, өзінің ел алдында іске берілген адалдығын дәлелдеп шықты. Осы мәселеге байланысты 1980 жылғы 15 сәуірдегі «Социалистік Қазақстан» газетінде тілші Байжігіт Әбдіразақовтың «Парасаттылық парызы» деген мақаласы ақ-қараның бетін айқара ашып, өмірге сабақ боларлықтай қорытынды жасады.
Кемеңгерлік те, қайраткерлік те, еңбегімен иеленген атақ-абыройы да жетіп-артылатын, алтындай жарқыраған біртуар ағамыз А.Бисенов 2002 жылы 23 маусымда дүниеден өтті.
«Жақсы менен жайсаңнан жан-жағына нұр шашырайды» деген. Еңбек көгінде жұлдыздай жарқыраған ағамыз өмірден өткенмен, оның нұры, жарығы өшкен жоқ. Қайта жыл өткен сайын жарқырап, жайнап келеді. Өмірден өткен адам туралы Мұқағали ақын:
Өмір деген тірлікте сірә жетер ме ой
Жарық сәуледен басқаның бәрі бекер ғой,
Бекер ғой, бәрі бөтен ғой,
Өмір дегенің бір күндік сәуле екен ғой, - дейді.
Бұған:
Мың күндік жорға мініп сүрген дәуірің,
Көрінер түстігіндей ішкен шәйдің, - деген сөзді қоссақ, жоғарыдағы сөздің ауырлығы, қиындығы тереңдей түседі. Мұндай кезеңде адам баласының шарасыздығы да байқалады.
Ілгері заманда өткен ақыл-ойлы дана бабаларымыз «Адам туылғанда өмірге төрт түрлі қасиетпен келеді екен: жақсылығы, жамандығы, ырысы, өміржасы. Мұның бәрі өзінікі, өзгеге өлшем болмайды» деп айтып отырады екен.
Алдекеңнің жеке басының ерекше жаратылысы туралы журналист-жазушы Қ.Данабаев «Рухқа тағзым» деген кітабында: «Ақиқаты да сол, Алдекең тастан құйғандай қайратты да қажырлы кісі болатын. Өмірде оның жасып, жабырқағанын көрдім деп замандастары да айта алмас. Қайта оның қиналған сайын ширыға түсетін қасиеті бар еді. Қауырт жұмыс кезінде де күндіз күлкіні, түнде ұйқыны білмейтін, бір орында отырмайтын, сол кезде жараған сәйгүліктей ширығып, бойындағы бар күш-жігерін егілген егіннің бір дәнін де қалдырмай жинап алуға жұмсайтын. Осы жолға кедергі болып, кесе тұрғандарды - ханды да, қараны да тыңдамай, керек жерінде кесіп айтатын, өзіне де, өзгеге де талап қойып, сол талапты орындатушы еді деп, үзеңгілес болған аға-інілері еске алатын еді» - деп жазады.
Бұл ағамыздың қайрат-қажыры мен ерік-жігеріне берілген жоғары баға деп түсінемін. Өмірге келіп, өз күш-жігерімен бүкіл елге танылып, жарық жұлдыздай болып ағып өткен, сөз қадірін де терең білетін қажымас қайраткер, ар мен намыс туын барынша асқақтата желбіретіп кеткен ержүрек азамат еді.
Алдекең әдемі қартаюдың шет-жағасын көріп, тұз-дәмін татып өтті, бірақ үлкендіктің қиыншылықтарын көрген жоқ. Күш-қуатының мол кезінде өмірі бітіп, дүниеден өтті, бұл да ол кісіге бір жағынан құдіреттің берген абыройы болуы мүмкін.
Ағамыз зейнеткерлікке шыққан соң ауыл орталығындағы атақонысына келіп, жаңа үй салып, көшіп келді. Осы кезден бастап ол кісімен жиі араластым. Құдайы-тойларға бірге бардық, қонақ келсе бір-бірімізді шақырып алып, отырыстарды бірге өткізіп жүрдік. Бірге жүрген адамдардың бір-біріне білімі, ақыл-ойы, адамгершілік тәрбиесі, мінез-құлқы, кісі күтуі, қоғамдық өмір құбылыстарына көзқарасы үйлесіп отыратыны болады. Мұның соңы өзара түсіністікке, сыйлас-сырластыққа, сәлемі түзу жолдастыққа, бара-бара достыққа да айналуы әбден мүмкін. Мұның бәрін айтып отырғаным, Алдаберген ағаммен осындай қарым-қатынаста болдым.
Ол кісінің бойындағы асыл қасиеттерінің бірі - кісі күтуді жақсы көретін, жақсы білетін. Қызылорда облысына келген кезде ағамыздың үйінде Д.Қонаев, Р.Бағланованың қонақта болып, ағамыздың отбасына жақсы тілек тілеп, рахмет айтқанын да талай естідік.
Алдекеңнің және бір ерекшелігі - өнер адамдарына жақындығы, оларды құрметтеп, тыңдайтыны дер едім.
Ол кісі Рүстембек, Әбілда, Балқашбай, Рахмет, Шамшат секілді жүйріктерді тыңдап өсті, өз үйінде талай жырлатты. Осылармен бірге Мырзағали Ақжолов деген дарынды талантты жырауды үйінде жырлатқанда бірге болып, тыңдап риза болған едік.
Алдаберген ағамыздың 90 жылдық ас-тойы үстінде: алтын асықтай ұл мен қыздың анасы, отбасының қанша жел болса да қозғалмайтын алтын-діңгек ұстыны, ағамыздың өмірлік жары, серігі, жолдасы болып өткен Зүбәйра жеңгеміз туралы сөз қозғамау мүмкін емес.
Жеңгеміздің бойында қазақ әйеліне тән ұлттық тәрбиенің тұнып тұрғанын, араласа жүріп көрдік.
Жеңгеміздің ең басты жақсы қасиеті - жайдары, мінезі ашық, кеуілі кең сарайдай дархан, отбасы кіршіксіз таза. Келген қонақты жақсы тамағымен де, ақжарқын ашық қабағымен де қарсы алып күтетін. Соның бәрін күндіз-түні күтіп жайғайтын. Ағайын-туыспен, құда-жекжаттармен қарым-қатынасы, сыйласуы да жоғары дәрежеде болды. Қазақтың ұлттық дәстүр тәрбиесінда әйелдің пірі - өзінің ері. Егер ол еріне адал қызмет етіп, қабақ шытпаса, барлық сауапты содан табады деген ұғым бар.
Зүбәйра жеңгеміздің қасиеттерінің барлығы Алдаберген ағамыздың еңбекте табысқа ие болып, ел-халық алдында беделінің артуына қызмет етті.
Сөзімнің соңын Батыр ағамыз туралы мына өлең жолдарымен аяқтасам:
Жақсының өзі де алтын, сөзі де алтын,
Болады екі дүниеде де жүзі жарқын.
Жарқырап тым алыстан көрінеді,
Өзінің әу бастағы бұзбай қалпын.
Қойылып орталыққа мүсін-бюсті,
Бұрынғыдан жарқыратты мектеп алдын
Сол жарықтан айнала нұр шашырап,
Талайларға тигізер шарапатын.
Осындай ғибратты ұлы жұмыс,
Қуанышқа бөледі Аққұм халқын.
Алтындай жарқыраған ағамыздың,
Ардақтасақ болады - адам атын.
Күндіз ашық күн көзіндей, түнде толған аймен жарық, жұлдыздай жарқырап, ел-халқымен, келер ұрпақтармен тарихтың төрінен орын ала бер, Батыр аға!
«Екі майданның ері»
...Еңбегімен ер атанған, Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері, ауыл шаруашылығының озат ұйымдастырушысы Алдаберген Бисенов көзі тірі болғанда бұл күндері 90 жасқа келер еді.
1926 жылы Жалағаш ауданы, Аққұм ауылында дүниеге келген Алдаберген Бисенов ағамыз Ұлы Отан соғысы басталғанда 15 жасқа енді толған еді. Алдекең де ауыл балалары сияқты асық ойнады, тайға мініп жарысты. Табиғатынан шымыр, әрі өжет болып өсті. Аққұм мектебінде өте жақсы оқыды, әрі колхоз жұмысына да белсене қатысты. Осылайша, Алдекең бір әулеттің келешектен күткен үміті, арман-мұраты, қайрат-жігері еді.
1944 жылы сегізжылдық мектепті бітіріп, енді колхоз жұмысына есепші болып араласа бастаған Алдекеңді Ұлы Отан соғысына қатысу үшін әскерге алды да кетті.
Ұлы Отан соғысын жеңіспен Германияның Магдебург қаласында қарсы алған соң, тағы 6 жыл өмірін әскери қызметке арнады. Соғыста көрсеткен ерліктері үшін 1-2 дәрежелі "Отан соғысы" орденімен марапатталды. Ата-анасының ниетін Алла қабыл етіп, Алдекең әскерден аман келіп, отбасы-отанымен қайта табысты.
1955 жылы Қызылорда ауыл шаруашылығы техникумын техник-механик мамандығы бойынша бітіріп шықты. Әрине, білім алу оңай болған жоқ, кедергілер көп кездесті, бірақ тығырықтан шығар жол тауып, біліктілігі, табандылығының арқасында мамандығы бойынша еңбекке араласты.
Еңбек жолын Жалағаш ауданындағы Мәдениет машина-трактор стансасында бөлімше механигі болып бастаған жігітті 1958 жылы "Еңбек" колхозына бас инженер-механик қызметіне ауыстырады. Осы жылдары Алдекең шөп жинау, жер жырту істеріне өндіріске жаңашылдық енгізіп, өнертапқыштық қырынан таныла бастады.
Талапты жас аудан, облыс басшыларының көзіне тиянақты ісімен көрінді, көп ұзамай 1960 жылы оны "Жаңаталап" ұжымшарына басқарма төрағалығына сайлады, ал кейін осы аталған шаруашылық 1964 жылы совхоз болып құрылып, оны 8 жыл басқарды.
Осы шаруашылықта жүрген кезінде өндірістен қол үзбей қазақтың Ауыл шаруашылығы институтын ғалым-агроном мамандығы бойынша бітіріп шықты.
Ерен еңбегінің арқасында совхоздағы 1300 гектар күріш көлемін 2800 гектарға жеткізіп, әр гектардан 50 центнерге дейін өнім алды. Мал шаруашылығын жолға қойды, шаруашылықтың экономикасы көтерілді, совхоздың көрсеткіштері аудан, облыс, республика көлемінде алдыңғы қатарда болды. Ауыл тұрғындарының әл-ауқаты жақсарды, тәртіп жолға қойылды, білікті басшы өзінің тынымсыз еңбегі арқасында ауыл шаруашылығының барлық саласы бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. 1971 жылдың 8 сәуіріндегі КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен Алдаберген Бисеновке Соцалистік Еңбек Ері атағы берілді.
Сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Хасан Шаяхметұлы Бектұрғанов қалаға жақын жерден үлгі ететін бір шаруашылық жасағысы келді. Ол үшін әрине шаруашылық табысты болуы керек. Қала тұрғындарына сүт, көкөніс, бақша дақылдары жетіспейді. Осыған сәйкес таңдау облыс орталығына жақын Қазақ ССР-нің 50 жылдығы атындағы совхозға түсті. Облыс басшысы ұйымдастырушылық қабілеті бар, халықты соңына ерте білетін, іске берілген Алдаберген Бисеновті таңдады.
Осылайша Алдекең 1972 жылы Қазақстанның 50 жылдығы атындағы совхозға директор болып тағайындалды. Ол кезде егілетін күріш көлемі 2000 гектар, гектарына 30-35 центнерден өнім алып келген еді, мемлекетке орта есеппен 75 мын центнердей астық сатқан. Сүт өндіру аз, мал қорасы ескі, асыл тұқымды мал жоқтың қасы. Оның үстіне құрылыс қарқыны мардымсыз болатын.
Директордың алдында жаңа сүт кешенін салу, мәдениет үйін, асхананы бітіру, ауыл тұрғындарына жағдай жасап әл-ауқатын көтеру, егіс көлемін арттыру міндеттері тұрды.
Бұл 1975 жылдың қараша айы болатын. Мен 11 қараша күні облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына бастықтың құрылыс жөніндегі орынбасары болып қызметке кіріскенмін. Ертеңіне 12 қараша күні облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Рябов Вячеслав Васильевич телефон соғып:
- Нұрлыбай, сен казір Тереңөзек ауданы, Қазақстаның 50 жылдығы атындағы совхозға барып, директормен кездес. Проблемаларын анықтап, шара қолдан, сосын маған айтарсың! - деді.
Ойыма жұмысқа қабылдар алдында обкомның бюро мүшелерінде болғанымда обкомның екінші хатшысы Сәрсенбаев Сұлтан Момынұлының аталған совхозда тауарлы-сүт кешенінің салынып жатқаны, соны бақылауыңа ал, көмектес деген сөзі есіме түсті.
Сонымен кеңшардың кеңсесіне келсем партия ұйымының хатшысы Сражадин Балмағамбетов отыр екен. Өзімді таныстырып, Алдекеңді сұрадым.
- Ол сүт кешенінде жүр, ертіп барайын, - деді.
Амандық сұрап, танысқан соң, Алдекең: «Обком да қызық, жұмысқа кеше ғана кіріскен адамды жібере ме екен?!», - деді.
- Аға, айта беріңіз, не проблемалар бар, ерте ме, кеш пе мен айналысуым керек, бұл жұмыстар менің қызметтік міндетіме кіреді, - дедім.
- Жылқыбай, әй, Жылқыбай, - деп Алдекең әлдекімді дауыстап шақырды. Бұл жігіт совхоздың бас электригі екен. Кездесу барысында байқағаным,техникалық жағынан сауатты, істеліп жатқан жұмыстардың ретін білетін, әрі Алдекеңнің сенімді адамы екен. Төртеуміз сүт кешенін түгел аралап шыққан соң:
- Аға, маған бір күн мерзім уақыт беріңіз, ертең мен барлық мердігер мекемелердің басшыларын осы жерге шақырып қайта келемін, тиісті шара қолданамын, - дедім.
Ертеңіне «Қызылордасельстрой» тресінің 1608-ЖМК бастығы Ыбырай Сейпұлов ағамыз және қосалқы мердігер мекемелердің басшыларымен кездесіп, ақауы бар жерлерді жөндейтін болып келістік, бітіру мерзімін белгіледік. Негізгі кемшілік салынып жатқан құрылыстағы малдың қиын айдайтын және жиналатын траншеялардағы судың тұрмауы еді. Жаңа технология бойынша облыста бірінші қолға алынған жоба. Бірнеше айқайдан кейін, ақыры жөндедік. Қорытындысын Алдекең өзі көріп, істеуге болады екен деп тұжырым жасады.
- Маған тағы бір жәрдемің керек, - деді Алдекең.
- Иә, айта беріңіз!
- Бұл сүт кешені біткенше ашық таза ауада сиырларды сауатын көлеңке (навес) астауымен салдыртып бер, мәдениет үйінің құрылысын да бітіруге көмектессең...
- Ойланып көрейін, шешімін айтамын. Ол қаржы жағынан да, қажет құрылыс материалдары жағынан да біраз жұмыс еді.
Мамандарға есептетіп, жоба жасатып, жедел түрде бұл ұсынысын да орындап бердім, ал 400 орындық мәдениет үйі және сүт кешені 1976 жылы пайдалануға берілді.
Көп ұзамай обкомның екінші хатшысы менен істелініп жатқан жұмыстар туралы мәлімет алды да, Қазақстанның 50 жылдығы және Киров атындағы совхоздардың директорларын ертіп Целиноград облысына іссапарға баруды тапсырды. Сол жақтағы сүт өндіру технологияларын көріп, жаңалықтарын өзімізде ендіруді зерттейтін болдық.
Обкомның тапсырмасы бойынша 50 жылдықтан - Алдекең, Жылқыбай, Кировтан Өзбекбай Досмағамбетов маманымен, Целиноград қаласының төңірегіндегі совхоздардың құрылыстарын 2-3 күн аралап көріп қайттық. Келгеннен кейін Алдекең механикаландырған сүт кешенін істетті, қиды насоспен (самосплав системы навозоудаления) далаға айдатты. Жемшөпті турап, булап беруді шешті, азық цехын іске қосты, асыл тұқымды малды көбейтті, сауыншыларға барлық жағдайды жасады. Жалпы аталған кешенде жас төл, бұзау барлығын қосқанда 3000 басқа дейін сиыр ұсталды.
Шаруашылықтың экономикасы көтеріліп, ауылдағы тауарлы-сүт кешені облысқа өнеге боларлық деңгейге жетті. Облыстық семинар өз дәрежесінде өтті.
Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаев, обкомның бірінші хатшысы Исатай Әбдікәрімов ағаларымыз совхозда болып, көптеген жұмыстарды - мәдениет үйі, сауда орталығы, сауын сүт кешені, машина-трактор шеберханасын көріп, ризашылықтарын білдірді.
Алдекең алдына қойған максатын орындады да, күріш егісінің көлемі 3300 гектарға жетті, өнім гектарына 50 центнерден кем болған жоқ, асыл тұқымды сауын сиыр 600-800 басқа өсті, тәулігіне 7-8 тоннаға дейін сүт сауылып тұрды.
Істеліп жатқан жұмыстарды тағы бір көруге келгенімде Алдекең, қырманда екен, бұл 1977 жылдың күз айы еді.
- Рахмет саған, Нұрлыбай, - деді Алдекең. - Әдепкі сені көргенімде жассынып, "осының жұмысы қалай болар екен" деп ойлағанмын. Жоқ, сен менің айтқан ұсынысымның бәрін орындадың. Жүр, вагон-асханадан шәй ішіп отырып әңгімелесейік!
Мен де жүрегімдегі шын сөзімді айттым. - Алдеке, Сіздің тәжірибеңіз, талапшылдығыңыз, әр нәрсеге өзіңіз көз жеткізбейінше сенбейтініңіз маған өмірлік сабақ болды. Мен сізден көп нәрсе үйрендім, - деп мен де рахметімді айттым.
Иә, Алдекеңнің істері мен ерен еңбегі, халыққа қамқорлығы өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік маңызы зор. Ол отбасында да үлгі-өнеге көрсете білді. Зүбайра апай екеуі 9 бала тәрбиелеп өсірді. Олар тәлімді тәрбиенің арқасында өмірден өздерінің лайықты орындарын тапты.
Осындай аяулы азамат 2002 жылы Жалағаш ауданы, Аққұм ауылында дүниеден озды. Оның өнегелі өмірі мен халыққа жасаған ерен еңбегі туралы "Нартұлға", "Рухқа тағзым", "Аққұм - атақоныс", "Батырлар басқарған ауыл" атты естелік кітаптар баспадан шықты.
"Жақсының көзі кеткенмен, аты өшпейді" - дегендей, осындай абзал азаматты мәңгілік есте сақтау мақсатында "Аққұм" ауылын "Алдаберген Бисенов" ауылы деп атаса деген ұсынысымыз бар. Оны ауыл шаруашылығының ардагерлері қолдап отыр, халық қашанда арда туған азаматтарын ардақтап өткен.
.
«Ел есіндегі қайраткер»
...Аққұм ауылының киелі топырағынан шыққан, бақытын еңбектен тапқан азаматтар көп. Солардың қатарында бірнеше шаруашылықтарға басшылық жасап, аудан экономикасын дамытуға атсалысқан Социалистік Еңбек ері Алдаберген Бисеновтің есімі ел арасында құрметпен аталады. Ол 1926 жылы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы Аққұм ауылында дүниеге келген. Сегізжылдық мектепті бітірісімен колхоз жұмысына араласқан. 1944 жылы Ұлы Отан соғысына қатысып, 1951 жылға дейін шекаралық әскер белімінде қызмет атқарады.
1952-1955 жылдары Қызылорда ауылшаруашылық техникумын үздік бітіріп, еңбек жолын Жалағаш ауданының Мәдениет МТС-нің, Жалағаш МТС-нің, Еңбек колхозының бас инженері болып қызмет атқарады. 1962 жылы ауданның «Жаңаталап» совхозында директор болды. Алдаберген ағамыз басқарған жылдары бұл шаруашылық, ауыл шаруашылық өнімдерін өндірудің қай саласынан болса да алдыңғы қатарына қосылды.
1970 жылы шаруашылық жақсы көрсеткіштері үшін КСРО Министрлер кеңесі мен БПРОК-тың арнаулы дипломын алып «Құрмет грамотасымен» марапатталады. Егін шаруашылығын механикаландыру, жаңа техника жетістіктерін пайдалану жалпы ғылыми жаңалыққа деген құштарлығының нәтижесінде бұл шаруашылық облыс, республика көлеміне танылды.
1971 жылы Алдаберген Бисеновке бесжылдықтың қорытындысы бойынша КСРО Жоғарғы Кеңесі төрағасының Жарлығымен «Социалистік Еңбек Ері» құрметті атағы беріліп, «Ленин» ордені тапсырылды. Сол кездері Қазақстан Министрлер Кеңесі әрбір облыста, келген қонақпен төңіректегі елге өнеге болатындай совхоз болу керек деген ұйғарым жасаған ғой. Қызылорда облысындағы шаруашылықтардың ыңғайын қарастырып келгенде ең қолайлысы Қазақстанның 50 жылдығы атындағы шаруашылық болған. А.Бисенов 1972 жылдан Тереңөзек ауданы (қазіргі Сырдария) Қазақ ССР-ның 50 жылдығы (қазіргі Н.Ілиясов) атындағы совхозға зейнеткерлікке шыққанға дейін үздіксіз 17 жыл басқарды. Бұл уақыт аралығында егін шаруашылығын 2600 гектардан 3500 гектар көлеміне, әр гектардан 30-35 центнерден 50 центнердің үстіне, яғни 75 мың центнер орнына 150 мың центнер астық тапсырылды. Мал шаруашылығында жетістіктерге жетті.
Сол кездері Украина, Беларусь Республикаларынан асыл тұқымды мал алдырды. Соның нәтижесінде шаруашылық облыстың ВЦСПС-тің ауыспалы туын бірнеше рет жеңіп алды. Бесжылдықтар қорытындыларымен республикалық ауылшаруашылық көрмесінде «Қазақ ССР-ның 50 жылдығы» атындағы совхоздың аты «алтын» әріппен жазылды. Осыншама атақ, даңқ, абырой жетістіктер оңай келген жоқ. Бұл табысқа батыр ағамыз ыждағаттылығы, қатаң тәртібі, талап қоя білуі, маман кадрларды дұрыс таңдап, жұмсауының нәтижесінде қол жеткізді. Алдаберген ағамызбен сол кездері бірге қызмет атқарғанымды өзім мақтан тұтамын. Ол кісінің әрбір тапсырмасын айтқанындай орындауға тырысатынбыз. Көзбен көрмей, ешкімге сенбейтін. Таңертең ауылдағы қай саланың маманына қандай тапсырма берсе, кешке орындағанымыз туралы ақпарын беретін едік, соның бәріне уақыт тауып үлгіретін. Берген тапсырмаларын артығымен орындауға тырысып, таңғы сағат 6-да сауын басында болып, түнгі сағат 12-де демалуға келеміз. Егін шаруашылығы көктемде егінді егерде, күзде жинауда - науқан, қыста демалады. Ал мал шаруашылығында жыл он екі ай науқан жұмыстары жүріп жатады.
Сондай жұмыстардың арқасында ауылдың мәдени-тұрмыстық, әлеуметтік және экономикалық жағдайы жақсарды. Сол ауылдағы 400-дей отбасындағы еңбектеген баладан еңкейген қарттарына дейін жақсы біліп, әлеуметтік жағдайларына да көмектесіп отырды. Ауылда қаншама игілікті істердің атқарылуы батыр ағамыздың тәжірибесі, ақылы, қайраты, тынымсыз еңбегі, талапшылдығы мен ыждағаттылығының арқасы деп білемін. Ағамыз зейнеткерлікке шығып, арада 3-4 жыл өткенде Н.Ілиясов ауылына келіп, аралап көрді. Мал шаруашылығы кешені жанында орналасқан үлкен ғимарат мал бордақылау алаңы бұзылып, тек бетон қоршауы ғана қалғанын көріп: - Мыналар не істеген-ай, не істеген? - деп қатты ашуланғанын өз көзіммен көрдім.
Қазіргі кезде сол ауылдан заманауи нақыштарға толы мекен келбетін көреміз. Ауылдың осындай жетістігіне Алдаберген Бисеновтің де қомақты үлес қосқанын мақтанышпен айта аламыз. Ол кісі өте еңбексүйгіш, еңбекке ғашық жасампаз адам еді. Батыр ағамыз қандай іске болса да, шығармашылықпен өз колтаңбасын қалдырып отырды.
Ол тәрбиеші ұстаз еді. Қоршаған ортаға, ауыл-аймаққа өмір сабақтарын үйреткен тәлімгер. Ел басына күн туған Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгер. Соғыстан күйзелген шаруашылықты қалпына келтіруге, ауыл жағдайын жақсартуға барынша мол үлес қосты. Жасынан бейнет көріп, еңбекті өмірінің мәні деп түсінді. Басшылық қызметте жүрген кезіндегі қаталдық, талап етушілікті өмірді сүйгендіктен деп білеміз. Ол кемшіліктерге, жалқаулыққа, көзбояушылыққа төзген жоқ. Сонысымен де батыр ағамыз елдің құрметіне бөленді. Өзі басқарған шаруашылықты істің көзін тауып, ілгері жылжытты. Асқар таулар алыстаған сайын асқақтайды. Арамыздан кеткеніне 14-15 жылдай болған абзал ағамыздың бейнесі, өмір жолы мен қызметі бізге өмір сүруді, еңбек етуді үйретеді. Тәуелсіз Қазақстанның келешегін ата-баба дәстүрінен, тәжірибесінен нәр алған жастар жасайды. Олай болса, Еңбек ері Алдаберген ағаның ісі де мәңгілік. Оның өмір жолы мен қызметі жастар үшін әрқашанда үлгі-өнеге.
Тоқсан ауыз сөзіміздің тобықтай түйіні бүгінде жер-жерде атақты ауыл батырлары мен билерінің есімдерін елді мекендерге беріп жатыр. Ағамызға көзі тірі кезінде Қазақстанның 50 жылдығы атындағы ауылдан бір көшенің аты берілді. Енді туған ауылына Алдаберген Бисенов есімі берілсе, ер еңбегінің ұлықталғаны болар еді. Аққұм ауылы тұрғындарының тілегі осы. Бұрындары ауылдың аты сол ауылға белгілі, құрметті ауыл ақсақалының, би болыстарының атымен аталады екен. Бұқарбай батыр ауылы, Мөрәлі Шәменов ауылы, Кеңес Одағының Батыры Нағи Iлиясов ауылдарының қатарында Еңбек Ері Алдаберген Бисенов ауылы тұрса ерлер есімі ел есінде қалары анық.
«Сыр брендін сыртқа қалай танытамыз?» атты мақалада тілші өңірдің жетістіктерін, перспективаларын сөз еткен. Таяу жылдарда Сыр бренді не болуы мүмкін деген сауалдарға осыған сараптамалық ой тұрғысынан қарайды, ұсыныстарын ортаға салады.
...Бүгінгі таңда еліміздің әлемдік аренада танымал бола түсуі үшін көптеген шаралар жүзеге асырылуда. Қазақ халқының дәстүрі, мәдениеті және бүгінгі өмірі туралы, табиғи байлығы, экономикалық күш-қуаты жөнінде халықаралық басылымдарда мақалалар жарияланып, бейнероликер көрсетілуде. Халықаралық конференциялар, форумдар және басқа да имидждік шаралар ұйымдастырылуда, оның ішінде ең ірісі, күн өткен сайын жақындап келе жатқан «ЭКСПО-2017» көрмесі де бар.
Статистика көрсетілгендей, жоғарыда жасалған жмыстардың пайдасы тиюде. Соңғы жылдары Қазақстанға келіп жатқан инвестиция айтарлықтай ұлғайды. Инвестиция тартудағы басты мақсат - ел экономикасын, оның ең маңызды салалары - өндірістік, мәдени және әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту болып табылады. Оның нәтижесінде халықтың өмір сүру деңгейі көтеріледі. Соңғы бес жылда жыл сайын Қазақстанға 20 млрд доллар шамасында инвестиция тартылып келді. Соңғы он жылда шамамен 215 млрд доллардай инвестиция құйылған. 2015 жылдың өзінде жалпы құны 6 млрд доллардан асатын 124 инвестициялық құжаттарға қол қойылды. Негізгі бес инвестор мемлекеттер тізіміндегілер Нидерланды, АҚШ, Швейцария, ҚХР және Франция. Бүгінгі таңда Қазақстанда өңдеу саласында 140-тан астам шетелдік инвесторлар жұмыс жүргізуде. Олардың күшімен жалпы құны 6 млрд доллар шамасындағы 150-дей жоба жүзеге асырылып, 20 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды.
«ЭКСПО» елордасы - Астанада өтетін болғанымен, оның әсері барша Қазақстанның өңірлеріне сезілуі керек. Бұл Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы. Елбасы осы мәселені де сынға алғаны есте. «Көрме - Қазақстанды, еліміздің мүмкіндіктерін бүкіл әлемге көрсететін басты жоба. Демек, «ЭКСПО» қонақтарын қарсы алуға Астана ғана емес, Қазақстанның қайталанбас қолтаңбасы бар өңірлері де дайын болуы тиіс 2017 жылы өтетін ЭКСПО халықаралық көрмесінің жоспарына Сыр бойының туристік аймақ ретінде қосылуы, әрине, облысымыздың шет елдерге кеңінен танылуына септігін тигізері сөзсіз.
Туризм - қазіргі экономиканың қызықты да пайдалы салаларының бірі. Ол тұрғындардың тұрмыстық ахуалын жақсартады, қоршаған ортаны және халықтың мәдени жағдайын ұлғайтуға көмектеседі. Туризмді дамыту экономиканың мынадай түрлерін өрістетуге ықпал етеді - транспорт, байланыс, сауда, құрылыс, ауыл шаруашылығы, халық тұтынатын тауарларды өндіру және экономиканың перспективалық бағытын құрайды. Ол үшін туристер ағынын жолға қоя білу керек болады. Оның бір жолы туристік бренд қалыптастыру.
Бренд деген не? Сауда маркасы ма? Керемет тауар немесе қызмет пе? Өзгеше технология ма? Қазiргi кезде бренд болып табылмайтындарды тiзiп шығу әлдеқайда жеңiл. Олай дейтін себебіміз, барлық әлемдiк дiндер мен секталар, көркемсурет пен музыка, қалалар мен елдер адамдар арасындағы қарым-қатынас, адамдардың өзi, телебағдарламалар мен телеарналар уақыттар мен халықтар - осының бәрi бренд болып табылады. Брендке нақтылы анықтама беру өте күрделi. Өйткенi тауар, қызмет көрсету, бiрдеңемен шұғылдану, өмiр сүру деңгейi, басқа да көптеген нәрселердiң бәрi бренд болып табылады.
Кез келген тауар белгілі бренд бола бермейді, ол үшін тауар нарықта беделге ие болып, өнім жоғары сапасымен тұтынушылардың сеніміне кіруі қажет. Бренд құру үлкен шығынды талап етеді. Дегенмен, туристік бренд - туристер ағымын тартатын сол аймақтың әйгілі табиғи, мәдени-тарихи нысаны не кешені бола алады.
Елімізде «Сыр - Алаштың анасы», «Сыр елі - жыр елі», «Ырысты, күрішті - Қызылорда», «Сырда тұнық Сырдария» секілді түсініктер Сыр өңірінің ерекшеліктерін танытатыны анық. Сол себепті Сыр елінің негізгі брендтері деп нені атай аламыз және аймақ имиджін танытушылар деген сұрақтың туындайтындығы да сөзсіз. Қызылорда дегенде қазақстандықтар үшін ең басты есіне түсетіні - күріш. Оның сапалық белгісін тек Қазақстан Республикасында ғана емес, жақын және алыс шет ел мемлекеттерінде мойындалған. Бұрындары бүкіл Кеңестер мемлекетін таңқалдырған Сырдың дәмі тіл үйіретін қара, сары қауындары мен балығы. Ғылыми-техникалық прогрестің белгісі - алғашқы жер серігінің ұшуы, адамзат тарихында тұңғыш рет адамның ғарышқа аттануы, ғарыш саяхатшысының тұңғыш сапары өткен «Байқоңыр» ғарыш айлағын атап кете аламыз. Күллі түркі халықтарының ортақ қасиетті зиярат орындарының бірі саналатын «Қорқыт ата» ескерткішінің де орны ерекше. Сыр елінің әлемге танымал жыраулық өнерін де айта аламыз.
Қармақшы ауданы Сыр өңірінің екі бренді «Ғарыш айлағы» және түркі халықтарының абызы, ойшыл данасы Қорқыт ата мекені болып табылады «Байқоңыр» ғарыш айлағы мен «Қорқыт» кешені - Қызылорданың бренді. Бұл нысандар сондай-ақ, Халықаралық «EXPO-2017» көрмесінде Қазақстанның айтулы да айшықты орны ретінде паш етілмек.
ЭКСПО көрмесіне келушілердің 85 пайызы өз отандастарымыз болады екен. Ал шетелдік туристер тек Астанадағы көрме павильондарында ғана болмайды, олардың бір бөлігі әртүрлі бағыттарда еліміздің өзге өңірлеріне барады. Оған өзіміздің Сыр өңірі де әзірліктер жасап жатыр. Ел қонақтары Байқоңырға, Қорқыт баба кесенесіне, Қамбаштағы тынығу жағажайына келіп қалуы мүмкін. Облыстың солтүстік-батысында экотуризм саласы қарыштап даму үстінде. Қазірдің өзінде Қамбаш көліне келіп, суға шомылып, демалушылар қатары көршілес облыстардың ғана емес, сонымен қатар, Ресей туристерімен толығуы бұл істің болашағы жарқын екендігін дәлелдейтіндей.
Осы орайда қазақтың қаймағы түзілген өңірде біз барлық ұлттық салт-дәстүрмен, қазақы қонақжайлылығымызбен күтіп, шығарып салуға дайын болуымыз қажет. Қазақтардың қандай халық екендігін осы жерден жақсы танып, әдемі әсерде кетуі керек. Оған Сыр елі халқының мүмкіндіктері мол деп есептейміз. Шетелдіктерді барынша ұлттық нақыштағы кез келген сыйлықтар, құндылықтар, зергерлік бұйымдар қызықтырады. Солардан әйтеуір бір зат алып кеткісі келіп тұрады. Түйеге мініп суретке түсу, атсейістерін тамашалау, бүркітпен аң аулау, қазақтың ас мәзірлері -қазы, қарта, бауырсақ, құрт, жент, шұбат ішіп-жеу тартымдылығы, қазақтың түйе палуандарының белдесулерін көру, күміс көмей әншілерін тыңдау, алтыбақан тебу секілді ойындарына қатысу арман да болуы мүмкін. Түрлі ұлттық сувенирлер, домбыра, қобыз жасайтын шиелілік шеберлердің де қолдары осындай тұста жүретіні анық. Жоғарыда аталған дүниелердің арасынан Сыр елінің бренді деп атауға жарайтындары айшықталатын болады.
«ЭКСПО» көрмесі аяқталғаннан кейін де өмір тоқтап қалмайды. 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымдық даму бағдарламасына сәйкес елге келетін және ішкі туризмді одан әрі дамытуға бағытталған туризм инфрақұрылымын құру бойынша шаралар жүзеге асырылуда. Туристік кластерлердің инфрақұрылымын дамыту үшін табиғаттың көрікті жерлері мен тарихи-мәдени мұралар нысандарына апаратын автомобиль жолдарын жөндеу және қайта жаңарту, қазіргі бар теміржол инфрақұрылымын жаңғырту, қазіргі бар әуежайларды жаңғырту және жаңаларын салу, шағын авиацияны дамыту үшін жағдайлар жасау, сондай-ақ, қазірде басталып кеткен жобаларды жүзеге асыру мәселелері қарастырылуда. Көптеген жұмыс орындарын құру мүмкіндігі туристік инфрақұрылымды дамытудың негізгі артықшылығы болып табылады. Осы реттте сарапшылардың туризмде бір жұмыс орнын ашуға кететін шығын өнеркәсіптегіге қарағанда 10 есе аз кететіні туралы айтатынын еске сала кеткіміз келеді.
Ішкі туризмді дамытуда көрші облыстар тәжірибелерін де пайдаланған артықтық етпейді. Сыр өңірінің тартымды аймақтары туралы бейнероликтер түсіріп, жарнамалық материалдар жазып, басқа облыстар телеарналары мен басылымдарында насихаттауды жүзеге асыра берген дұрыс болар еді.
Бұл естеліктің де оқырманына берері мол. «Алпыс үш жыл бұрынғы айыбымды өтеп келемін...» атты әңгімеде сонау бір қиын-қыстау уақыттың оқиғасы әңгіме болады.
...Күз айы еді. Күн борасындау. «Бөген» елді мекенінен автобусқа отырдым. Бұл баяғы, 1921 жылы, пролетариат көсемі В.Ленин Арал балықшыларына хат жолдап, «Аштыққа ұшыраған Поволжье халқына жомарт қолдарыңды созыңдар» деп өтініш еткенде айрықша үлес қосқан ауыл-ды.
Жаныма етжеңді кісі жайғасты. Көптен таныспыз. Қайып Сүлейменов.
Қазір Қызылордада, жасы сексенге таяп қалған. Өзі «Бөгеннен» 7-8 шақырым аралықтағы 20-30 үйлі, теңіз жағасындағы «Тәуір» қыстағында туып-өскен. Әкесі Есенов Сүлейменнің кәсібі балықшы екен. В.Ильич хатына жауап ретінде 2,5 ай аулаған балығын тегіннен-тегін бергендердің бірі.
- Жалғыз біздің әкей ме?! - деді Қайып күліп, - Сағындық, Төлеген, Әбдікәрім және өзгелері де күзгі абыржымен алысып жүріп, жанқиярлықпен еңбек еткен. Сонан бері де зулап 95 жыл өте шығыпты-ау!
- Жас кезіңде ойнақ салған атамекенге тағзым еткелі келген боларсыз, ә?!
- Жоқ-ә? Қазір «Тәуірде» де, онымен іргелес «Қызыл қайырда» да ел жоқ. Бұл жолы 63 жыл бұрынғы айыбымды өтегелі келгем. Соны өтеп көңілім тыншып қайтып барамын.
- Қалай дедіңіз? - деп оның әжімсіз ажарына таңдана қарап қалыппын.
Айыбы несі? Және алпыс үш жыл бұрынғы дейді. Бұл жақта айыптыларды қамайтын түрме жоқ қой.
Ол да маған тесіле қалды.
- Әй, балалық-ай!... Әлде әсіре қызығу ма? «Тәуірде» аралас заттар дүкені болды. 1948 жылы ғой. Соғыстан кейінгі халық шаруашылығы қалпына келмеген қиындау кез. Ашқұрсақпыз. Киім-кешек тапшы. Үлкен галошты кезек-кезек сүйретеміз. Қалың қарда мектепке қарай жалаң аяқ жүгірдік те. Осындай күндердің бірінде дүкенге тәпішкі түсіпті деді. Қазіргі үй ішінде киетін жеңіл аяқ киім. Оны кию бізге арман. Онша қымбат та емес. Бірақ аларға ақша жоқ. Бесінші сыныптамын. «Кіші түбектегі» жетіжылдық мектепке жаяу қатынап оқимын. Дүкенші Жұпан есімді ағай. Соғыстан қайтқан майдангер. Әкесі Тәжімбет ишан мешіт ұстаған деседі. Өзімше жоспар құрдым. Іңір қараңғысы. Қарауылда туыстас інім Әділхан тұрды. Дүкеннің үп-үлкен терезесін оп-оңай аштым. Сөйтіп тәпішкінің 4-5 парын қойынға тықтым. Терезе әйнегін қайта жауып, тайып тұрдық... Сыбағама екі пары тиді. Есік алдына келгенде бір тылсым «Тоқта!» деп жекіргендей болды.
Ал үйге кірем: «Қайдан алдың?» дейді. Ақша жоғы аян. Не деймін? Ал мектепке киіп барам. «Әдемі» екен дейді. «Бағасы қанша?» дейді. Не деймін?! Құрысын, басым қатты. Қораны айналып жүрмін. Анам тысқа шықты.
- Әлгі Қайып қайда жүр? Қараңғы түсті. Іздесеңдерші! - дейді.
Бетім-ай! Содан қораның қуысына, шөп-шалаңның арасына екі пар тәпішкіні тыға салдым.
Жетіжылдықтан соң Аралға келіп, нағашымның үйіне жатып №13 мектепте оқуымды жалғастырдым. Аттестатқа ие болғасын шоферлық курста оқып, Арал автобазасында 10 жыл жүк машинасын жүргіздім. 1967 жылы Қызылордаға көшіп №1 автобазада шофер мамандығым бойынша ұзақ жыл еңбектендім. Осында партия қатарына өттім. Жұмысым жақсарды. «Қайып-Қайып» атандым. Автобаза басқармасының «Құрметті тақтасына» суретім ілінді. «Оныншы бесжылдықтың екпіндісі» «Социалистік жарыстың 1974-1975 жылдардағы жеңімпазы» төсбелгісін омырауыма тақтым. Машинамның маңдайында «Еңбек озаты» жалаушасы желбіреп тұрды. Мереке сайын Алғыс хат пен ақшалай сыйлық алдым. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекелік медалімен марапатталдым. Үйлі-баранды, бала-шағалы болдым. Зейнетке шықтым. Тыл ардагерімін.
Десе де, «ұрлығым» ойымнан кетпейді. Жүрегіме қара дақ болып жабысты да қалды. Қалай құтылам? Сұрастырсам, Жұпан аға дүниеден озған. Қымбат жеңгей сол қара шаңырақта отыр десті... «Бөгенге» жедел келіп, мешітке соғып аға рухына құран оқыттым. Бір қызығы әлгі мешіт Тәжімбет ишанның атында екен де, Жұпан ағаның Әнуарбек есімді баласы сонда имам екен. Қымбат жеңгеме барып сәлем бердім. Осылай да осылай деп «жырлап» тәпішкінің құнын әлденеше өсімімен айыппұлымды төлеп, «мені кешір, батаңды бер» дедім.
- Ой-й, айналайын-ай, - деді жеңгей сөз төркінін түсініп, - пәленбай жылғы балалық шалысыңды ұмытпай, алдыма келіп тұрған саған рахмет. Кештім, кешірдім, жай қолыңды деп ақ батасын берді.
* * *
Қамыстыбас стансасына жеткесін Қайып мырза автобустан түсіп қалды... Көзден таса болғанша терезеден қарап отырдым. Баяғы етженді, ауыр денесі жеңілденіп, қанат байлап ұшып бара жатқандай елестеді... «Иманды адам - ибалы адам» демекші, жол үстінде кейіпкердің өз аузынан есіткен хикаяны әлдекімдерге үлгі болса деген игі ниетпен қағазға түсірдім.
«Жайық пен Сырдың сырбазы» атты мақалада автор адам бойындағы асыл қасиеттерді әдемі айшықтайды.
...Алды-артына қарамай өтіп жатқан күндер-ай! Бұл азаматтан көз жазғанымыз күні кеше сияқты еді, сол бір өксікті, өкінішті сәттерден бері бір жылдың жүзі болыпты. Иә, үлкен жүректің тоқтағанына да, оны елі аһ ұрып жоқтағанына да, азаматтың ақ жүзін қара топырақтың жапқанына да, міне, он екі айдың жүзі толды...
Жыл болды үлкен жүрек соқпағалы,
Жыл толды өмір-өзен ақпағалы.
Ел-жұрты, туған халқы жоқтап отыр,
Туған жер азаматын жоқтар әлі...
Бір сәт өткенді «тірілтер» болсақ, қазақ ардағы мен боздағын азаламай, жоқтаусыз қалдырмаған. Бірер уәж - Шыңғысхан әскерлерінің жорығынан мерт болған Отырар қаласының әмірі (әкімі) Хайырханды халқы бір жыл бойы үзіліссіз жоқтаған. Ұлы Шоқан, Абайдың баласы Әбдірахман, аға сұлтан Ерденнің жалғыз ұлы өмірден озғанда да ел-халқы оларды жыл бойы жоқтап, ұлттық ғұрыппен қадірлеген. Өлген жанның қазір жетілігін, қырқын, жүзін, жылын атау дәстүрінің шығу тегі - жоқтау.
Осындай ғұрыппен жыл бойы жоқталып, аруағына ас беріліп отырған мына азамат Ақжайық пен сұлу Сырдың сырбазы атанған Болат Төрәліұлы Тілесов еді. Ол өткен жылдың қаһарлы күндерінде ауыр науқастың қыспағынан 75 жасында кенеттен көз жұмған болатын.
Қазақ қаламгерлері көрнекті ақын Сырбай Мәуленовтің бір қасиетін жыр ғып айтады. Ол өмірі адам баласын жамандамайды екен. Сондай жан біздің арамызда да бар. Бізден бірер көйлекті бұрын тоздырған Арғын Садықұлы да сондай жан. Бірде оның әлгіндей жағымды мінезінің куәсі болдым. Осындағы политехникумды ұзақ жыл басқарып, ұстаздық еткен ол қызметтес болған әріптестерінің біразының атын атап, олар туралы бірыңғай жағымды лебіздер айтты:
- Болат Тілесов қайтыс боп кетті. Нағыз еркек еді. Өзі Оралдың, Ақжайықтың тумасы болатын. Артық сөзі, оғаш мінез-әрекеті жоқ, ақырын жүріп, анық басатын, дос-жаранға, шәкірттеріне мейірім-шапағатын төгіп тұратын, адалдықтың ақ туын асқақ ұстайтын жігіт-тін. Ұжымдағы білімді, мәдениетті ұстаздардың, абыройлы жандардың көшін бастайтын да сол болатын.
Оқу орнының еңбегі сіңген бұрынғы басшысы айтқандай, Болат Төрәліұлы 1940 жылы Ақжайық аймағында (Орал облысы Казталовка ауданы) дүниеге келді. 1957 жылы осындағы орта мектепті бітірген соң әскери парызын өтеуге аттанып, одан оралған соң 1963 жылы Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтының механика факультетіне оқуға түседі.
Болат ата-анасынан ерте айырылып, жетімдіктің тауқыметінен қиындық көрген соң, Орал қаласындағы өзі қалаған мамандығын беретін жоғары оқу орнына ауысып, оны 1968 жылы бітіріп, жоғары білім алып шығады.
Оның оқу бітіріп, «Ақжайықтың Қыз Жібегі» атанған Күләш сұлумен отау көтеруіне ағасы Харес көмек қолын созып, соның демеуімен жас жұбайлар шаңырақ көтеріп, үй болып кетеді. Оқуын бітірген соң жолдамамен Қазалыдағы ауыл шаруашылығы техникумына оқытушы болып келеді. Жас маманның алғашқы үш жылы осы ауданда өтті. Содан 1971 жылы Қазалыдағы техникум Қызылордаға көшіп, осындағы оқу орнымен қосылып, іріленеді. Осылай Болат Тілесов те осында қоныс аударады. Осындай ауыс-түйіс себебімен Ақжайықтың Қыз Жібегі мен Төлегені (кейін осылай деп әзілдеуші едік) енді «сұлу Сырдың сүлейлері» атанып, құтты қоныс табады. Жаратылысынан жан біткенге жұғымды, адамға үйірсек, бауырмал «Қыз Жібек пен Төлеген» Сыр өңірінен көптеген дос, жолдас тауып, олармен тез тіл табысып, келінді болады. Ұлын ұяға қондырып, қыздарын қияға ұшырады. Осында отырғанда үлкен ұлы Қайрат юрист, одан кейінгі Талғат білікті банк қызметкері, қыздары Венера дәрігер, Эльмирасы экономист-ғалым, Жаннасы тіс дәрігері мамандығын алып шықты. «Терек бір жерден көгереді» деген осы да. Болат бір салада қырық жылдай ұстаздық етіп, еңбек демалысына шығып еді. Ал, «Қыз Жібегі» де осы оқу орнында фельдшерлік қызмет атқарған ардагер.
Қысқасы, қазір қатарымызда жоқтығы болмаса, Болат шын бақытты адам. Оған дәлел - елі, халқы, дос-жараны атын ұмыттырмай әлі жоқтап отыр. Жұбайы, ұл-қызы, тіпті құдағиы Нәзира да күн құрғатпай рухына құран бағыштайды. Ал, Нұрхан, Әлихан, Нұржан, Азамат, Абылайхан, Дамир, Кеңес, Айдана есімді немерелері:
Сәт сайын есік жаққа елеңдейміз,
Атамыз қазір кіріп келер дейміз.
Құшақтап бәрімізді кезек-кезек,
Әкелген ойыншығын берер дейміз, - деп сағынып отыр.
Құрметті оқырман қауым, енді бір сәт марқұмның жанашыры Күләштің (Қыз Жібегінің) жоқтауына құлақ түріңіздер:
Кіндік кесіп, кір жуған,
Жеріңді кімге тапсырдың?
Үйрек ұшып, қаз қонған,
Көліңді кімге тапсырдың?
Тай-құлындай тебіскен,
Теңіңді кімге тапсырдың?
Бауырыңнан өрген ұл-қызың,
Төліңді кімге тапсырдың?
Тірнектеп жиған мүлкің мен,
Малыңды кімге тапсырдың?
Елу жыл бірге отасқан,
Жарыңды кімге тапсырдың?
Жетпіс бес жыл өмірде,
Абырой, бедел жинадың,
Пейіште нұрың шалқысын,
Жолдас болсын иманың!
Иә, Ақжайық бойында туып, Алаштың Анасы атанған Сыр топырағынан мәңгілік орын тапқан Болат Төрәліұлын өлді деуге аузымыз бармайды. Ол мәңгі жоқтала береді.
«Аманның асуы» атты мақала мерейлі жасқа жеткен ұстаз өміріне арналған.
....Жаратқанның жарық дүние сыйлаған нығметіне шүкіршілік етіп, ғұмырын белгілі бір мақсат жолына арнаған адамдар қай елде де аз емес екені белгілі. Ғалым, ұстаз Аман Абасиловты мен сондай жандардың қатарына жатқызар едім.
Әріптес інімен араласа жүріп, отбасын көрдік, анасының қолынан дәм татып, бауырларымен, туған-туыстарымен таныстық. Сондағы бір аңғарғанымыз - бұл әулеттегі тәтті сыйластықтың, бір-біріне деген жылы мейірімнің молдығы. «Өзгелерім - бір төбе, Аманым - бір төбе» деген Нұрхан ананың сөзінен шуақты ықылас пен үлкен сенімді аңғарсақ, жары Айманның Қасым ақынның ізімен ой тізе «Аман аман болмаса - несі Аман» деген сөзінен жұбайына деген құрмет пен тілек қоса өріледі. Тіршілік атты өмір-дарияда әр пенденің өз хал-қадірінше жүзетіні де анық, мұнда түрлі толқындардың болуы да хақ десек, осының барлығы да кейде көңіл-толқыннан байқалып тұратындай. Ал өмір-толқын мен көңіл-толқынның тұтасып кететін тұстарын тек ойдың иірім мен қайырымы арқылы ашарымыз да анық. Олай болса, біз де ой қайырымына кезек берелік.
Алғашқы қайырым. Ананың жалғыз ауыз сөзі есім болды.
Тура осыдан 50 жыл бұрын, күздің бір мамыражай күнінде Майлытоғайдағы шаруа, мұрап Мәделханның отбасы әбігерге түсті де қалды. Ауыл іргесіндегі Сасықкөл маңындағы жайлауда отырған ауылдан да маза қашты, бүкіл әйелдің есі шыққан, қай үйден де естірің «Алла жар болғай да» деген тілек, ал отағасының шықпаған жаны, фашист басқыншыларына қарсы соғыста от пен оқтың арасында жүргенде де мұндай қиналмаған болар, қолы жұмысқа бармай, басарық пен үйдің арасын жол қылды. Өйткені айы-күні жетіп отырған қосағы Нұрханның толғатуы бір-екі күнге созылғанымен босана алар емес. Ақыры ол жаны қиналған әйелін арбаға көтеріп әкеп салды да, ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пунктке тартты. Түске жақын жеткен бұларды қарсы алған Сейітқожа фельдшер жағдайдың қиын екенін байқап, әріптесі Айымторыға шұғыл тапсырмалар бере бастады.
Иә, медициналық көмек дер кезінде көрсетілді, кештете «шар» ете қалған бөбек даусы естіліп, ана аман-есен босанды. Күні бойы оның халін сұрап келушілер де көп болды, барлығының сұрайтыны «Нұрхан аман ба?», ал фельдшерлік-акушерлік пункт ішінен келетін жауап - «Аман», «Баласы ше?» - «Аман». Көп қиналып, әлсіреп қалған ана акушер келіні - Айымторыға келген адамдардың атын атап, «Не дейін?», - деп сұрағанда: «Аман деп айт», - дейтін. Бір қызығы - Сейітқожа мен Айымторы балаға қандай ат қоятынын сұрағанда да үйреніп қалған тез жауапқа көшіп, ана «Аман деп айт» деген ғой, періште аузына салған болар, міне, біздің әріптесіміз осылайша Аман есімін иеленген екен.
Екінші қайырым. Биікке ұмтылу
«Әке - балаға сыншы» демей ме қазақ, білмекке құмарлығы басым, дене бітімі де ірі Аманынан әке де көп үміт күтті. Өзі білетін тәлімдік жайттарды ұлының құлағына құйып, өмір сырларын үйретіп-ақ бақты. Сондай әңгіменің бірі - биіктік туралы болатын, сонда әке «Баяғыда, соғыста Днепрден өттік, сондағы көпірдей биік көпір көрмедім, басына қарағанда пилоткаң түсіп қалатын» дейтін еді. Бұл сөз есте сақталып қалғаны сондай, бұрын жетпеген биіктерге қол созғанда оның көз алдына көпір биіктігіне таңғала қарап, пилоткасын түсіріп алған әкесі келе қалатын.
Бала күнінен сөз өнеріне бейім болып өскен оған бөле туысы Дос ағасының да ықпалы мол болды. Әкесі: «Ана бөле ағаң Досқа ұқсау керек», - десе, анасы «Біздің Аман да Досжандай болайын деп-ақ тұр» деп сүйсінетін. Аман да соған ұқсауға тырысып бақты. Ол мектеп бітірген кезде Дос (әңгіме қазіргі белгілі саясаткер Дос Көшімов хақында болып отыр) Абай атындағы ҚазПИ-дің филология факультетінде оқытушы болып қызмет ететін. Сол жылы Алматыға барып оқуға құжаттарын тапсырғанымен жол түспеді де, күзде әскер қатарына шақырылып, екі жыл Кеңес әскері сапында азаматтық борышын өтеді. Елге оралған соң, қабылдау емтихандарына дайындалып, 1987 жылы КазПИ-дің студенті атанды. Бұл - болашақ ұстаздың алғашқы биіктердің бірін бағындыруы еді.
Үшінші қайырым. Ұстазы жақсы қандай-ды.
Ол 1987-1992 жылдары қазақ жоғары оқу орындарының қара шаңырағы КазПИ-де білім алды, бұл бітіретін жылы оқу ордасы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университет болып өзгерді. Желпінген жастық көңілге дауа бар ма, курстастар болып «түскеніміз институт еді, бітіргеніміз университет болды» деп мәз болысты, оқу орнын жақсы тәмамдаушылар легінде болған бұған С.Сейфуллин атындағы Ақмола педагогикалық университетінің қазақ тілі кафедрасында еңбек етуге жолдама берілді. Жас маманның бұл жетістікке қол жеткізуі, әрине, өзінің оқуға деген ынтасы мен ізденімпаздығынан, білмекке құмарлығынан да болар, алайда Н.Ғабдуллин, С.Қирабаев, Н.Келімбетов, Н.Оралбаева, С.Мақпыров, С.Хасанова және т.б. ұстаздар еңбегінің нәтижесіне де байланысты болғаны анық. Ұстаздар демекші, бірде мынадай оқиға болғаны бар.
Аман мен Айманның қосылып, отбасылы студенттер атанған кезі, екеуі де бесінші курстың студенттері, алғашқы бөпелері Мұхтарды құндаққа орай, пойызға отырып, Алматыға бет түзеген еді. Жаз бойы ауылда каникулда болған бұлар сабақ басталып кетпей тұрып жатақханаға орналасып алмақ оймен жолға шыққан. Купелес серіктері өзі ажарлы, салмақты үлкен кісі болып шыққандарына қуанды. Сапарлас апай бұлардың жай-жапсарын сұрап, бәйек болуда, бала емізіп жатқан Айманды мазалағысы келмей, кейде шайға өзі барып келе салады. Айман да ағынан жарылып, кей жолаушылардың бала мазаны алады деп ұнатпайтынын, сапарласымыз кім болар екен деп уайымдағанын да айтып жатыр. Ол кісі болса, жымиып күліп қояды. Жолға дайындық шаршатты ма, түнде екеуі де қатты ұйықтап кетіпті. Ертеңгісін тұрғанда жаюлы тұрған жаялықтарды, сапарлас әйел құшағында мұрны пысылдап ұйықтап жатқан тұңғыштарын көргенде екеуі де қатты қысылды.
Жол бойғы әңгіме кезінде ол кісі бұлардың КазПИ-де оқитынын білген соң, қандай оқытушыларды білетінін сұрады, бұлар өздері білетінін айтуда. Аздан соң сапарластары өзінің Серік Мақпыров деген кісіні өте қиын адам, мінезі тік, ашушаң, студенттерге қатты қысым жасайды деп есіткенін айта келіп, «Ол кісі қандай адам?» - деп сұрады. Бұлар болса әлгі айтылғанның жаңсақ екенін, Серік ағайларының өте әділ, білікті ұстаз екенін дәлелдеп бақты. Өсекке жаны күйген Аман: «Әлгі әңгімені айтып жүрген адам нағыз оңбаған адам, мұндайға сеніп жүрген сіздің өзіңіз де қызық адам екенсіз» деуге дейін барды.
Сонымен Алматыға жетті де, әркім өз жөніне кетті. Алайда үш-төрт күн өтісімен Серік ағайлары кездесіп қалып, екеуінің, балалары Мұхтардың хал-жағдайын, қалай орналасқадарын сұрады. «Ағай менің баламның атын қайдан білді екен?» - деп Аман ойға қалсын, ағайлары болса: «Өздерің қу екенсіңдер, ә, менен бұрын жеңгелеріңмен танысып алыпсыңдар...» - деп қалжыңдап қояды. Бұлардың аң-таң болған кейпін көріп, ағайлары ризалықпен бір күліп алды да «Неғып таңданып тұрсыңдар, ол кісімен пойызда бірге келіпсіңдер ғой. Біздің үйдегі Заида деген мықты сол кісі», - демесі бар ма. Пойыздағы қысылғаны жолда қалды, екеуі былай шыға «Ойпыр-ай, ұят болды-ау, ағайдың жолдасы ЖенПИ-де басшы қызметте дейтін, қалайша аңғармағанбыз», - деп бір-біріне қарайды. Содан бері қаншама жыл өтсе де осы бір оқиға естен кетпейді.
Төртінші қайырым. Ұстаздық жолда
Иә, жолдамамен қызметке келді, 1992-1995 жылдары С.Сейфуллин атындағы Ақмола мемлекеттік университеті қазақ тілі кафедрасының оқытушысы, аға оқытушысы қызметтерін атқарды. 1995-1998 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік университетінің аспиранты болды. 1998 жылы диссертациялық кеңесте «Қазақстан Республикасының солтүстік аймағындағы мемлекеттік тілдің социолингвистикалық проблемалары: оларды шешу жолдары» деген тақырыпта диссертациялық жұмысын қорғап, филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алған ол 1998 жылдан Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қазақ тілі кафедрасында аға оқытушы, 2007-2013 жылдары кафедра меңгерушісі, 2014 жылдан кафедраның қауымдастырылған профессоры қызметін атқарып келеді.
Республика, облыс көлемінде тіл саясаты, мемлекеттік тіл мәселелері, тіл тазалығы мен мәдениеті, қазақ әдеби тілі, оның нормалары мен стильдері, терминология, әліпби, қостілділік т.б. мәселелермен тұрақты айналысып жүрген тіл маманы, білікті, жаңашыл ұстаз ретінде танылған ол Қазақстанда әлеуметтік лингвистика ілімінің дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқан ғалымдардың бірі. Ол - осы салада 70-тен астам ғылыми мақала жариялаған, 2 оқу құралының, 1 монография, бірнеше авторлық бірлестіктегі ғылыми жинақтардың авторы.
Аман Мәделханұлы оқу-тәрбие жұмыстарындағы үлгілі еңбегі және университеттің қоғамдық өміріне белсене араласып, елеулі үлес қосқаны үшін университет ректорының алғыс хатымен, білім беру саласындағы шығармашылық істерімен қатар қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны үшін Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық комитетінің Құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің Алғыс хатымен, Сыр елі қаламгерлерінің 200 томдық «Сырдария кітапханасы» антологиясының шығуына қосқан үлесі үшін облыс әкімінің Алғыс хатымен, облыстың дамуына қосқан үлесі үшін облыстың Құрмет грамотасымен марапатталған. Сондай-ақ, Қызылорда облысының дамуына елеулі үлес қосқаны үшін «Қызылорда облысына - 70 жыл» төсбелгісімен (№1722), Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 10 қарашадағы Жарлығы бойынша «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен, «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» мерекелік медалімен наградталған. 2015жылы «Тіл жанашыры» құрмет белгісімен марапатталды.
Иә, 50 жастың биігіне шыққан ұстаз-ғалымның алда алар биіктері мол екеніне сенім мол.
Ноғайбай әулетіндегі жалғасқан дәстүр
...Өткен ғасырдың басында Сыр өңірінде «Ноғайбай бауы» деген үлкен бақ болған деседі. Бұл өз заманында тілге шешен, әділетті би, халқына сыйлы Ноғайбай есімді адамның өз еңбегімен өсірген бауы екен. Қара қылды қақ жарған әділеттілігімен әйгілі болған Ноғайбайға болыс болуды ұсынғанда «мен елге жағымсыз болыс болғанша, көпке пайдасы тиетін мұрап болам» деп болыстықтан бас тартып, бүгінгі Шиелі ауданы жерінде су жүйесін ұйымдастырыпты.
Еңбегі халқына жаққан, көпшіліктің алғысын алған осы жанның немересі Әлмырза Ноғайбай да исі қазаққа өнерімен қызмет еткен, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері болды. Сексенінші жылдары оның орындауындағы «Ақсақ киік» әнін (С.Сейфуллиннің әні) бүкіл қазақ сүйсініп тыңдады. Әлмырзаның күйтабақтары сол жылдардың хиты болды... Иә, жуырда, қыркүйек айында Астана қаласында өткен Қызылорда облысының күндерінде ән шырқаған Әлмырзадан халықтың «Ақсақ киік» әнін сұрауы оның көркем дауысының әлі де ел есінде екеніне куә.
Қызылордалық Ноғайбаевтар «Мерейлі отбасы - 2016» байқауының лау-реаты болуы, бұл - Әлмырза Әлиұлы мен Патыма Ыбрахымқызының ұлағатты тәрбиесінің жемісі. Берекелі шаңырақ иелері бес ұл-қыздан бүгінде 14 немере сүйіп отырған бақытты әулет. «Қыздарым бой жетіп, ұлдарым ер жеткенде оларға «байдың қызына үйлен немесе шекпендіге тұрмысқа шық» деген емеспіз. Әрқайсысы өз қалауымен шаңырақ құрды. Осы үйге келін боп түскен адам отбасының өмір қағидасына бейімделуі тиіс. Өмір өзі өзара түсіністікпен өмір сүрген жандарды қиындықтарды жеңуге шыңдайды» дейді Патыма апай.
Әлмырза - Алматы эстрада-цирк өнері студиясында біртуар әнші-композитор, қазақ өнерінің қайраткері Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті болу бақытына ие болған жан. Ол 1967 жылы ірі өнер иелері Ә.Еңкебаев, Қ.Бекбосынов, Х.Өтеғалиевтармен бірге оқыған осы студияның алғашқы түлегі болды. Кейін Патыма Ыбрахымқызымен отау құрып, балалары дүниеге келгенде оларды да осы өнерді сүюге, құрметтеуге тәрбиеледі. «Ноғайбаевтар отбасылық халықтық ансамблі» қалың ел білетін өнерлі отбасы боп танылды.
Ансамбль Құрманғазының «Алатау», Динаның «Тойбастар» күйлерін тартты, қызы Ақмарал «Дей салдым-ау», «Қымыз құйғыш» секілді халық әндерін тамылжыта орындады. Ансамбль күйшісі Нұрлан домбырада, барабан мен дауылпазда ойнады. Ал Сыржан бас домбырада, шаңқобызда отырды. Ұжымның бишісі Ақмаржан болса, ал Әнсая әнші әрі сылдырмақта ойнады. Осы бір бақытты отбасының кенже қызы өмірге келгенде әкесі оның есімін Әнсая деп қояды. Бұл есім әннің саясында өскен деген мағынаға ие болса, ұлдары Сыржан аты Сыр елінің азаматы болсын деген тілекпен қойылған.
Бұл өнердегі талғампаз балалардың арасынан Ақмарал ғана кәсіби музыкант боп қалыптасты. Қалғандары музыкамен айналыса жүріп, өздері қалаған мамандықтарын меңгерді.
Ақмарал Ноғайбаева - дәстүрлі әнші-термеші. Халықаралық конкурстардың лауреаты. Қазір Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық-аспаптар оркестрінің жеке орындаушысы. Әсем үнді әнші қыз ән-термелерді баянмен де, домбырамен де, гармоньмен де шырқап жүр.
Ансамбль құрамындағы балалардың бәрі ән шырқап, шаңқобызда ойнайды. Шаңқобыз демекші, «Көп нәрсе тозады ғой, бірақ біздің үйде анам тебірене тартатын бір ескі шаңқобыз әлі күнге дейін сақталып келеді. Көненің көзі. Сол аспапты қазір 90 жастағы апам Үсенгүл де кезінде тартқан. Бұл аспап, біздің әулеттегі жалғасқан дәстүр» дейді шаңырақ иесі.
2010 жылы әкесі 63 жасқа, аналары 60-қа толғанда намазхан ата-ананың бес баласы жиналып, өзара ақылдасып «той жасап берсек, көлік алып берсек, жиғанымыз шашылып із қалмайды, ол бір өткінші нәрсе. Одан да Алланың алдындағы бес парызының бірі - қажылықтарын өтеуге көмектеселік» деп шешіп, ата-анасын қажылыққа жібереді. «Осыдан балаларыма берген тәрбие жемісін көріп, Аллаға шүкіршілік қыламыз. Бұл біздің қолымыз жете ме, жетпей ме жеп жүрген арманымыз еді» деп көздеріне жас алды отбасы иелері.
Адамның бар жиған-терген дүние мүлкі артында қалады. Өмірден озғанда қалатын істің ең абзалы жақсы тәрбие болса, сол ата-аналық парызды өз дәрежесінде өтеп, оның жемісін де көріп келе жатқан Ноғайбай әулетінің артынан үлгілі, жақсы тәрбиесі мен өнегесі келіскен ұрпақтары жалғаса бермек.
«Тасқа қашап жыр жазған» атты мақала қазақтың мықты ақындарының бірі Шәкизада Әбдікәрімовтің 60 жылдық мерейтойына арналып жазылған. Автор ақынды жан-жақты ашып көрсетуге, ақындық өнердің қиындығы мен қызықшылығын әсерлі айта білген.
...Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары. Студенттердің өмірі қыж-қыж қайнаған ҚазМУ қалашығы.
Сабағы мен сауығы қатар серпілген студент жастардың жиі жүздесетін жаз айы. Жатақхана алдындағы бірен-саран орындық босай қоймайды, босаған күнде де қыздарға қиып жіберетін жігіттер жапатармағай жинала қалады. Мұндайда өнерге деген жақындығы, етене ерекшелігі бар филология, журналистика, тарих факультеті студенттері әдеттегідей ән-жырдан жарыса кетеді. Бірі гитараға, бірі домбыраға қосылып, кейде дуэт, кейде трио болып, шырқай жөнеледі. Көбінше орындалатыны - Шәмшінің әндері.
Сол кездері бард әнші Табылды Досымовтың әндерін жастар жағы жатқа айтып, жиі орындай бастаған. Бір күні оның «Күнікей қыз» деген әнін естіп қалдым. Құлаққа жұмсақ, әрі жағымды екен. Ән бірден елтіп әкетті. Жігіттің қызға деген құмар көңілі есіліп тұр.
Үйіме қайтам, өкініп, тынып,
Сүйемін деуге бата алмай.
Төлеген болып, бекініп тұрып,
Жайықты кешіп, өте алмай...
Жаңалыққа жаны құмар жастардың білмейтіні жоқ. Несін айтасын, «Атыраудың аруына Қызылорданың жігіті ғашық болып, жүрек сөзін өлеңмен жеткізіпті-мыс» деген алып-қашпа әңгіме гу ете қалды. «Бұл ақын кім болды?» деген сұрақ тағы туды. Содан «Байқоңырдың білдей ақыны, есімі Шаһизада Әбдікәрімов» деп жастар дәріптей бастады. Мен бұрыннан таныс кісідей: «Біздің ауылдан. Қармақшы ауданының азаматы» дей салғанмын. Құдай ақиқатын ауызға салып тұр екен, шынында да солай болып шықты.
Дәм айдап, елге келдік. 1997 жылы Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетіндегі оқытушылықтан мемлекеттік қызметке ауыстым. Қызылорда қалалық әкімдігінің ішкі саясат бөліміндемін. «Бұрыннан таныс» жерлесім Шәкеңмен дәл осында қызметтік жұмысымыз түйісті. Ол Қызылорда арнайы экономикалық аймағы теледидарының төрағасы. Күнделікті жұмыс жүйесі бір арна бойымен жүріп жатты. Шаһар шырайы мен шайыр Шаһизаданың шығармашылығы шынайы түрде астаса берді.
Ежелден сүлейлер сүрлеуінен сарқыт алған ақынның екінші тынысы осында ашылды десе болады. Үлкен қаланың үміт оты ақын жүрегінде тербелді, қайнаған қоғамның бел ортасындағы қызу тіршілік тың туындылардың таптырмас тақырыбына айналды. Оның үстіне университетке Сыр елінің танымал азаматтары Бауыржан Омаров пен Амантай Шәріп қызметке келіп, Шаһизаданың шығармашылық диапазоны тіпті кеңейді. Оның бір үлгісі - қалалық телеарнаның қамту аймағы, тақырыптық талғамы өсіп, үлкен беделге ие бола бастады. Ұжымның ұйытқысы қазақ тележурналистикасын бір сатыға көтеріп, таңдаулы туындылары республикада топ жарып жатты. Өзі іріктеп алған ақын Әділ Ботпанов, мәдениеттің майталман өкілі Тілеген Бекарыстанов, Баян Құлтанова, жарқ етіп ерте сөнген Сахитжан Бермағамбетов секілді саңлақ азаматтар қатарға қосылды. Шәкеңнің шеберлік мектебінен шыққан сол шәкірттері талай биіктерді бағындырды, Сырдың бойында телевизиялық құрылымға деген қызығушылығы басым шығармашыл жастарды қалыптастырды. Біз етене араласу барысында Шәкеңнің шығармашылығын да тереңдеп тани бастадық. Жансарайы жауһар жырға толы ақынның алғашқы өлеңдері «Көктем тынысы» кітабына, сонан соң «Қарлығаш» топтамасына еніп, шабыт пен қалам құдіретін қанықтыра түскен екен. Ал «Байқоңыр», «Алтын қазық» өлеңдер жинағы оқырманның үлкен сұранысына айналып, арқалы ақын жаңа белеске жарқырап шықты. Қоғам қайраткері Мұхтар Шахановпен достығы, олардың шығармашылық байланысы кезінде қазақ-қырғыз арасында да елеулі із қалдырды. Соның жарқын белгісі, Шаһизада қырғыз ақыны Акбар Рысқұловтың өлеңдерін қазақ тіліне аударды. Сондай-ақ өзінің өлеңдер жинағы қырғыз тілінде жарық көрді.
Ғасырдың беташарын ашқан Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Шаһизада Әбдікәрімовтің Бішкекте басылған «Көк астындағы қағанат» өлеңдер жинағынан кейін Астанадан шыққан «Гладиатор» кітабы қолымызға тиді. Соның бәрі өлең деген құдіретке бас идіруге итермеледі. Бұл оның айшықты ақындық жолын айғақтайды. Санаңды сергіткен сардар өлең бүгінде руханияттың алтын қорына еніп жатыр.
Ал енді Шәкеңнің мемлекет мүддесіне, қоғам өміріне қосқан еңбегі ересен. Соған сай абырой-атақтан да кенде емес. Омырауына «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Құрмет» орденін тақты. Сондай-ақ Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері, Қармақшы ауданы мен Қызылорда қаласының құрметті азаматы. Ол екі шақырылымдағы Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты ретінде аймақтың өзекті мәселелерін шешуге өз үлесін қосты. Бюджет қаржысын ең жауапты салаларға бөлуге, облыстың қоғамдық-мәдени өміріне барынша қолдау көрсету үшін дауыс берді, ықпал етті.
Оқырманға ойлы кітаптары, көрермен аудиториясына телевизия саласындағы білікті менеджерлік қызметі арқылы жақсы танымал азаматтың тағы бір тамаша белесі бар. Ол - Қазақстан Ұлттық телерадио хабар таратушылар қауымдастығының президентіне сайлануы. Қазақстандағы тәуелсіз 22 телеарнаның басшылары тәуелсіз телерадио хабарларын тарататын стансалардың жұмысын одан әрі жандандырып, жетілдіре түседі деп Шәкеңе зор сенім артты.
Айтпақшы, «Күнікей қыздың» прототипі Майра Рахымғалиева екенін кейін білдім. Атыраулық арудың өлеңге өзек болуының өзі бір мәртебе. Ал жырдың мәтіні әдемі әнге ұласуы бойжеткеннің ұмытылмас бейнесін ақын жүрегіне қадап қойды. Бұл жастық алаудың сөнбес сәулесі еді.
Мемлекеттік қызметтегі руханият саласының өкілі болған соң мен өнер адамдарымен көбірек араласып тұрамын. Ал мамандығы филолог шенеуніктің қаламгерлерге үйір болатыны өзінен-өзі белгілі. Әсіресе, жиырма жылдан бері қанаттаса қызмет істеп келе жатқан Шаһизада Әбдікәрімовке деген құрметім бөлек. Екеумізді ортақтастыратын тақырып жетерлік. Оған қоса ол бір кезде қалалық әкімдікке қызметке бірге келген Тұрар досым екеумізді ағалық ақ көңілімен үнемі аялайды. Мен оның бүгінде елге танымал болған «Қоғам ТВ» телерадиокомпаниясын қалай аяғынан тік тұрғызғанын өз көзіммен көргендердің бірімін. Әдепкіде арнайы экономикалық аймақтың бұқаралық ақпарат құралы ретінде ашылған қалалық телеарна кейін тығырыққа тірелді. Қызылорда арнайы экономикалық аймақ мәртбесін жоғалтқан кезде көптеген қаржылық қиындықтар бой көтерді. Телерадиокомпанияны ұстап тұру қалалық әкімдіктің өзіне оңай болмады. Шаһизада Әбдікәрімов сол кезде осы ақпарат құралын өз күшімен сақтап қалуға бел буды. Ол еңбегі толығымен ақталды.
Қазір «Қоғам ТВ» нарықтың заманына бейімделген, материалдық-техникалық базасы жетілген алдыңғы қатарлы мекемелердің біріне айналды. Телеарнаның шығармашылық ұжымы тұрақты. Осыдан жиырма жыл бұрын қызметке қабылданған қыз-жігіттердің біразы әлі күнге дейін сонда жұмыс істейді. Бұл құрылтайшының қарамағындағыларға аса жайлы екенін көрсетеді. Оның тележурналистері тек Ақмешіттің айналасында қалып қоймайды. Алыс сапарларға жиі шығады. Құрал-сайманын арқалап, Қызылорда мен Құрама Штаттардың арасында жортып жүреді.
Олар Шәкеңнің шығармашылығынан, ал Шәкең болса, өзінің поэзиясынан нәр алады. Ақын құрылтайшы басқаратын телеарнаның сайыпқырандары сөздің күріші мен күрмегін ажырата біледі. Соларды өмір бойы баулып келе жатқан кейіпкеріміз өлең-жырға адал екенін былайша атап өтеді:
Талайымды өнерден көремін де,
Ойлаймын - жеңілем бе,жеңемін бе?!
Сен құлдықпен айқассаң аренада,
Мен сұмдықпен шайқасам өлеңімде.
Оянбаған көзінде намыс, үміт,
Кімге керек Суллалар қаны суық.
Мен де - бір гладиатор поэзияның
Парасатын қорғайтын жан ұшырып...
Осыны санасына сіңірген «Қоғам ТВ» сарбаздарының әрқайсысы журналистиканың гладиаторы болуға ұмтылады.
Шәкеңнің өз поэзиясына аса жауапкершілікпен қарайтынын жақсы білемін. Мұның мысалдарын көптеп келтіруге болады. Бірде ол бір топ жас әріптестерімен әңгімелесіп тұрыпты. Жаңа заманның жас ақындары шетінен желдей еседі. Бірінен соң бірі екіленіп өлең оқиды. Бірі газетке өлеңі басылғанын, екіншісі кітаптары тоқтамай шығып жатқанын айтып, жетістіктерін тізбелейді. Үшіншісі өлеңді қиналмай жазатыны, шабыт деген оны үнемі айналсоқтап жүретіні туралы әңгімелейді. Сол кезде Шәкең: «Рахат қой сендерге. Өлеңді жазғыларың келсе, жаза саласыңдар, газетке беріп, кітап шығару да өздеріңе түкке тұрмайды. Ал мен қатты қиналамын, өлең жазу деген мен үшін ауыр азап, қиямет-қайым!» депті. Осы тұста екпіні тау жығардай жас шайырлар «Ойбай мына ағамыз не деп кетті?» деп құлағын тіге қалыпты. «Неге?» деп сұрамай ма сосын. Сонда Шаһизада ақын: «Сендер өлеңді қағазға жазасыңдар. Ал мен жырды тасқa қашап жазам!» депті.
Бұл аз жазса да саз жазатын, жүрегімен жырлайтын ақынның өмірлік ұстанымы екеніне ешкімнің таласы жоқ.
Бір эшелон сыралғы Арал халқының имандылық ықыласы еді
....Қазан төңкерісі, сосынғы азамат соғысы шабыспа ұрып, қазақ даласы алаңжарлы күй кешкен сонау уақытта Арал жағасына алыс Мәскеуден бір хат келді. Бұл ұшбу хат пролетариат көсемі В.Лениннен еді. Ол жолдауда «осылай да осылай, Еділ бойын аштық жайлады, миллион жұрт, әсіресе, аштықтан ісінген 700000 бала қырылып кету алдында» деген ереуіл жайт тізбелене келе, «...сіздерде жағдай жаман емес, Арал балықшылары мен жұмысшылары, жомарт көмектеріңізді аямаңыздар» деген үлкен өтініш болған. Уақыт - 1921 жыл, жаңа күнтізбемен, қазан айының 7-ші жұлдызы екен. Бейнелі тілге салғанда, Арал жұрты сол жанайқайлы өтінішті «жан-жүрегімен қабыл алған» сияқты. Бұл жақтағы елдің өзі де сол тұста, бірді-бірге жалғап, ұшқасып отырған қоңторғай ахуалда еді.
Бас-аяғы 3 айға жетпес уақыт ішінде ашыққан Ресей жұртына бір эшелон балық жөнелтілді. Бұл хақында сол тұстағы Арал Совдепі председателі Т.Медетбеков «Қымбатты Владимир Ильич Ленин! Арал бассейнінің балықшылары 14 вагон шикі балық жөнелтті. Бұған Бөген балықшылары ерекше белсенділікпен қатысты» деген мазмұнды жеделхат жолдады. Біз білетін сараң тарихтың бір қысқа да нұсқа жолдары осындай.
Тарихи дерегі тым аз осы оқиға сорабын кейінірек зерделеу барысында, мен үшін ең бірінші жанды дереккөз - өз әкем айтқан естеліктер болды. Қандай да бір айтулы оқиға болмасын, нақты дәйек-дерегі аз болса, жансыз-қансыз, қасаң көрінері рас. Ал сонау оқиғаны ұрпақ жадында тірілту қажеттілігі бүгін аса ділгір шаруа.
«Тауық жылы еді, - дейтін ол кісі. - Абыржы алдындағы күздің қатуқабақ күндері... Бір аяғын сылтып басатын Кришка Добовек (сол кездегі Арал Совдепінің өкілі Григорий Дубовик) теңіз бойындағы елді аралап, Ленин хатын оқып, аса жігерлі революциялық үгіт сөзін айтып жүрді. Дегдарлы халық алыстағы аштық жайлаған жұрттың жағдайын былай да түсініп еді. Ол кезде ау-құрал тапшы, бай-промысловиктен вексельмен алатын азбырай ел тірлігіне жарап тұрған. Дария бойында жабайы сарыкенеп өседі. Соны жіп етіп иіріп, кенеп ау, көбіне, жылым тоқылады. Со шамада «пеньковй (кендір) жіп» көбейіп, сол жіптен он құлаштан жылым құрастырып, 10-15-тен қауымдасқан ел адамдары ауға талап қылды. Қиналыста жатқан сол халыққа бұйырған несібе ғой, сол күздің қара қатқағында Қарашалаң көлінде ау майлап, көп балық шықты. Күздің салқыны да бұған қарасты. Әдепкіде, жер қара болып, балық түйеге артылып, кейін, қырбық қарға шана түсіп, Қарашалаңнан 55 шақырымдағы Кәрібөгет өзегіне кіре жүрді. Өзектен ыспа қайықпен өткізілген балық тағы да көлікке тиеліп, 35 шақырымдағы Қамбаштың бекаузына (пакгауз) жеткізілді.
Аралдағы басқа ағайын да бұл талапқа бет бұра бастады.
Бейнет дегенің шаш етектен болды. Бұл тірлік және абыржының қолайсыз күндеріне тұспал келді... Вагон дегеніңнің қанша тартатынын қайдам, әйтеуір, бас-аяғы екі жарым ай дегенде, он төрт вагон эшелон балық Ресей кетті деген хабар болды... Ол біз үшін ырғын балық еді...»
Сол оқиғаға қатысты ол кісі Сатыбалдының Шүкірі, Жайсаңбайдың Сыдығы, Бітімбайдың Әбіші, Қалимағамбет, Бармағанбеттің Нұралысы, Әлидің Шүкірі, Жолайдың Құлжаны, Шүкірдің Әнәпиясы, өзінің туған ағалары Әліш ұлы Жұбаныш, Тәжімағамбет сияқты көп адамдар атын айтып отырар еді...
14 вагон балық! Сонау мыңдардың өмір үміті, өзек жалғары болды ол!
Аралда өріс алған осынау қайырлы үрдіс қатал ғасырдың 20-жылдар зобалаңында, 30-жылдар сүргінінде, 40-жылдар зұлматында, 50-жылдар қиындықтарында, 60-жылдардың ұраншыл науқандарында бір үзілген емес. Әсіресе, 30-40-жылдар сұмдығында осы теңіз бен дария бойы талай жанға сақтау болды. Осында жеткен көп ағайын өзек жалғап, аман қалған. Кешегі көші-қонда бұл маңдардан үдере көшкен бір топ құба қалмақ, кейінірек сол тобымен қайта келіп, Арал топырағын жер тізерлей сүйіп, «Қазақ деген ұлы халық, бізді ажалдан құтқарған әуелі Құдай, сосын, қазақ!» деп, көз жастарын көл еткені есте. Арал сұрапыл тарихтың қандай бір белестерінде өзінің сол қайырлы дәстүрін өлтірген емес; өз басына күн туып ақырет күнін кешкенде де, адамдарға адалдық мехрабында қала алды ол.
Сонау имандылық оқиғасына биыл - 95 жыл!
Тақ-тұқ тарих жолдарында қалса да, әкелердің сондайлық ерлігі жырға қосылып, ұрпағының мақтан сөзіне айналды. Ұрпақ жады - Жаратқан берген рухани аманат. Тек... Осыдан 5 жыл бұрын, елде қалыптасқан аруақ сыйлау үрдісінде, осы тарихи оқиғаның 90 жылдығын атап өту туралы ұсыныс Арал ауданы басшылығына айтылып еді. Бірақ сол бастықтар тарапынан «Соның қажеті бар ма?» деген салғырт-сырғақ жауап болды сонда. Басшы ыңғайына қарап бас шұлғып қалған қоғамдық жағдайда, мәселе сонымен тұсауланып қала берген.
Мұншама салғырттыққа негіз бар ма еді? Сонау оқиғаның тарихи-моральдық мәні не жосақты?
Сол жанкештілік әкелеріміздің аңғалдау болмысынан болған ба? Өзі жалаңиін, ашқұрсақ отырып, «тамыр, жолдас!» деп арқаға қаққан жылансырғақ саясаттың алдауына аңқылдап түскен далаңқы көңілі ме? Жоқ! Олай десек, қазақтың уызына жарыған ежелгі мәрттік қасиетінің тамырына балта шапқан боламыз. Дұшпандыққа қату қазақ, имандылық сұрауында сонша кең болған. Асылы, мыңдаған жылдардың әлемдік хикмети ілімдеріндегі қайырлы сөздің негіз-бастаулары осы даладан дарыған ба деп қаласың. Себебі, имандылықтың көркем сөзі бар да, имандылықтың тайға таңба басқандай табиғи болмысы бар. 21-жыл оқиғасы - соның бір алғаусыз мысалы еді.
Әлде, қылышынан қаны тама бастаған сол кездегі кеңестер алдындағы қорқыныш па? Жоқ! Қазекемнің ол кездегі айылы әлі жиюсыз еді. Тіпті десе, Кеңеске бас имеу мақсатты Қарақұм көтерілісі, Қызылқұм, Асан көтерілістері, Шөмекей қырғыны әлі алда болатын.
Анығы - мәрттік пен имандылық ісі еді ол. Қазақтың дархан болмысы. Кейінгі ұлыс қайраткерлерін де, зұлмат соғыста өзгеден үлес салмағы артық тұрған қазақ батырларын да өмірге көптеп келтірген керемет сол. Кешегі тарихтарды жасаған әкелеріміз ұлы еңбек майдандарында, сұрапыл соғыс өтінде аңғалдықтан немесе қорыққанынан ерлік істеген емес. «Ол не қажет?» деген салғырт сұрақ бұл ретте, ең кемі, орынсыз.
Сонау оқиғаның да терең мәні сол табиғаттан болатын.
Аралға - аудан, қала, Бөгенге - қыстақ, Аралдағы балық өңдеу ісіне - озық комбинат мәртебесін әперген де сол оқиға.
Бүгін де Аралдағы бір-жар жігіттер өз ынтасымен, осы оқиғаны ұлықтау жолында, қоғамдық бастама әлетінде қимылдап жатыр. Қарт журналист, ел ақсақалы Ш.Дәрмағамбетов ашқан «Құрылтай» газетіндегі «Әйгілі хатқа - 95 жыл» айдарлы жарияланымдар көп жүрекке қозғау салды. Межелі бір мерзім - 25 желтоқсанға шейін уақыт тым аз қалды... Тарихи құжатта аты аталған Арал ауданы басшылығы да үнсіз. Ал енді бұл бір ынталы топтың ғана міндет не көңіл ісі ме? Әкелердің маңдай терімен иленген, айтулы ел тарихы емес пе?! Аудан, облыс көлемінде лайықты атап өтілуі тиіс өнеге ісі емес пе?! «Ең болмаса, осы кезеңде сол тарихтың бір жолын ашып алсақ, ертең келер жүз жылдығына жүзіміз жарқын барар едік-ау!» дейді Аралдағы жігіттер.
Біз бүгін өз тарихымызды түгендеп, шаңырақ түтінін түзулеп жатқан елміз. Аруақтар ризашылығы үшін. Бүгініміздің берекеті үшін. Ертеңіміздің бекем болмысы үшін. Тарих деген тек қана үркіншілік, соғыс, сүргіндерден тұрмайды. Халық жанының анық табиғатын ашатын - алуан ауанды уақыт. Өткенді айтқанда, ақ білекке ақ найза артқан батырлар, аузы дуалы шешен, көреген көсем көңілде тұрары рас. Бәрі шындық. Бәрі болған. Әр көңіл өз қымбаттарына әртүрлі реңк бере әрлеп жатады. Стереотип демейік, қалыптасқан осы үрдістерден биігірек көтеріліп қарасақ, бейбіт күндер айшықтары, қазақтың мәрттік, кеңдік, имандылық өнегесі - тарихтың әлі де ашылмай жатқан мән-мазмұнды парақтары екенін аңғару қиын емес.
Соның бір ұлық мысалы біздің көз алдымызда тұр. Жаңғырған жадымызда сол оқиғаны үнемі көңіл тасасына қалдыра беретіндей, ол бір, әлдекімдердің аз ғана, еріккен ермек ісі емес. Сондықтан, тарихи оқиғаны тірілтіп, ұрпақ жадында жаңғырту бүгінгі парызымыз.
* * *
Айтылмаса, сөз атасы өледі. Ол «қарияға» қиянат - біздің арға лайық болмас. Осы орайда, реті келген тағы бір жайтты айтпақ лазым.
1981-дің қысында КСРО елі үлкен жиынға дайындалып жатты. Соның алдында ұлы елдің 7 жылдық даму жоспары жарияланды. Онда мемлекет қамқорлығына алынар барлық су аттары аталған. Тек ішінде «жазған» Арал, Әму, Сыр жоқ еді. «Ұлы ел бұл өлкелерді неге бүйтіп шеттете береді?!» деген ой маза бермеді. Оның үстіне, сол кезден 60 жыл бұрын өткен сол қайырымдылық мысалы да ойда тұр еді.
Сол қыс, КОКП ХХVІ съезіне Арал жайында хат дайындадым. Әдепкіде орысша, сосын ой жетімді болсын деп қазақша жаздым. Сол кездегі «Қазақфильмдегі» әріптес-ағалар О.Сүлейменов, Т.Әбдіков, Ш.Әлімбаев, С.Елубаевқа көрсеттім. Марқұм Шоқан Әлімбаев (фантаст-жазушы) сол жолдауды орысшалауда көп көмек берді... Хатқа қол жинауды Қапашағай көшкен 30 үй балықшыдан бастадым. Қорқасоқтаған жұрт ішінде бірінші батылы жетіп, бала-шағасына шейін хатқа қол қойдырған Қарашалаңнан барған Құлжан-балықшы болды. Ал Аралға қарай шыққан жолда «арнайы қызмет адамдары» ізіме түсті. Бірақ, мені құтқарып қалған - сол съезге бара жатқан Ж.Молдағалиев, М.Әлімбаев ағалар еді...
Қызылордадан Ә.Төлеуов, Қ.Қалимағамбетов деген азаматтар қол қойылған тізім алып шықты. Аралда Ә.Сариев, С.Ибрагимов, Ж.Әбентаев, О.Нұралиев, С.Ілиясов белсенді түрде хатқа қол жинау жұмыстарын жүргізді. Қыстың көзі қырауда, әрі қаржы да жоқ, алыстағы ауылдарға бара алмадық.
Съезге миллиондаған хат барған. Қазақстаннан жеткен мыңдаған хат ішінде елеулі екі жолдау болған. Бірі - Павлодар трактор зауытынан, бірі - сол Арал халқының хаты. Қазақстан басшысы «бұл хатты қорытып, менің сөйлер сөзіме енгізіңдер!» деп, референттеріне тапсырма берген. Генсек Л.Брежнев соңын ала сөйлеген политбюро мүшесі Д.Қонаев Арал хақында өткір-өткір сөз айтты сонда. Сол сөздер ол кісінің Арал туралы тарихи лебізі болып қалды кейін. Ол кісіге қарап, өзбек басшысы Ш.Рашидов та Арал жайын айтыңқырап қалды.
Сонан соң қабылданған 7 жылдық жоспарда Сыр мен Әму мемлекет қамқорлығына алынды. (Осының өзі біз үшін үлкен жеңіс еді!) Ал қайран Арал туралы бір ауыз сөз жоспарға түскен жоқ.
Бұған да бүгін 35 жыл өтіпті!
Осы бір оқиғаны алдыңғы әкелер мысалына қоса айтып отырған себеп, араға тура 60 жыл түскен сәйкестігінде ғана емес. Сонау көсем алға сала өтініш айтқан «пролетарлық ағайындық, коммунистік саналылық» аспандағы күндей анық адамгершілік нысаны еді біз үшін. Соншалық адалдық пен ақиқатқа сенген көңіл үні еді ол хат. Сол ретпен, бұғанасы бекіп, бек тойынған КСРО-дан енді қиналыста қалған Арал көмек сұраған. Үміт ақталмады.
Аралдағы ағайында «балықтан - сыралғы» деген ізгі ұғым бар. Сонау ашыққан елге бір эшелон сыралғы балық - біздің әкелер өнегесінде, біздің ел мен жерде - өркен жайған имандылық көрінісі болды... Сонан 60 жыл өткен соң, съезге жазылған сол хат та әділдік пен ақиқатқа деген сенім сөзі болатын... Солардың біріне - 95, екіншісіне 35 жыл өтіп отыр.
Осынау тарихи-имандылық оқиғаларын ендігі азат ұрпақ көзінде саралап ұғыну қажеттігі тұр бүгін.
«Жыр болып оралды ақын...» атты мақала өмірден ерте озған Сыр шайырларының бірі Серік Өтеуовке арналады.
...Республикаға белгілі айтыскер ақын, жыршы-термеші, бүкілодақтық халық шығармашылығы фестивалінің лауреаты, марқұм Серік Өтеуовтің «Томағалы тұйғын» атты жыр жинағы жуырда баспадан жарыққа шығып, көпшіліктің қолына тиді. Оның ақ нөпір жырын аңсаған, сағынған жұртшылық сырлы өлең жолдарын қайта-қайта оқып, айтыстың ақтаңгер ақынымен қайта табысқандай әсерде болды. Аталған жыр кітапқа айтыскер ақынның арнаулары мен толғаулары, лирикалық өлеңдері мен айтыстары топтастырылған.
Серіктің артында қалған асыл мұрасын жинақтап, баспаға әзірлеп дайындаған, мәдениет саласының ардагері, сөз қасиетін бағалай білетін азамат Қабдеш Шағыров. Сыр сүлейлерінің соңғы сарқыншағындай болған Серіктің тілі өте шұрайлы, қарапайым, өлеңдерінде әсте де жалғандық жоқ.
«Сал құлақ, сары абзалдың лебізіне,
Нағыз ер тартпай қоймас негізіне.
Тартынбай тәуекелдің туын алып,
Қиялды жырдың салдым теңізіне» - деп өлеңнің шалқар айдынында ол ойын еркін жүздіріп, жырдың ақ желкенін еш қымсынбай, тайсалмай көтерді. Қолына ақ домбыраны алып шаршы топқа түскенде ақ алмас жырымен өмірдің шындығын, халықтың мұңы мен жоғын Сыр сүлейлерінің ізімен жеткізе білді. Алқалы айтыста шындықты жырлап, қаумалаған көрерменін шекер сөзімен баурай түсті.
«Атақты Тұрмағамбет, Омар, Оңғар,
Халқына сый ғып тартқан шебер тілін.
Кең ойлы кемеңгерлер көргені көп,
Ауырсынбай арқалаған елдің жүгін» - деп Серік те елдің сенімі мен жүгін бір азаматтай көтерді. Ел жолында тер төгіп, еңбек еткендерді жалынды жырларына қосып, оларға рухани күш беріп, жігерлерін жаныды, намыстарын қайрады. Осылай қарапайым еңбек адамдарының ажарын ашып, абыройын асырды, елге мақтан етіп, мәртебесін биіктетті.
«Жыр етіп туған жерге табынамын,
Жанатын кезі болар бағым әлі.
Ардагер еңбек ерін айтар болсам,
Елімнен талайлары табылады» - деп ел мерейін көтере білген ол, республикалық айтыстың сахна төрінен Сыр өңірінің еңбек майталмандарын азаматтық биіктікпен жырлады. Ел мен халыққа бас ие отырып, бірлік пен тірлікті жырына арқау етті. Қарапайым халықтың еңбегін жалпақ жұртқа өнеге мен үлгі етті. Ал елдің көлеңкелі тұстарын ұтқыр ойымен қырнамай, тырнамай шеберлікпен жеткізе білді. Оның ақындығының шеберлігі, тілінің уыттылығы осында болса керек.
Айтыс ақыны бір сәт сезімге ерік беріп, түннің бір уағында қолына қалам алып ару жырдың бұрымын өрді. Сипалай, аялай отырып өмірді аялауға, сүйе білуге, арман ете білуге, қиындықпен күресе білуге шақырады.
«Өмір деген ауыр жол сезесің бе?
Қиындыққа кездессек төзесің бе?
Бақыт үшін алысып, арпалысып,
Кездескен кедергіні жеңесің бе?» - деп нәзік оймен адам жанын қайрай түседі.
«Сағыныш деген бір сезім,
Ойнайды менің қанымда.
Жыр оқуды аңсаймын,
Отырып сенің жаныңда» - деп сезім иіріміне жетелеп, кімді де болмасын сүңгітіп жібереді.
Жаны нәзіктікті аңсаған, өлеңі сыршыл Серіктің жырларын оқыған сайын құныға, құмыға түсесің. Оның кез келген өлең жолдарында қарапайым қара өлеңнің қазақы табиғаты мен астарлы өрнегі жатыр. Ақынның «Томағалы тұйғын» кітабы оқырманға осынысымен қымбат.
Тірі болғанда Серік Өтеуов биыл 60 жасқа келіп, елмен қуанышын бөлісер еді. Көптен бері ақынынан көз жазып көбеңсіп қалған көпшілік, оның жырларымен қайта табысты. Өнер саласының жанашыры, кезінде онымен әріптес болған ағасы Қабдеш Шағыровқа Серіктің барлық ауылдастары өз ризашылықтарын жеткізуде. Өйткені суырып салма ақынның 6 сағаттан асатын айтыстары мен жыр-толғауларының дискісін жинақтап жарыққа шығарған осы Қабдеш ағасы екенін де ел-жұртқа айта кетуді жөн көрдік. Мұны естіген ауылдастары мен ағайындары «Өлең болып ортаға оралды Серік ақын» деп арынды дауысын естіп қуану үстінде. Ал, Серік Өтеуовтің жыр жинағы бүгінгі ұрпақ үшін рухани байлығы мол дүние десек болады.
Есеміз кеткен ел едік
«Тәңірім, жаңа ғасыр, жаңа мыңжылдық табалдырығынан аттап отырған біздерді қай-қайдағы әулекіліктерге ұрындырмай, етек жиып, ес түгендеп алуымызға мұрша бергей...»
Әбіш КЕКІЛБАЕВ.
І.
...Ей, жаңа ғасыр! Тыңда бізді. Осынау айдай әлем - төрткүл дүниеде Қазақ деген халық бар, «қайықтай толқын ұрған жағадағы». Осылай деп айтқан бұрынғылар. «Тарихы қалың, оқулығы жұқа» деп жырлаған кемеңгер ақыны. Жалғаны жоқ - бәрі рас. Есте жоқ ерте кезде «қилы-қилы заман болған, қарағай басын шортан шалған». Сол аласапыран алмағайып кезеңдерден Қазақ деген халық амалдап бүгінгі күніне жеткен, бірақ не көрмеген?! Тағдырдың талқысына талай түскен. Демограф ғалымдардың анықтауында бұл халық өзінің ата жұртынан басқа әлемнің 40 мемлекетіне бытырап кетіпті. Батыстан шығысқа, шығыстан батысқа, оңтүстіктен солтүстікке, солтүстіктен оңтүстікке қарай жөңкіліп босыпты. Бас амандау, жан сауғалаумен қияметтің небір қыл көпірінен өтіпті. Иә, иә, қадым замандарда ғұмыр кешкен даналар мен бергі дәуірдегі көзіқарақтылардың хаттап кеткен деректерінде дәйектелгеніндей, басы қайда қалмаған бұл халықтың...
Қаны мен тері төгілмеген жер жоқ деуге болады мына жалғанда. Бұл халықтың моласын қыл аяғы Мароккодан да, Тайбан аралынан да, дүниенің бір қиыры Австралиядан да, Америка құрлығынан да, бүкіл Арабстан әлемінен де табасыз. Ал, Еуропа болса, ғаламшарды қан қақсатқан екінші дүниежүзілік ұлы қырғында қазақтың қанына әбден мелдектеп кереленді. Иә, айтарыңыз не, осынау жарық дүниеде небір тарихи қолайлы кезеңдер мен мүмкіндіктерді дер уағында пайдалана алмай сансыраған біздің халық сияқты халықтардың іштен тозғындап, сырттан соққан дүмпулерге шыдас бермей біржола құрып кеткенін немесе өктем күштің басыбайлы құл-құтаны болғанын, оның ақыры тобырға айналғанын білетінбіз өткен дәуірлерден.
Дес бергенде, біздің бағзыдағы ұлы бабаларымыз қазіргі тұқым-теберік ұрпағы мекендеп, иемденіп отырған осыншалықты ұланбайтақ ұлы даланы дұшпандардың сұрапыл сойқанынан амалын тауып қорғап қалыпты. Қорғап қалғанда да, бүгінгі озбырлардай тонналаған бомбалармен емес, найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен, келдектің күшімен орам бермепті. Солай түйенің қомында, аттың жалында жүріп-ақ елдігінің ежелгі жолынан адаспапты. Егер сол бағзыдағы бабаларымыздың асыл сүйекті мықтылығы мен кескекті ерлігі болмаса, біз бүгінде ақар-шақар ел бола алар ма едік, осы күнімізге жете алар ма едік?! Қиянатты көп көрген халықтың тәубасы әманда көңілінде тұрады. Өткеннің мұңы мен зарын түйсініп өскендердің амандық-саулық сұрасқанда, «шүкір» дейтіні де сондықтан болар. Өйткені, бұл халыққа кімдер көзін алартпаған, «жабайылар» туралы мына аспан асты, жер үстінде кімдер не деп бөспеген. Баяғыда Ресейдің канцлері болған Горчаков деген имансыз Орталық Азия мен Қазақстанды жаулап алуды күллі адамзат өркениетін жабайылықтан қорғап қалудың қамы деп те өзеленіпті. Сондағы ойы: «жабайыларды» күллі әлемге жексұрын етіп сендіру арқылы харам ойын жүзеге асыру және «өркениетті қорғаған» болып қандықол қылмыстарын адамзат алдында ақтап алу... - Кәдімгі зымыстан саясат.
Айтарыңыз не, бұл Даланы қазаққа көп көргендер оңнан да, солдан да аз болған жоқ. Талай рет күпінің битіндей өріп келіп ел шетінен тиіскендеріне көктегі Ай мен Күн де куә, бауырынан жарылған қара Жер де куә. Қанқасап қырғынның, қорлық пен зорлықтың не түрін көрген Дала бұл. Әлемдік сараптамада: «Бір адам өлсе - трагедия (қасірет дейміз бе?!), ал жүздеп, миллиондап өлсе - статистика» деген сұмдық бар. Бұл ыңғайда замана толқыны мықтап соққан қазақты. Сол «статистиканың» тігісі жатқызылған тасасында біздің ұлтымызды аямай есеңгіреткен нәубет пен зұлмат жасырынып жатыр. Егер нәубетсіз, зұлматсыз жайбарақат заман болғанда, біздің ұлтымыз бұл күнде жиырма бес миллионға жетіп үлгірмек екен. «Қырылғаны, жат жерлерге босып кеткендері, қуғын-сүргінге ұшырағандары - барлығын қосқанда Қазақ халқы жетпіс пайызға дейін кеміген...» - дейді ғалымдар.
Бұл тек бергі дәуірдің дерегі. Ал сонау түп қиян бағзыдағы дәуірден бүгінгі күнімізге дейінгі аралықта айрылғандарымыз тек бір Алланың өзіне ғана аян. Қаншалықты қырып-жойып, атып-асқанымен қазақтың сағын сындыра алмағасын, баяғыда Солтүстік Америкада қызыл қарын үндістерді жойып жіберу үшін отаршылдардың алдымен сол өлкедегі қаптаған бизондардың (жабайы сиырлар) жетпіс пайызын қырып салғаны сияқты біздің халықты алдындағы малынан да айырып көрген. 1929-жылы республикамыздың 44 млн 723 мың 200 бас түлігі болыпты. Содан 1934-жылы 4,5 миллионы ғана қалыпты. Әрбір зұлматтың шырғалаң ізімен ауырпалықтың да ілесетіні белгілі. Ашынған халық бізге аяны: ХV ғасырдан бері қарай зұлым күшке қарсы 372 рет аттандап қарсы көтеріліпті. Сағы сынбаған деген сол, әне!
* * *
Қит етсе қырып салудан да, алдындағы малынан айырып аштан қатырудан да сағы сынбаған қазақты жуасытудың енді қандай амалы бар? Оны да ойлап тапты. Оның амалы - ұлтты рухани жұтқа ұшыратып, жаппай мәңгүрттендіру еді. Ол үшін мына ен жайсын Далаға әр қиырдан қашқан-пысқан ниеті харамдар мен қаны бұзықтарды тоғытып әкеп, Қазақты солардың қаны мен жынына сіңіріп жіберуді күштеді. Рас, олардың қаны-жыны араласты, қазақты өз жерінде азшылыққа айналдырып бақты, алайда сағын сындыра алмады, қалай әрекеттенсе де, азды көптің тұңғиық тереңіне батыра алмады.
Бұл неткен мықты халық?! Қандай рухтан жаралған?! Бүкіл әлем аң-таң. «Өлді деген батырың өгіз мініп келдінің» кері. Өлмейді. Жаны сірі. Ендігі амал не болар? Қытайда отбасының бірлігін іріткісі келсе: «Құдай бар болса, үшке бөлін» деп қарғайды екен. Қазақты өзді-өзімен атыстырып-шабыстырудың тағы бір амалын тапты. Жиырмасыншы ғасырдың қырқыншы-елуінші жылдарында Совет Одағы мен Қытай саясаткерлерінің Шығыс түркістандықтарды біріне бірін айла-шарғымен айдап салып қырғынға ұшыратқаны және қазақты қырық мемлекетке қаңғытып жібергені аздай, енді өзінің ата жұртында бөлшектеуге әрекеттенді.
Аллай-ай, бұл Қазаққа біткен қандай қасиет?! Сұсы басым биліктің алдында құрдай жорғалап жүрсе де, өз ішінде ауызбірлігі аса берік болмаса да, ата жұртын қорғауға келгенде, шамырқанып шыға келеді. Құдды күл арасынан сілкініп шығатын Феникс! Бағзыдағы бабалары аманаттаған ұлы Даланың тұтастығын бұл жолы да сақтап қалды. Алайда, өктемдікке не амал бар, зымиян саясат ұлтымыздың генетикалық қорын аздыру ыңғайынан айласын асырып үлгерген-ді. Атом-тажал қазақты жерінің астынан да, үстінен де қырық жыл төмпештеп, эксперименттің жемі етті. Қадым замандардан бері тұқымын аздырмай келген Қазақтың, міне, нақ осы ыңғайда қылар қайраны болмады. Сұм заманның сұмдығы бұған дейін де «мың өліп, мың тірілген» халықтың өркендерін білдірмей аздыруды бүгінімізге ұластырды. Бұл зауалдың запыран зардабы енді қанша ғасырға жалғасарын кім білгендей. Жұмбақтың жұмбағы сол болып тұр...
Қаншама қайсар болса да, халықтың жаны темірден емес, жүректерден жаралған ғой. Атом-тажал темірді де жоқ етеді. Қаны тұщы Қазақтың жүрегі талықсыды, демі алқынды. Оның ақыры ұрпағына қиянат болды - іштен кеміс болып туу және рухани жұтқа ұшырау иектеді. Даламызды жайлаған экологиялық апат рухани жұтқа ұласқанда - мәңгүрттену мен тұқым азу басталады екен. Оқырмандармен кездесу кешінде бір балалы-шағалы қандасымыздың клуб толы көптің көзінше: «неге орысша сөйлемейсің» деп, бүкіл қазақтың әкесіндей Ғабиден Мұстафинді ренжітіп шу шығаруын санамен салмақтап көріңіз. (Жазушы Жанат Ахмадиевтің мақаласынан, оқиға солтүстік облыстардың бірінде болған). Мәңгүрттенудің бұдан асқан мысалы болмас. Тіліміздің мемлекеттік мәртебесіне қарсы шығып сабылып жүргендердің дүмпуі әлі де басылар емес: «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дейді. Айтарыңыз не, азаттықтың ақ таңы енді елу жылға кідіргенде, Қазақты алда дүбәра ұлтқа айналу құрдымы күткендей екен...
ІІ.
Бізге қалайда Ұлы Жаратушымыз жар болып азаттықтың таңы атты. Канцлер Горчаков айтқан «өркениетінің» быт-шыты шықты. Халқымыз бодандықтың құрсауынан босанды. Басқа кезең басталды. Күндердің күнінде қызыл империя құлайды, Қазақстан тәуелсіз мемлекет болады деп мына жер жаһанда кім ойлаған?! Азаттықты көксеп армандағанымыз рас, ал оқсыз-шығынсыз еркін ел бола аламыз дегенге сене алдық па? Ондай ой қаперімізде болды ма екен? Әуелгіде тәуелсіздігіміздің құдды көктен түскендей - құшағымызға өздігінен келіп қауышқандай болғаны да сондықтан шығар. О, арман болған Тәуелсіздік! Бұл бізге Ұлы Жаратушымыздың жарылқаған ұлы сыйы болды ғой. Жарық дүниенің жақсылығы! Мұндай ақ жарылқаған жақсылыққа халқымыз бұған дейін де бірнеше рет ие болған-ды. Амал не, көз алартушылар тұс-тұстан талап, мемлекеттілігін бекемдеуге мұршасын келтірді ме, келтірмеді ғой. Оның жыры өте қайғылы...
Енді бұл жолғы бостандықты жазатайым қолдан сусытып алмаудың жанталасы әуелгі аяқ алыста бұған дейінгі қым-қиғаш текетірестердің бәрінен де асып түсті. Маңдайымызға мың-мың жылда бұйырған Тәуелсіздікті кешегі олқы-толқы шырғалаңда қорғап қалу машақатында жан-жақтан анталап тықсырған дипломатияның сан қырлы сиқырлы қысымына төтеп беру - азаттық алуға майдан ашудан да кем болған жоқ. Ауыр болды. Қазақтың қаны онсыз да аз төгілмегені белгілі. Тәуелсіздік туын желбіреткенімізбен «өтпелі» деген қитұрқы кезеңнің ауыртпалығы тобықтан қағар қырқылжыңды қоздырып, кері кеткен кикілжіңді өршітіп жіберді. Тіліміздің мәртебесіне тас атқандар дербес мемлекеттілігімізді де қолдамады. Олар шекарамыздан тысқары жұртынан медет тілеп екі ортаны жол қылумен болды...
Тәуелсіздік эйфориясының ілкідегі «ессіз» қуанышы саябырсыған шақта халықтың тоғы шайқала бастады. Ел жекешелендіру деген талан-тараж нәубетіне килігіп, жоқшылыққа ұрынды. Тәуелсіздігіміз ұлан-асыр тойымен бірге күйзеліс кезеңін де ала келді. Күнкөріс қиындады. Айтарыңыз не, сол тұста Қазақ мемлекеті БҰҰ-ның мүшелігіне қабылданып, бүкіләлемдік қауымдастыққа қосылғанымен Тәуелсіздігіміздің тағдыры қыл ұшында тұрды. Жасырары жоқ, ел ішінде күні кешеге дейін ертеңімізге сенімнен гөрі абыржушылық басым болды. Мысал ма? Мысал жетіп артылады. Совет Одағын таратып, отарлаушы Конституцияның 6-бабын қысқартқандарды қарғыстың астына алған сол тұстағы кейбір коммунист басшыларды да көзіміз көрген. Олар жылы орындарынан айырылғысы келмеді, туған халқының тәуелсіздігін жеке бастарының мансабына құрбан етуден жүздері жанбады. Доқ көрсетті, өсек-аяңды желдей естірді...
Бәрінен де қауіптісі мемлекетіміздің дербестігін қызғанушылардың тепкісі іштен де, сырттан да қатты болды. «Ант атқан» Горбачев биліктен айырылып қалып, басына күн туғанда: «Қазақстанның солтүстігіндегі бес облыстың жері Ресейдікі...» деп артына шоқ тастап кетті. Шоқтан шашырайтын ұшқыннан өрт өршитіні белгілі. Ал сақалды Солженицын: «Егер көшпелі тобыр жылына бір рет мал жайып өтсе, ол жерді меншігіне есептеген...» деп Генсек бықсытып кеткен шаланы жалынға айналдыруға ашық шақырды. «Қазақстанды Ресейге қосып алу керек» деп айқайлатып жазды, «Ресейді қалай көркейту керек» деген атышулы байбаламында. «Қосып алу» дегені, беті бүлк етпестен басып алу ғой.
Ал ұлы державалық шовинистердің ноқтасын киюден үміттілер арамызда әлі де бар. Олар жыртылып-айырылады. Сақалды реакционер солардың дүмпуінен үміттенді. Дес бергенде әуелі бір Алла, қалды халқымыздың таспен ұрғанды аспен ұратын даналығы мен еліміз басшылығының сыртқы және ішкі саясаттағы алғырлығы - дербестігімізді ың-шыңсыз қорғап қалды. Осы күні байыптап көрсек, Кремль қазақ жерін қару-жарақ қоймасына айналдыру арқылы бізді оққа байлап келіпті ғой! Егер капиталистік жүйе мен коммунистік жүйе майдандаса қалса, алдымен қарауылға біз ілінеді екенбіз. Құдды бүгінгі Арабстан жұртындай. 1991-жылдың басында біздің жерімізде қызыл империяның қару-жарақтың басқа түрлерін айтпағанда, 1216 құрлықаралық баллистикалық ракеталар мен ядролық зарядтар сияқты жаппай қырып-жоюдың орасан зор жойқын арсеналы болыпты.
Тәңірімнің жарылқағаны: Елбасы президенттік билікті алдымен еліміздің тәуелсіздігін бекемдеп алудан бастады. Соломенцов деген найсап 1986 жылғы аласапыранда, қазақты «махровый националист» деп күйдірді ғой. Бүтін бір халықты бүкіл әлемнің назары алдында бұдан өткен қорлау болар ма?! Біздің тұңғыш Президентіміз Кремльдің күн тәртібіне мәселе қойып, қазақтың нанын жеп, суын ішкен құдығына түкірген сол шовинистің «қара жүрек ұлтшыл» деп қанымызды қайнатқан жаласынан халқын құтқарып алғасын, шетелдік сапарын ә дегенде, тәуелсіздігіміз жарияланбай тұрған тар кезеңде-ақ Генсектің рұқсатынсыз қандас-жандас Түркиядан бастаған еді. Бұл қадам - Қазақстанды аңдып, қарауылға алып отырғандарға көрсеткен қыры болатын. Қасым ақынды қайталап айтсам: «Ей, тәкаппар Дүние! Бізге де бір қарашы - біз Қазақтың баласы...», жұмыр жерде біз бармыз, біз де елміз, - дегені еді. Айтарыңыз не, Нұрсұлтан Әбішұлының сондағы сол сапары халықаралық әккі саясатта сенсация болды.
Әлбетте әуелі сыртқы саясатты бекемдеп алмай ішкі тірлігіміз қайдан оңалсын. Құбылмалы саясатқа сенім жоқ, егер қатерлі жағдай тұтана қалса, анау Семей полигоны мен 1216 ядролық арсенал тұрғанда, Қазақстан қайда қашып құтылғандай?! Құтылу жоқ, тек қосақ арасында құрбан болудан басқа... Дербестігімізді бекемдеп өркендеуімізге халықаралық өреде нық сенімді кепілдік керек! Семей құбыжығы сол үшін жабылды. Ядролық арсеналдан сол үшін құтылдық. АҚШ, Ресей, Қытай, Англия сынды алпауыттардан қауіпсіздік кепілдігін осылай алдық.
Аралдық ақын Мешітбай Құттықов бірде маған алыс қиырдағы американдық үндістер Арал теңізінің қайғылы көрінісін кинодан көргенде жылаған екен, - деп, «Аборигендер» деген өлеңін оқып берген еді.
Президент стратегиясының ертеңімізге деген сенімімізді бекемдей түскен және бір мысалы жаңа елордамыз Астана қаласының шұғыл өркендеуі. Басқа да қалаларымыз әлемдік озық өркениет нұсқасымен жаңаруда. Мұның мысалына тек өзіміздің Қызылордамызды-ақ алайықшы. Заманында «Қамыс қала» аталған ордамыздың дәл бүгінгідей шарықтап көріктенуі бұрынғы бодан заманымызда болып па еді? Болған жоқ! Міне, осының бәрі әуелі дербестігіміздің, сосын тәуелсіз мемлекеттер көшіне ілесіп, әлемдік өркениетке еркін араласуымыздың арқасы.
Міне, ағайын, жарық дүниенің жақсылығы дегеніміз осындай болады. Егер Қазақстан бодандық қамытынан құтылмағанда ойымызды осылай еркін айтып, еркін қимылдай алар ма едік? Қайдағы қимылдаған... Демек, біздің бәріміз де Тәуелсіздік алдында қарыздармыз.
Тәуелсіз еліміз енді міне жігіт жасы жиырма бесте! Осыдан 25 жыл бұрын азат Қазақстанымыздың ширек ғасырын көрсек деп армандап едік. Бұзылмай-жарылмай бұған да жеттік аман-есен. Тәубе, тәубе. Тәуелсіздігіміздің алғашқы апыл-тапыл қадамына орай «Ашық мұхитқа шыққан алып» деген толғау жазып едім. Мұхит - күллі әлем, оның аласапыран толқынында «Қазақстан» деген алып кеме өте ауыр жүзіп келеді. Оны тау толқындар, ғаламат айсбергтер талай рет аударып жібергісі келген. Ондай қатерлі қауіптерден талай рет жол тауып шықты. Кемедегілер аман, ашық мұхитта алға өрлеп барады. О, Тәңірім, Кемемізді бұдан былайғы сапарында да кесапатқа кезіктіре көрмегін. Менің күндіз де, түнде де Ұлы Жаратушымыздан жалбарынып өтінерім - тек осы тілек. Еліміздің амандығы, жеріміздің тұтастығы. Осынау ұлан-байтақ ұлы Далада ақ көңіл халқымыздың қаны мен тері сіңбеген бір сүйем де жері жоқ екен. Бодандықтан бостандық жазирасына жетіп, төрт құбыламызды түгендеп жатқан осынау сұсты ғасырда осыны бекем ойлап ескергейміз. Бабаларымыз аманатқа қалдырған жұртымыздың қойынын ашып, мұнайын сапырып жатырмыз. Сол мұнай майдан мұхитында халқымыздың қаны барын білгейміз.
«Әбіш Кекілбайұлының поэзиясы» атты мақалада Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры Бағдат Кәрібозов Әбіш поэзиясының қыр-сырын, ерекшелігін талдап, жыр сүйер қауымға оның өлең өлкесінде де дара тұлға болғанын жеткізеді.
...Қазақ әдебиетінің тарихында қазақ поэзиясының ерекше дәуірлеген кезеңі өткен ғасырдың 60 жылдарына тура келеді. Бұл жағдайдың басты себебі 1956 жылғы СОКП-ның ХХ съезінде жасаған Н.С.Хрущевтің баяндамасынан кейін «жылымық» аталған жылдардағы КСРО құрамындағы ұлттар мен ұлыстардың әдебиеті мен өнеріне шығармашылық еркіндік берілуі еді. Басқа да ұлттардың әдебиеті мен өнеріндегі сияқты қазақ әдебиеті мен өнерінде де ерекше өрлеу, даму үрдістері болды. Заман, қоғам шындықтарын тереңнен толғап, ашып суреттеген кемел тарихи романдардың, сондай-ақ, күрделі күрмеуге, шытырман шиеленіске толы драмалардың алғашқы легінің жарияланып, қоғамда үлкен дүмпу туғызған уақыттары осы кезеңге тура келді.
Қазақ поэзиясында да жаңарулар мен жаңғырулар, мазмұндық, түрлік жаңалықты сипаттар осы уақыттарда ерекше байқалды. Әсіресе, қазақ лирикалық поэзиясындағы соны серпін, өзгеше өрлеу жауыннан кейінгі көктей дүр ете қалып, көзге ерекше көрінді. Осы жылдардан бастап қазақ өлеңінің философиялық тереңдігі арта бастады, поэзияның уақытпен үндестігі - публицистикалық сипаты молайды, ақындарымыз мазмұн, түр жаңалықтарына жиі барды, әдебиетіміз, өлеңіміз ұлттық дәстүрге бірыңғай бет бұрды. Өздерінің шығармаларымен қазақ әдебиетінің тарихынан мәңгілікке орын алып қана қоймай, оның ілгерілеуіне, дамуына айрықша үлес қосқан бір топ таланттар шоғыры: Қ.Мырза-Әлі, Т.Молдағалиев, С.Жиенбаев, Ж.Нәжімеденов, Ф.Оңғарсынова және тағы басқалар әдебиетке осы уақытта келді. Осылардың бел ортасында Ә.Кекілбайұлының есімін атасақ, артық болмас еді. Өйткені Ә.Кекілбайұлының да әдебиетке өлеңмен, поэзиямен келген уақыты осы жылдарға тура келді. Ә.Кекілбайұлының алғашқы өлеңдерінен бастап, бүкіл поэзиясына дендеп қарағанымызда оның саңлақ суреткерлігінің, асқан ақындық қабілет-қарымының сол кездің өзінде-ақ ерекше байқалғаны - бұл біріншіден, екіншіден егер кейіннен Ә.Кекілбайұлы проза мен драмаға ден қойып кетпей, бірыңғай поэзиямен айналысқанда оның мықты ақын боларына ешқандай күмән жоқ еді. Бұл айтқандарымыздың шындығын оның өлеңдерімен дәлелдеуге болады.
Жалпы лирикалық поэзияның күші суреттілігінде, яғни ақынның сөзбен сурет сала алуына байланысты дер болсақ, Ә.Кекілбайұлының алғашқы өлеңдерінің өзі бұл қалыпты айрықша танытады. Ақынның «Туған жер» (1959) деп аталатын өлеңінде:
Өстім, қырда, қиырда,
Естімей орман шуылын.
Жүзімді қақтап құйынға
Селеудің тыңдап суылын.
Теңізден шетпін бұрқақты,
Тәнімді толқын көмбеді.
Сусай қалсам, су тарттым
Шыңыраудан шөлдегі.
Тақырға асық иірдім,
Құмақта қудым қозыны.
Күн жеп қойған киімнің
Иықта кеткен тозығы.
Өлеңнің лирикалық кейіпкері өзі туралы айтып отыр. Өлеңде өмірбаяндық дерек бар. Бірақ бұл жай сөз емес, табиғат суретіне, пейзажға сүйенген сөз және бір ғажабы қолмен қойғандай, анық, дәл, әсерлі және әдемі сөздер. Осы жерде суреткерлік қабілет, ақындық талант, оның өзіндік ерекшелігі мен даралығы төңірегінде бір көш әңгіме айтуға болар еді. Өлең шумақтары субъектіленген, сезімге суарылған, табиғат суреті, бөлшегі, құбылысы бұл жерде екінші орында, фон ретінде ғана алынған.
Өлеңді бастан аяқ оқып болғанымызда алған бірінші әсер ақынның көңіл-күйіне, айтпағына табиғат суреті - пейзаждың әсем үйлесіп, өлеңнің құрғақ сөзге емес, сезімге суарылған табиғат суретіне малынып тұруы арқылы оқырманды жіпсіз байлауы мен баурауы. Екінші әсер бұл өлең кім-кімнің болса да туған жерін еске түсіреді, сағыныш сезіміне бөлейді. Осылайша өлең мақсатына жетті, бітті. Нағыз өлең, ұлы суреткерлер ғана дүниеге әкелетін көркем шығармалар осылай болса керек-ті.
Әдебиеттанушылар өлеңдегі лирикалық кейіпкердің автобиографиялық және автопсихологиялық сипатты болып келетінін айтады. «Туған жердегі» автобиографиялық сипат байқағанымыздай, жалаң өмірбаян емес, өмірдің барша сұлулығын кереметтей табиғат суреті арқылы тамашалата алатын жанды, суретті өмірбаян болғандықтан кез келген оқырманды толқытады, тебірентеді. Ә.Кекілбайұлының, бір ғажабы, ұлы суреткерлік қыры осы табиғат тақырыбына жазылған алғашқы өлеңдерінен-ақ тайға таңба басқандай анық танылды дейтініміз сондықтан. «Алматыда, күздікүні, бульварда» (1959) деп аталатын өлеңінен үзінді:
Теректер де жұлдырыпты кекілді,
Тауда тұман тастан тасқа секірді.
Күз жауыны тарсылдайды жер шұқып,
Жем іздеген жетім шөже секілді.
Сабапты жел қайыңды көк жоса қып,
Жайратыпты қызыл гүлді қоса атып
Сар жапырақ тұра бермей бұтақта
Жатыр орнын жаңа бүрге босатып.
Өлеңнен байқағанымыз - көзбен көргенді суретке, өлеңге айналдырудағы дәлдік, шеберлік. Осы дәлдік арқылы өлеңнің шынайылығы байқалып қана қоймайды, сұлу суреттен туған сұлу сезім терең ойға жетелейді, өйткені өлеңде табиғат суреті, оның детальдары бәрі де жанды, тірі адамға айналып кеткен. Өмірде бәрі өткінші, мәңгілік еш нәрсе жоқ екен. Күздің келуі арқылы ақын осы өмір заңдылығын тағы бір еске түсіреді. Суреткерлік қарым-қабілеттің күштілігі сондай, сөзбен сурет салу мен табиғат суретіне ынтықтыру арқылы жан-жүрегімізді сұлу сезімге бауратады. Нәтижесінде күзбен бірге ордалы ойға келеміз. Аса дарынды суреткердің алғашқы туындыларының өзінде осындай қымбат қасиеттер бар еді. Өлең өнеріміздің философиялық тереңдігінің артуы дегеніміз, осылайша, Ә.Кекілбайұлы сияқты сирек таланттарымыздың алғашқы өлеңдерінде-ақ жүзеге асқан болатын.
Ұлы Абай «Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар» деді-ау. Ә.Кекілбайұлы болса, жас кезінің өзінде-ақ:
Махаббат деген - ақырет,
Тыңдата ма, бірақ, қыз.
Бәйгеден жүрек аты кеп,
Қызығын көрдік бір-ақ күз.
Мен өкінбей қайтейін.
Жүректі қайғы даты жеп,
Қапаста қалдым шырақсыз.
Қас пен көздей жақын ек,
Жер мен көктей жырақпыз.
Мен өкінбей қайтейін, - деп жазды.
Әдебиеттанушылар әлемдік әдебиеттануда «медитивті» лирика деп атап жүрген өлеңдердің үздік үлгісі - бұл. Қазақ әдебиетінде Ұлы Абай, Мағжан мен Қ.Аманжоловтан кейін «медитативті» лирикалық үлгілер жаңа бір сатыға, сапаға көтеріліп, әлемдік әдебиет деңгейінде 1960 жылдардан бастап көріне бастаса, осы сипат, үрдіс Ә.Кекілбайұлының алғашқы өлеңдерінен байқалды. Жоғарыдағы өлеңді махаббат лирикасы деп өте шығуға бола ма?! Жоқ, әрине! Бұл ақынның ішкі жан дүниесінің толғанысы, тебіренісі, сезім-сырлары, өз-өзіне сараптама жасай отырып, толғануы, ал бұндай жай-күйдің әрқайсысымыздың басымызда болып қалуы әбден мүмкін ғой. Ұлы ақын өзі туралы айтса, бәріміз, халық туралы айтқаны (В.Белинский). Лирикалық кейіпкердің сезімі неғұрлым терең жырланса, одан туатын ой да соғұрлым биік, әсерлі, ықпалды болатынына жоғарыдағы өлеңдерді мысалға келтіруге болады.
Философиялық тереңдік дегенде астарлы сезімнің терең тағылымды ойға құрылуын және ойдың қарама-қарсы ұғымдардың салыстырылып, салғастырылып берілуі арқылы айтылмақ сыр мен сезімді ұштай, өткірлей түсуін айтамыз. Бұндай өлеңдердегі ой мен сезім кейде ұғымдардың салыстырылуы арқылы берілсе, кейде бір-біріне қарсы қойылып та бейнеленеді. Мысалы, «қас пен көздей жақын ек, жер мен көктей жырақпыз» деген сияқтылар. Әдетте өлеңді жіктеп-жіліктегенде философиялық өлең деп топтастырып жатамыз. Шын мәнісінде тек ойдан ғана тұратын өлең болуы мүмкін емес қой. Егер өлең бірыңғай ойдан тұрса, ол өлең емес, трактат болған болар еді. Өлеңде ой мен сезім бір-бірімен астасып, астарласып қосөрім беріліп отырады. Сезімнің сирек сарабдалдығы мен терең ойшылдықтың қабысуы арқылы дүниеге келетін өлеңдердің қазақ поэзиясында 60-жылдардан бергі уақытта кең етек алғанын айтсақ, осы үрдістің басында Ә.Кекілбайұлы, Қ.Мырза-Әлі шығармаларының тұрғанын жасыра алмас едік.
«Медитативті» лирикалық поэзияның үлгілерінде лирикалық кейіпкер үнінің басым болатыны түсінікті, бірақ лирикалық кейіпкердің өлең өміріндегі өрісі, айталық толыққанды әдеби бейнеге айналуы не айналмауы, сондай-ақ тұлға деңгейіне көтерілуі не көтерілмеуі дегендердің әр ақын шығармашылығында әртүрлі болатынын айтсақ, шындықтың ауылынан алыс кетпейтініміз ақиқат. Мәселен, Ә.Кекілбайұлы жарыққа шығарған соңғы өлеңдерде лирикалық кейіпкер үнінің күрделеніп, жан-жақтылық таныта бастағаны, толысқан, сомдалған лирикалық бейненің тұлғаға айналғаны танылады. Бұл да, әрине, ақындық қуатқа, таланттың қарым-қабілетіне тікелей байланысты. Ә.Кекілбайұлының «Далиған, қайран, далам-ай» деп басталатын өлеңі - осы айтқандарымыздың дәлелі. Жалпы даланың қазақ поэзиясында символдық бейнеге айналғаны қашан, ақындарымыз даланы жырласа, қазақ деп қабылдайтынымызға көп болған. Ә.Кекілбайұлының даласы да көзге ыстық, көңілге жақын, жылы.
Далиған, қайран, далам-ай,
Жиылмайды-ау етек-жең,
Аңғал өскен баладай
Құқай көрмей бөтеннен, - деп басталатын өлеңде қазақ халқының мінезі, әдет-ғұрпы, салт-санасы кеңінен жырланады. Кеңдік, кең пейілділік, қонақжайлылық, меймандостық, аңқаулық, аңғалдық, сенгіштік, ақындық пен ақынжандылық, т.б. қасиеттеріміз өлеңде әдемі өрнектелген. Осы өлеңнің соңы:
Аңырайған сол аузың,
Аңқаюмен өте ме,
Нұқығаны заманның
Аз болды ма шекеңе - делініп аяқталса, Қ.Мырза-Әлінің бір өлеңі де:
«Аңқау халық екенбіз ғой біз деген,
Астындағы атын алты ай іздеген,
Әттең, бабам маңдайынан аққан сор
Ақырғысы басымырақ жатқан соң, - деп аяқталады. Бұл екі ойшыл ақынның қазақ болмысын жырлаудағы ұқсастығы ғана емес, ой түйіндеулері мен тұжырымдауларының бірлігі де. Ә.Кекілбайұлының лирикалық кейіпкерінің ұлт болмысы, халық тарихы мен тағдыры, жаратылыс, дүние-таным мәселелері туралы толғануы заңдылық. Өйткені ол - тегеурінділігі терең теңіздей талант иесі, оның лирикалық кейіпкерінің интеллектуальдық дәрежесі өте биік, жан-жақтылығымен ерекшеленеді. Бұл айтқандарымызбен Ә.Кекілбайұлы қазақ поэзиясына терең ойлылық, дидактика-философиялық сарындар әкелген ақын болды деп қорытындылаймыз.
Ә.Кекілбайұлының қазақ поэзиясында, өлеңінде бұрыннан бар дәстүрді ілгерілетуші, дамытушы болғанына дәлелдер көп.
Жазғы күн шапағын,
Өшірді. Түн келді.
Қап-қара жамылып,
Дүние бүркенді.
Алыстан жарқырап,
Көк айдын көлбейді,
Қорқақ ши қалтырап,
Қоға бас тербейді.
Кезектес ұйқаспен беріліп, 6 буыннан құралған, 40 жолдан тұратын осы табиғат лирикасында қазақ поэзиясы үшін дәстүрлі жыр үлгісінің элементтері, ұлы Абай дәстүрі бірге қауышып, жаңа бір үндестік тапқан. Бұл өлең де табиғат суреті - пейзажға жан бітіре суреттеудің ерекше үлгісі.
Әлділер де туыпты,
Әлсіздер де туыпты,
Әлін білмес әлектер,
Әр дауды бір қуыпты». Осылай басталатын өлең 6 шумақтан тұрады. Ұйқасы қара өлеңге келгенімен, бұның буын саны 11 емес, 7.
Ә.Кекілбайұлының соңғы жылдары жазған өлеңдерінде эпикалық қуат, айрықша ақындық темперамент байқалды. Бұл сипаттың кездейсоқ құбылыс емесі түсінікті әрине. Біріншіден, осы уақыттарда Ә.Кекілбайұлы қаламынан небір ғажайып эпикалық дүниелер, әңгімелер, повестер, романдар дүниеге келді, яғни, ол аса дарынды прозаик екенін дәлелдеп үлгірген еді.
Ә.Кекілбайұлы қаламынан туған күрделі драмалық дүниелер де - осы жылдардың туындылары. Сондықтан өткен ғасырдың 90-жылдарындағы Ә.Кекілбайұлы өлеңдерінде эпикалық, драмалық сипаттардың болуы заңдылық. Бұндай даму үдерістері, яғни әдебиет тектерінің бір-бірімен жымдасуы, жақындасуы, бір-бірінің заңдылықтарын өз бойларына қабылдай бастауы ХХ ғасырдың соңғы ширегіндегі әлем әдебиетіне тән жағдай болатын. Әдебиет пен өнердің өз заңдылықтарына сәйкес, стихиялы түрде осылайша дамуы күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан құбылыс.
Ә.Кекілбайұлының «Түс пен жору» (1999) деп аталатын өлеңі: Алпысыншы жылдар. Жазушылар Одағы. Үшінші қабат үйдегі
Сол жақ қанат. «Қазақ әдебиеті». Қоңыржай бөлме түптегі.
Алпамса ақын. Талдырмаш сыншы. Тамақ үсті. Түс кезі.
Екеуара әңгіме. Сөйлеген бала. Тыңдаған жігіт. Көлгірсіген ешкім жоқ -делініп, 75 жолға созылған. Өлеңнің әр жолы 19-20, кейде 21-23 буыннан құралады. Өлең мазмұны лирикалық кейіпкердің яки ақынның қазақ поэзиясының дарынды өкілі М.Мақатаевқа түсін айтуына, жорытуына құрылған. Өлеңде әңгіме элементі, яғни эпикалық сипат басым. Көлемді, ұзақ, әр жолы 19 буыннан кем емес бұндай өлеңдердің де қазақ әдебиетіндегі бастауы сол 60-жылдардан тамыр тартады. Т.Айбергеновтің «Аруана бауыр дүние», «Сағыныш» деп аталатын өлеңдері тым ұзақтығына, әр жолының кемі 19 буыннан тұратынына қарамастан, оқырмандардың ыстық ықыласына бөленгені белгілі. Кейіннен бұл дәстүр М.Шаханов шығармашылығында жалғасты. Ә.Кекілбайұлының 90-жылдардың аяғында жазылған «Түс пен жору» сияқты бірнеше өлеңдері осы дәстүрді жалғастырып ғана қойған жоқ, дамытты, тереңдетті. Өлең-жырдағы эпикалық қуаттылық әдебиетіміздің ұлттық дәстүріне сыйымды құбылыс болғандықтан, түптеп келгенде, бұндай жағдай қазақ өлеңінің ұлттық дәстүрге бет бұрып, дамудың даңғыл жолында келе жатқанын да дәлелдейді.
Ә.Кекілбайұлының осы жылдардағы жазған өлеңдеріндегі тағы бір ерекшелік - қанасына сыймай, ағылып-төгілген, асып-тасқан сөз нөпіріне, нөсеріне толы болуы.
Мысалы:
Қалайсың»-дейді қиылып, «Отырмын»-деймін бұйығып.
Барады жүрек жиі ұрып, барады сабыр сұйылып,
«Бері кел»,-дейді қысылып, «Жарайды»-деймін түңіліп.
Түндігін үйдің түсіріп, зәремді түн ұшырып,
Есігін зорға тапқаным, ентігіп зорға аттадым.
Босағадан аспадым, төрге қарай баспадым,
Түрінің көріп аппағын, сұсының көріп қашқанын,
Немене болып қалды деп, қаралай әбден сасқаным.
Жалма-жан оған ұмтылдым, «жолама» деп жұлқынды,
Тежеп-тентек құлқынды, кеуде тұсым бұлқынды,
Томпайтып алып ұртымды, бере алмай қызға сыртымды
Томсырайып мен тұрдым, тымсырайып ол тұрды.
Осындай экспрессивті түрде баяндалатын ұзақ-ұзақ шумақтардың не бір асыл сөздерге, бейнелерге, бейнелілікке толы болып келіп отыруы Ә.Кекілбайұлының ақындық, суреткерлік қырының ерекше сипаты күйінде қазақ поэзиясының соқталы мазмұны болып әр уақыт қала бермек. Көріп отырғанымыздай, жоғарыдағыдай өлеңдерде драмалық сипат: сұхбат, әңгіме элементтері де бар. Бұның барлығы ақын Ә.Кекілбайұлы шығармашылығының сан қырлылығын, күрделілігін көрсетеді. Төгіліп тұрған сезім мен ортаймайтын ой ағынын құйылып тұрған асыл сөздер арқылы бере отырып, өлең нысанындағы адам, зат, құбылыстың бәрін де үздіксіз қозғалысқа түсіру, сөйте отырып қоршаған орта, әлем барлығына жан бітіре суреттеу - бұл енді ақын Ә.Кекілбайұлына тән стиль болатын.
Көріп отырғанымыздай, Ә.Кекілбайұлының ақындығы туралы айтқандығы есімізде болуы тиіс бір нәрсе - оның жоғарыда мысалға алынған өлеңдеріндегі жаңа леп, үн, қарқын. Өлеңдегі ұлы Абай дәстүрін, лирикалық поэзияның әлемдік тәжірибесін толық әрі терең меңгерген ақын Ә.Кекілбайұлы тыңнан түрен салғандай қазақ өлеңіне жаңа бір эксперимент жасап көргісі келген сыңайлы. Жоғарыдағыдай өлеңдер лирикалық поэзияның классикалық анықтамасына тура келе бермегенімен, бізге өте таныс, жат емес, жақын. Бұл жерде ақын қазақ поэзиясындағы дәстүрлі жыр үлгісін жаңғыртып, жаңартып бұларға лирикалық сарын қосып, өзіндік жол салғысы келгендей көрінеді. Қалай болғанда да, бұл стиль әдебиетіміздің, өлеңіміздің ұлттық дәстүріне бөтен емес. Соны серпін, аса қуатты ақындық темперамент, эпикалық құлаш, Құрманғазының күйлеріндегідей дауылды, асқақ қалып, төгіліп-құйылып тұратын нөсер жаңбырдай сұлу сөздердің тасқыны - бұлар ақын Ә.Кекілбайұлының бітім-болмысындағы ерекше қырлар. Жалпы өнерпаздың стилі туралы айтқанда, оның табиғи бітім-болмысын бірінші кезекте есте ұстауымыз керек-ақ. Сондықтан ақын Ә.Кекілбайұлы, жазушы Ә.Кекілбайұлы, драматург Ә.Кекілбайұлы дегендердің алдында адам Ә.Кекілбайұлы тұрғанына ден қойсақ, Алла тағаланың Ә.Кекілбайұлын басқалардан артық жаратқанына ешкім таласа қоймас.
Айнала жатқан түркі елі (Эссе)
«Ай-жұлдыз жерге иілді...»
Түп-тамыры біріккен,
Түркілерден тарайды.
Түрікшесі түрікпен,
Тілдесуге жарайды!
(Шәкең туралы шымшымадан)
Өмірі Түркияға табаны тимеген, түрікше білмейтін адамның осы елге жетісімен, қауқылдасып отырған қалың түріктің қасына келіп, сөйлесе жөнелгенін көрдіңіз бе? Ал біз көрдік. Стамбулдың Ататүрік әуежайында ұшақтан шыққан бетте-ақ Шаһизада Әбдікәрімовтің жұртпен тілдесуге құштарлығы оянды. Кез келген түрікті ұстап алып, әжептәуір әңгіме айтты. Қалай ұғысып тұрғандарын бір құдайдың өзі білсін?! Астанадан ұшағымыз кешігіп ұшып, сапарымызды әрі қарай жалғайтын Анкараның рейсіне үлгермей қалғанбыз. Шәкең анықтама бюросына барып, соның жай-жапсарын біліп келді. «Бір сағаттан кейін ұшатын болдық», - деді. Тағы бір түріктен «Мұнда темекі шегетін жер бар ма өзі?» - деп сұрады. Енді біреулермен сөйлесіп көрді де, «Мыналарың түрік емес, күрділер-ау деймін, мені онша ұқпады», - деп қапаланып қайтып келді.
Жалпы, біздің Шәкеңнің жергілікті жұртпен пікір алысуына өзек болатын тақырыптар жетерлік. Мәселен, ол Қазақстанның тәуелсіздігін Түркияның ең алғашқы болып танығанын айтады. Одан кейін екі елдің белгілі тұлғаларын тізбелейді. Әрине, олардың көңілінен шығу үшін түріктің танымал азаматтарын көбірек атайды. Оның әңгімесінде Ататүрік, Тұрғыт Озал, Сүлеймен Демирел, Режеп Ердоған есімдері көбірек тілге тиек етіледі. Тіпті бүгінгі түріктердің құлағына аса жайлы тие қоймайтын Әзиз Несин мен Назым Хикмет, Орхан Памук сынды әйгілі ақын-жазушылардың есімдерін де қосып жібереді. Оларға ұнай ма, жоқ па, Шәкеңнің онда шаруасы жоқ. Оған тек соның бәрін әңгімеге арқау ететін мәлімет ретінде қолдана білсе болды.
- Ағып тұрсыз ғой, жалпы қай тілде сайрап жүрсіз өзі? - дейміз сөйлете түскіміз келіп.
Ол да іркілмейді:
- Көне түркі тілі ғой. Сондықтан мені бұлардың бәрі бірдей түсіне бермейді. Арнайы дайындығы бар түріктер болмаса...
Ал керек болса... Ол елмен әңгімелескенде, аузы ғана сөйлемейді, қос қолының он саусағы дамылсыз қимылдап тұрады. Түсіндіре алмай жатқан жерін лезде сан түрлі мимикамен жеткізеді. Мәселен, ресторанда тауық етін сұрағысы келсе, құстың қанатын қағып, ұшып бара жатқан сәтін қос қолымен бейнелеп көрсете қояды. Түріктер оны бірден ұғады. Шетінен «Тәмам!», - деп бас шұлғып, зырлай жөнеледі. Болды, тауық дайын! «Тіл білген қандай жақсы!», - деп рахаттанып отырады сосын. Шәкең осы тәсілмен тек түріктермен ғана емес, немістермен де, француздармен де, арабтармен де еркін сөйлеседі. Төтеннен тіл табысудың технологиясын қалай меңгергеніне миымыз жетпейді. Әйтеуір, оның айтқанын ұқпай, дағдарып қалған шетелдікті көрмедік. Алдынан жолыққан адаммен аяқ астынан шүйіркелесе кетіп, бірдеңені айтып, арқа-жарқа болып, күлісіп жатады. Бұл - әрине, кейінгі ахуал. Ал әзірше екі отбасы болып, Түркияда демалуға бекініп, осы елге жаңа ғана табан іліктірген бетіміз.
Анкараның әуежайынан менің үлкен ұлым Бақытжан күтіп алды. Бақытжан - «Қазақстан» ұлттық телеарнасының Түркия Республикасындағы меншікті тілшісі. Біз көп ұзамай оның шаңырағына келдік. Бұл сәтті асыға күттік. Өйткені осыдан бір ай бұрын Анкарада туған немереміз - Расулды әлі көрген жоқ едік. Сол қуанышқа ортақтассын деп, жаны жайсаң жақсы ағаны ертіп келгеннің жөні бөлек екен. Бұл - біздің тұңғыш ұл немереміз. Осының алдындағы Аяжан, Сая, Санадан кейінгі тіршілігіміздің тіні, ұрпағымыздың жалғасы. Шәкең өзіне арнап Альбина келін жайған дастархан басында бата берді. «Мен Бататүрікпін ғой», - деді сосын.
Ертеңіне Анталияға ұштық. Демалыс аймағына жеткізетін автобустың ішінде түріктің қыз-келіншектері толып отыр екен. Шәкең дереу солармен әңгімеге қызу араласты да кетті. Олар да тілінен қағынған біреулер көрінеді. Бір-бірін уытты қалжыңмен іліп түседі. Мінездерінің ұқсастығынан шығар, әйтеуір екі жақтың бір-бірін ұғуында қапы жоқ. Жай сөйлесіп қойса жақсы ғой. Бір қарасам, Шәкең әлгі келіншектердің ортасында отырған жас қызға құда түсіп жатыр екен. Сонау ауылда қалған інілеріне ме, әлде нағашы жұртындағы үйленбеген жігіттерге ме, әйтеуір солардың біріне түрік аруын алып бермекші. Ауыздыға сөз бермей екпіндеп, қыздың қасындағы бес биенің сабасындай екі әйелді тақымдап, «құдағи-ау, құдағи» деп бастырмалатып әкетіп барады. Олардың қалжыңының жарасымдылығы соншалық, аяқ астынан пайда болған қазақ құдаға ренжіп, бұртиып отырған қызды көрмедік. Қайта біздің сары шайырға қайнысын көрген келіндей еркелеп, ыржалаң-ыржалаң етеді.
Түрік жеріндегі «құдалық рәсімі» абыроймен біткен соң, Шәкең терезеден Анталияның көрікті келбетіне үңіліп, бір сәтке үнсіз қалды. Шынында да керемет, табиғатының әсемдігі тіл байлайды. Осыны көрген ақын адам әсерленбей қайтсін?
Шөп те өлең, шөңге де өлең, түрік те өлең,
Демалыс аймағына кіріп келем, -
деді содан соң. Біз шабыт қысып, ширығып отырған ақынды «О, Шәке, не ғып жүрсің Түркияда, Түркия жүрегіңе жыр құя ма?», - деп одан әрі қайрай түсеміз.
Аланияның төріндегі «Vikingen hotels» демалыс үйіне жеттік. Шәкеңдер 1302-нөмірге, біз 5020-нөмірге жайғастық. Тереземіз теңіз беткейге қараған. Айналаның көрінісі ғажап! Сәл әріректе толқыны таудай Жерорта теңізі жер дүниені алып, керіліп жатыр. Соның бәрі көңілін көтерді ме, Шаһизада ақын балконға шығып, сонау Алатаудың бөктеріндегі Байботаға телефон шалды: «Анау баяғы, «Тұңғыш кітап» сериясымен шыққан алғашқы жинаққа өлеңдері енген Мұқаев деген ақын бар еді ғой. Соның аты кім еді өзі?». Байбота асықпай тыңдап, аспай-саспай жауап береді: «Төлеген ғой ол. Әлдеқашан өмірден өтіп кеткен». Шыдамсыз Шаһизада мен байсалды Байботаның еларалық диалогы ұзаққа созылады.
Әдебиеттің әңгімесі түркі дүниесінің қос мемлекетін тербетіп тұр. Сырттай қызыға қараймын. Байбота ағам да біздің Шәкең құсап балконда сөйлесіп отыр ма екен?! «Байбота шал отырады балконда, Қай пәтерде қалды екен деп жас күнім», - деген жоқ па еді Есенғали ақын. Ойды ой қуалап, Байбота Серікбаевтың ««Жетінші пойыз бір жарым сағат, Кешігеді деп есіттім. Секундқа дейін тұрғаным санап, Қалқам-ау, неге кешіктің?» - деген өлең жолдары еске түсті. Журфактың жырындыларын туған жері мен астананың арасында дамылсыз тасимын деп әбден титықтап, ақыры жұлыны үзіліп тынған жетінші пойыз Шәкеңнің бір өлеңінде де аталатын еді:
Көрсетем әлі көкелеріңді түгендеп,
Кетті ғой деме бас бағып!
Бұл бәле тағы төбелес бастап жүрер деп,
Жетінші пойыз қашты алып...
Әсіресе елге қарай бет алғанда жеткізіп болмайтын жетінші пойыз секілді бұлар ұзаққа кетті. Өлеңнің қадірін білетін екі ағам бір-бірін әбден сағынған-ау деймін...
Аланияға келген күннің ертеңіне түріктің бұқаралық ақпарат құралдары бүкіл түркі дүниесінің айбарлы ақсақалы Сүлеймен Демирелдің 91 жасқа қараған шағында дүние салғанын хабарлады. Бұрын осы елдің Үкімет басшысы, кейін Президенті болған қадірменді қарттың қазасы біздің кейіпкерімізге қатты әсер етті. Ұшы-қиыры жоқ көк теңіздің үстінде алып кемемен серуендеп келе жатқанымызда, көзін бір нүктеге қадап, ұзақ уақыт үнсіз отырды. Содан соң небәрі екі шумақ өлең құрады:
Ақырға түсіп жолы анық,
Алладан нәсіп бұйырды.
Қып-қызыл отқа оранып,
Ай-жұлдыз жерге иілді.
Сүлекем, кеттің ғарышқа,
Жұлдызға толып уысың.
Сенделіп қалды алыста,
Сүйекке кірер туысың.
Бүкіл түрік жұрты Сүлеймен Демирелді жоқтап жатыр. Ай-жұлдызды қызыл ту төмен салбырап тұр. Елдің басты телеарналары аңызға айналған абыздың өнегелі өмірінің сәулелі сәттерін дамылсыз көрсетуде. Бақытжан «Қазақстан» ұлттық арнасының «Апта» бағдарламасына ақсақалдың қазасы жөнінде арнайы сюжет жасау қамымен жүр. Мұндайда тәжірибелі тележурналист Шәкеңнің ақыл-кеңесіне құлақ аспай болмайды.
Кейін Анкараға оралған кезімізде, бір ғимараттың жанынан өтіп бара жатқанымызда, Бақытжан: «Сүлеймен Демирел мына ауруханада дүние салған», - деп қалды. Бұған да ол елең етті. Сол күндері құдды бір Қармақшыдағы қаршадайынан білетін қарттардың біреуі келмеске кетіп қалғандай қапалы күй кешіп жүрді. Бұлай болатын жөні де бар еді. Ақсақал бар жерде ұлылық барын бала күнінен сезініп өскен-ді. Тіпті мектептің 10-класында оқып жүргенде жазған ауыл шалдары туралы өлеңі «Жалын» журналына шыққан. Неге екені белгісіз, сол өлең кейінгі кітаптарына кірген жоқ. Ұмытпасақ, онда мынадай жолдар бар еді:
Біздің қарттар берілмей тұл сезімге,
Жалғандық жоқ сірә да бір сөзінде.
Қауқылдасып отырар қоңыр белде,
Жиналғандай бейне бір симпозиумге.
Ендеше, бүкіл түркі жұрты бас қосқан алқалы жиында елге сөз арнайтын ардақты ақсақал өмірден өткенде бала кезінде-ақ ауылдың қоңыр белін әлемдік симпозиумның атшаптырым аудиториясына теңеп, жыр жазған Шәкеңнің қайғыратындай жөні бар...
Ақан Серінің «бажасы»
Қырғыз десе, кетеді,
Ыстықкөлді жағалап.
Қазақ десе, жетеді,
Сырдың бойын сағалап!
(Шәкең туралы шымшымадан)
Теңіз үстінде той жасағанды көңілің қаласа, шағындау бір ауылдың бүкіл адамын шақырып, еркін жайлауға болатын алып кемемен серуендеп келеміз. Мұның ішінде кім жоқ дейсің... Түрік те, орыс та, неміс те, қазақ та осында жүр. Бірақ солардың арасындағы өлең өре білетіні жалғыз Шаһизада шайыр ғана ғой деймін. Оның өзі айналасына таңдана қарап, «Бір топ қазақ көк теңізде жүр екен, Бізді тастап қайда кеттің, Сүлекем?», - деп кеше ғана өмірден өткен түркі дүниесінің ақсақалын әлі жоқтап отыр. Жалпақ жұрт жаппай қайғырған соңғы күндердің әсерінен айыға алмаған сыңайлы.
Көк теңізде керіле жүзіп келе жатқан кемеміздің ішінде енді тағы кім бар екен дегендей, төңірекке зер салып тұрғанымызда, айыр қалпақты бір қырғыз ұшыраса кетті. Міне, дәл осы жерде елгезек Шәкеңе тағы да бір тақырып табылды. Оған құшағын жая ұмтылып, тура бір туысын көргендей қуанды. Өйткені оның қырғыз достары жеткілікті еді. Солардың біразы Бішкек пен Ақмешіттің арасын жол қылып, үнемі келіп-кетіп тұрады. Олар Сыр бойына ат басын бұрған сайын «Қызылордада бір қыз бар, Аузын ашты қырғыздар» деген сықылды шымшыма шумақтар туады.
Біздің кейіпкеріміз сол елдің қарымды қайраткері, айтулы ақыны Акбар Рысқұловтың «Көш» деген өлең кітабын қазақшаға аударған. Тегеурінді телемагнат, аптаның басында Америкада аялдап, соңында Жапонияда жүретін жүрдек журналист Жээнали Қамбаралиевпен жолдас болғанына жиырма жылға жуықтады. Ал қырғыздың жаны нәзік ақын қызы Бақтыгүл Чотуроваға деген ықыласы бөлек. Оның аудармасымен Шаһизаданың «Көк астындағы қағанат» деген жыр жинағы Бішкектен басылып шықты. Бұл кітапқа Акбар ағасы «Өзінен озып, сөзі жетті» деп алғы сөз жазды. Оны айтасың, КазГУ-де бірге оқыған Назарбек Байжігітов деген курстасы сол елдің бас басылымында қызмет істейді. Сондықтан қырғыз бауырларын жер түбіндегі Жерорта теңізінің төрінен көрген соң, Шәкең шаттанбай қайтсін?! «Қырғыз - таудың тарпаңы, қазақ - қырдың құланы», - деп Мағжан ақын айтқандай, төсекте басы, төскейде малы қосылған қос халықтың жолы қай тұста да тоғысып жатады әйтеуір. Енді, міне, көрмейсің бе...
Ала-Тоо өңірі - біздің кейіпкеріміздің талай жырына арқау болған жер. Өзіміздің Сырдарияның ай қараңғысы түгілі, күн шақырайып тұрған сәскедегі сәтін де сирек жырлайтын оның «Түнгі Ыстықкөл» деген өлеңі бар. Туған топырағындағы парасатты перизаттардан бойын аулақтау ұстайтын арқалы ақын ай нұрын төгіп тұрған шақта, әйгілі көлге түсіп, қиялындағы қырғыз перісінің қызымен бірге шомылады. «Айдаладағы Ыстықкөлдің пәтуасыз перісін өлгенше қуып неңіз бар еді, өзіміздің Бекторылар ел жақта да өріп жүр емес пе?!», - дейміз. «Әлде өзіңіз «Өшер ме жүрек төрінен, Оянған осы жыр-аңыз?! Ашына болған перімен, Ақан Серіден сұраңыз!» деп жырлаған әйгілі жыр жүйрігінің жолын жалғағыңыз келді ме?», - деп тиісеміз. Тіпті одан да тереңдеңкіреп, «Күйеу баласы перінің, Бажасы Ақан серінің», - деп қылжақтаймыз. Жоқ, ол бәрібір қайтпайды.
Толқынға кілем жайдырып,
Табыстым жұмбақ үр қызбен.
Айдарыма аппақ айды іліп,
Шашымды жуды ол жұлдызбен.
Бұлқынып бір күш денемде,
Сыймадым сәтте қанама.
Батқым да келіп тереңге,
Қайтқым да келіп жағаға, -
деп «аспанның шетін қайырып, табанына әкеп төсеген» табиғаттың текеметіне сөзбен сурет салады. Көл бетінде аппақ айдың сәулесі дірілдеп тұратыны, сол сәтте көк жүзіндегі самсаған жұлдыздың су үстінде шашылып жататыны сан рет жырланған. Бірақ жеті түнде жолыққан жұмбақ қыздың ширыққан шайырдың «шашын жұлдызбен жуып», «айдарына айды ілуі» - өзгеше ойлай білудің жемісі. Өзге әлемнің үр қызы сылаң қағып, көл жағасында көлбеңдеп жүрсе, өзгеше қалып танытпай қайтеді?! Ай қараңғысында арпалысқа түскен ақиық ақын «Түніміз осы - ақырғы, Жазады кімдер жалғасын?», - деп аласұрады, «... Жағаға қайтар ақынды, Жамырап жұрты қалмасын...», - деп күңіренеді. Ыстықкөл туралы ып-ыстық өлең осындай сезіммен туған еді.
Ақыры, Ыстықкөлдің «анарын ақынның аузына тосып, ащы бір өксік жұтқызған» асау толқыны оны тұңғиығына тартпай, тереңіне батырмай, жағалауға, жағалауға емес-ау, сонау Сыр бойына қарай қайта лақтырады. Сол сәттегі өзінің көңіл-күйін кейіптеуі керемет:
Сенбейтін шындық ...расында,
Жүрген бе қазақ қумай дау -
Пері қыз, қалсам қасыңда,
«Суға кетті» деп шулайды-ау!
Сөйтіп, «суға кетіп» жұртты шулатпай, Сыр бойын сарсаңға салмай, «Қоғам ТВ-ны қапаландырмай, Шаһизада шайыр елге қайтып оралады. Содан бері Ыстықкөлге жолы түспей жүрген-ді. Енді Ала-Тооның арғы бетіндегі ақкөңіл ағайынды туысқан түрік жерінде жолықтырған соң, не тұрыс? Ол теңіз бетінен табылған туыстарымен әңгімеге қызу кірісті.
Айыр қалпақты Райымжан бәйке де сөзшең екен. Әйелі екеуі демалуға келіпті. Өзі бір кезде Оштың қалалық әкімдігінде қызмет істепті. Сол аймақтағы бір аудан әкімдігінің аппарат жетекшісі болған. Райымжанның әйелі қырғыз тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі көрінеді. Соны естігенде, біздің Шәкеңнің тілі шешілді де кетті. Екі елге ортақ Асан Қайғыдан бастап Қасым Тыныстановқа дейінгі әдебиет алыптарын шетінен түгелдей бастады. «Куйругу жок, жалы жок, Кумда туулуп, чөлдө өскөн, Кулан байкуш кантти экен? Чымчып алар жүнү жок, Чыңырарга үнү жок, Боорунда буту жок, Жылан байкуш кантти экен?», - деп, қырғыздың Асан Қайғысының өлеңдерін термелете жөнелді. Одан әйгілі «Манас» жырына, бас манасшы Саяқбай Қаралаевқа ауысты. Аса көрнекті жазушылар Шыңғыс Айтматов пен Түгелбай Сыдықбековті де ұмыт қалдырған жоқ. Біздің балалық шағымыздың ұлы кейіпкері - Бақтығұлды сомдаған атақты актер, сыршыл суретші Сүйменқұл Чокморовтың Бішкектегі бейітіне арнайы барып, рухына тағзым еткенін айтты. Бұдан соң бүгінгі әдебиетке ойысып, өзі жақсы білетін қырғыз ақындарының шығармашылығы жөнінде кеңінен көсілді.
Былайша еті тірі болғанымен, Райымжан бәйкеңіз әдебиетке келгенде, қаражаяулау екен. Шәкеңмен біраз жерге дейін ілесіп, желе жортып, шоқырақтатып отырды да, ақыры аттан ауып қалды. Оны айтасың, Райымжанның Қырғыз ұлттық университетінің филфагын бітірген зайыбы өз елінің ақын-жазушыларының өлең-жырларын терең талдап тұрған Шаһизадаға қайран қалды. Ал Шәкең болса, «Мен Акбар Рысқұловтың, Эрнис Тұрсыновтың, Қарбалас Бакировтің, Бақтыгүл Чотурованың, Абдырахман Алымбаевтың, Кемел Белековтің өлеңдерін қазақшаға қотардым. Сіздер оларды білесіздер ме?», - деп үсті-үстіне бастырмалатып, ана екеуінің әбден есін алды.
Ерлі-зайыпты сапарластар: «Біздің тоғыз баламыз бар ғой, тек әдебиетті ғана әлпештеп отырсақ, оларды кім асырайды? Ал сіз мықты екенсіз!», - деп әзер құтылды. Содан соң ғана біздің кейіпкеріміз басқа тақырыпқа ойысып, Райымжанның елде қалған кіші қызына құда түсіп, Астанадағы інілерінің бір баласына алып берудің қамын қарастыра бастады. Қырғыз бәйкеміз бұл тақырыпқа өте жүйрік екен. Көзінен от ұшқындап, қайта түледі. «Ал енді біздің қыз тым әдемі...», - деп, өз елінің әдебиетін өзінен артық біліп тұрған қазақ ақынымен құда болуға кәдімгідей ықылас танытты. «Е, Түркияға келгелі Шәкеңнің арқасында кіммен құда болмадық?!», - деп біз отырмыз.
Теңіз бетіндегі алты сағатқа созылған серуен кейіпкерімізге қатты ұнады. Таза ауа жаныңды сергітеді. Түріктер кеме шаруашылығын керемет меңгерген секілді. Сапар кезіндегі қызметші жігіттердің бәрі дерлік орысша біледі. Айналадағы тарихи орындар, төбеден төніп тұрған биік қамалдар, шың-құздар мен шыңыраулар, жақпар тастар мен үңгірлер жөнінде үнемі мәлімет беріп отырды.
Бұлардың бәрі суға жүзгіш. Алып кеменің көк тіреген тұмсығынан ұшы-қиыры жоқ айдынға секіріп кетеді де, сонау көз ұшындағы жағалауға дейін еркін малтиды. Жартастағы алпыс аюдың апанындай алып үңгірдің ішіне кіріп, арғы бетінен бір-ақ шығады. Әсіресе, Ерен деген түрік ұланы айналсоқтап, Шәкеңнің жанынан ұзар емес. Жұртпен арқа-жарқа болып, құшағын айқара ашып жүргенін қызық көреді-ау деймін. Сәлден соң түріктер, серуеннің салтына сәйкес, кеменің ішін ақ көбікке толтырды. Жастар жағы музыка әуенімен билеп, у-шу болды. Мұндай ырду-дырду басталса-ақ оңашалана беретін Шаһизада шылымын будақтатып, кеменің жақтауына сүйеніп, көк теңізге көз салды. Бәлкім, оның сонау бір кезде жазған:
Жүрекке жеткен зарпың бар,
Жарқын шақ қайта оралмас.
Жағалауда өлген толқындар,
Жаныңа жалау бола алмас.
Керісу де, жоқ келісу...
Көрінбес құрлық төбесі.
Айналаң - оқпан, өлі су,
Қайдасың, Нұхтың кемесі?-
деген өлең жолдары осындай әсерлі сәттердің бірінде туған болар деп түйдік. Қалай болғанда да, дәл осы мезетте тура сол баяғы көріністі жырлайтын ақынның кейпінде тұр. Соның айна-қатесіз қайталанғанына таң қалды ма екен? Кім біледі, мұнан соң теңіздер тербеткен түрік жерінде жаңа өлеңдер өрілер... Жерорта теңізінің кермек дәмі керемет жыр боп төгілер. Анадолы дәптері Алаш жұртына айқара ашылар. Сөйтіп, ширыққан шайырдың құмары әбден басылар... Шынында да телегей теңіз бен тұмса табиғаттың бүгінгі өзіндік үйлесімі ғажап еді! Парасатты поэзияға пәрменді публицистиканың көзімен үңілетін біздің өзіміз де ептеп елти бастадық. Ал алаңкөңіл ақынның не жаны шыдап тұр екен десеңші?! Бірақ ол осының бәрін ертерек көріп, әлдеқашан әсерленіп, баяғыда-ақ айтып қойған:
Сабыры сайтанынан артық шығып,
Сап тынды, шалқар демін тартып сұлық.
Сәуледей көзді арбады,
Саф алтынның
Сиқыры су бетінде қалқып сынып.
Жаны бір жұртты жотасына жайғастырған кеменің үстінде біздің Қазығұрттың қазағы да жүр. Қырғыздардан босаған соң, Шәкең оған да жолығып, Шымкенттегі дос-жарандарын түгелдеп шықты. Анау да сөзге ағып тұр. Тек әдебиеттен басқаның бәрін біледі.
Бүгін бүкіл әлемдегі мұсылман жұрты оразаны бастады. Мұнда да ораза ұстап жүргендер жетерлік. Кемемен серуен кезінде түріктің бір хиджаб киген қызы мен көркем жігіті жұптасып отырды. Керемет жарасымды! Жай сөйлейді, жылы жымияды. Аса әдепті екендері көрініп тұр. Жұрттың бәрі жапатармағай тамақ ішіп жатқанда, бұлар дастарханға жоламады. «Ораза тұтқан-ау» деп қатты сүйсіндік. Өстіп тұрғанымызда, олардың бұрқыратып темекі тарта бастағанын байқадық. Әлгіндегі әсеріміздің бәрі әп-сәтте шайылды да кетті. Сол сәтте Шәкеңе:
Сен - хиджабтың ішінде,
Мен - пиджактың ішінде.
Екеуміздің бірақ та,
Сезіміміз күшінде, -
деген әзіл өлеңді оқып бердік. Ол рахаттанып күлді.
Сөйтіп, айыр қалпақтан басталған бұл әңгімемізді қалың пиджакпен аяқтағалы отырмыз. Өйткені, теңіздің үсті сәл салқын тартып бара ма, қалай?..
Анкара. Ақын. «Анкамол»...
Ақ көңілге тоқиды,
Артық кеткен ісін де.
Айқайлап жыр оқиды,
«Анкамолдың» ішінде!
(Шәкең туралы шымшымадан)
Анкарадағы «Coru hotel» қонақ үйіндеміз. Есік алдында әңгімелесуге таптырмайтын шағын алаңқай бар. Бұл енді Шәкеңе жақсы болды. Сол жерде отырып, шылымының түтінін будақтатып, үнемі ойға шомады. Содан соң қонақ үйдің қызметкерлерімен, осында орналасқан меймандармен сөйлеседі. Әдепкі күндерге қарағанда түрікшеге ептеп «төселіп» қалған секілді көрінеді бізге. Бар-жоғы жеті-сегіз-ақ сөз біледі. Бірақ сонысымен бүкіл мәселені шешеді. «Бұл өзі аса қиын тіл емес қой. Қазақ тілінің бір әрпін жұтыңқырап сөйлесең, немесе тағы бір әріпті қосыңқырап жіберсең, таза түрікше болып шығады», - деп қояды. Шаһизада ағамның осындай ғажайып лингвистикалық әдіс-тәсілдері мен тіл игеру жөніндегі теңдессіз байлам-байыптамаларынан кейін түрік тілін игеру шынымен оп-оңай сияқтанады.
Тұрмайтын жалғыз ойлы өлеңіңе
Теңесіп нем бар тексізбен.
Сенің тіліңде сөйлегеніме,
Қуаныштымын шексіз мен... -
деп өзі айтқандай, қаптаған қалың түрікпен еркін ұғысқанына кәдімгідей қуанады. Бұл, негізінде, қазақты қайрау үшін жазылған жыр болса да, қазіргі ахуалды тап басып тұр. Тілдің түйткілдері арқылы адами болмысты астарлап («Бір-бірімізді түсінбей қалып, Тал түсте жүрміз түс көріп»), мынау тіршіліктегі құндылықтың қайсысы басымырақ екенін анық аңғартқан («Жүрегің таза болса, бауырым, Жаһанның тілін білгенің») ақын бұл өлеңінде де биігінен түспейді.
Түс ауа Ататүрік кесенесіне келдік. Мұнда өзіміз талай рет болғанбыз, қонақтарымыз аралап көрсін дедік. Бұл бір зәулім кешен. Түрік көшбасшысының өмір жолы, елдің тарихы жөнінде жан-жақты мәлімет беріледі. Ататүріктің тұтынған заттары, киген киімдері, оқыған кітаптары, жазған қағаздары мұрты бұзылмай сақталған екен. Бір басынан кіріп, екінші жағына жеткенше түрік рухымен қанаттанып шығасың. Бірлігіне бас иесің. Өрлігіне таң қаласың. Ерлігіне тәнті боласың. Алып кесененің құрылымы кейіпкерімізге қатты ұнады Ол түріктің азаттық жолындағы шайқасын бейнелеген картиналардың тұсында ұзақ аялдап, әрқайсысын асықпай көрді. Әсіресе, қабырғада тізілген түрік генералдарының суреттеріне қатты қызықты. Қызығатындай бар. Суретшілердің шеберлігі ғаламат енді. Сымдай тартылған сардарлардың саған қадалған өткір көздері өңменіңнен өтеді. Олардың қай-қайсысы да әне-міне дегенше картинаның жақтауынан ұстап, секіріп түсіп, қаруын іліп алып, арғымағына қарғып мініп, жорыққа жөнелетіндей әсер қалдырады. Ол осының бәріне тамсанумен болды. Сол сәтте оның ілгеріде жазған бір өлеңі есімізге түсті. Қазір ойлап қарасаң, тура Ататүрікке арналған ба дерсің:
Айнала жатқан түркі елі,
Ада боп тұрса айтыстан,
Атының басын іркеді,
Андыздап жеткен қай дұшпан.
Тектіге теңдік әперіп,
Көрсекші солай көп қызық:
Түркіні күлден көтеріп,
Төбесін күнге жеткізіп!
Бұрын қазақтан өзге түркі тектес елдерден тек қырғызды ғана жырлап жүр еді. Бәлкім өзі аударған Қырғызстанның эл ақыны Эрнис Тұрсыновтың өлеңдеріндегі «Айкөл бабам тас атқанға - ас атқан, Біздер осы - ұрпағымыз қырғыздың!», «Біздің қырғыз жігіттері жел болып, Құр аттардың құлағында ойнаған!», «Ардағыңды ат жалында ала қаш, Арғымақтай жігіттері қырғыздың», - деген жолдар дем берген шығар. Шаһизада шайыр қазақша сөйлеткен Эрнис ақынның бір сөзі Расул Гамзатовтың әйгілі мәлімдемесін еске салады. «Қырғыз елі енді дамымайды дегенді естісем, өлуге бармын!» - депті ол. Ал біздің кейіпкеріміздің «Өлең де жазғым келмейді, Өлгеннен кейін шығатын», - деп күйзелген жері бар. Жалпы, көрші ел поэзиясының аға буын өкілі Эрнис Нұрдинұлы мен оның қазақ жұртындағы аудармашысын ортақтастыратын нәрселер жеткілікті. Екеуі де арқалы ақын. Екеуі де танымал тележурналист. Екеуі де алымды аудармашы. Шаһизада Әбдікәрімов - Қызылорда қаласы мен Қармақшы ауданының құрметті азаматы. Ал Эрнис бәйке болса, Ысык-Көл облусунун ардактуу жараны. Бәсе, біздің ақын ағамыз түн ішінде перінің қызымен бірге Ыстықкөлде неге шомылып жүр десек...
Ал енді мына өлеңінде түркінің рухы айқайлап тұр! Мұны қарақұрым жұрт жиналған Ататүрік кесенесінің басында тұрып түйсінудің жөні бөлек екен. Осы елдің бірлігі мен берекесіне тәнті болып, ««Дұшпаның түгіл іргеңнен, Тышқаның да өтпес жорғалап», - деп сеніммен сүйсінесің, «Бір-бірін, ай-хай, «ағалап», Найқалсын елдің нұр-құты», - деп татаусыз тілек тілейсің, «Көк астындағы қағанат Біздікі емей, кімдікі?!», - деп кәдімгідей күпініп, жалыңды күдірейтесің, сосын «Түркінің төрт-бес тәуірі, Көзіңді салшы қырымға», - деп жұрттың делебесін қоздырасың.
Шаһизада ақын кесененің көлеңкесінде тұрып, соның бәрін жүрегінен қайта өткізгендей болды бізге. Тек оған атақты Ататүріктің басында кім көрінгеннің жаппай суретке түсіп жатқаны онша ұнаған жоқ. Олардың ішінде әлеміш-әлеміш киінгендер де, денесі жартылай жалаңаш жүргендер де бар. «Талайдан келе жатқан тіні берік түрік дәстүрінің сетінеуі дәл осы тұстан басталады екен», - деді. Бірақ кешен басындағы көріністер оны қатты толқытты. Кезекті ауысым кезінде кесенені күзететін солдаттар сап түзеп келе жатқанда ол «Парад қабылдап тұрмын!», - деп мәз болды.
Ататүрік кесенесінен соң, Анкараның ірі сауда орталығы - «Анкамолға» барғанбыз. Сол жерде қазақтың екі қызы ұшыраса кетті. Түрік аруларымен күн сайын еркін тілдесіп жүрген ақын өз қандастарына жолыққан соң қалай үнсіз қалмақ? Екеуі де Моңғолияның Баянөлгей аймағында өмірге келіпті. Қазір біреуі Анкарада, екіншісі Америкада тұрады. Содан Шәкең көсілді-ай келіп... Моңғолиялық қазақ ақындарын шетінен санамалап шықты. Жыр жүйріктері Кәкей Жаңжүңұлы, Мұрат Бұшатайұлы, Дағжан Белдеубайұлы, Ерболат Баятұлының есімдерін әлгі қыздар жақсы біледі екен. Ширақ Шаһизада тек ақындармен ғана шектеліп қалған жоқ, ғибратты ғалым, қоғам қайраткері Зардыхан Қинаятұлы мен танымал түрколог Қаржаубай Сартқожаұлының елге сіңірген еңбектерін де қарындастарының есіне салды. Ол ол ма, енді бір сәтте тебіреніп тұрып, Кәкей Жаңжүңұлының «Ана» деген өлеңін жатқа білетінін айтты.
- Тұлпарының тұяғында ай-таға,
Ұлым менің бұл жорықтан қайта ма?
Құмалақшы жасады бір жорамал:
- Ұлың сенің мол олжамен оралар.
Ұлы бірақ бұл сапардан қайтпады,
Құмалақ та не болғанын айтпады.
Ит-үміт-ай, арты қысқа, алды ұзын,
Көз жұмды ана күтіп жатып жалғызын.
Жол шетіне қойыңдаршы мүрдесін,
Ұлы қайтса, көрмей қалып жүрмесін!..
Ақын айналасындағы, ары-бері ағылған адамдардың аяқ астынан аңырап қалғанын елең қылмай Анкараның «Анкамолының» ішінде аңыратып жыр оқып тұр. Баянөлгейдің Бұлғын ауданында туған, Алматыда Қазақ педагогикалық институтында оқыған, Моңғолиядағы қазақ әдебиеті бөлімшесін және «Шұғыла» әдеби журналын басқарған, кейінірек ұшақ апатынан қаза болған Кәкей ақынның рухы шарықтап, шаттанған шығар бүгін! Әлгі өлеңді жатқа айтатын жөні бар екен. 1973 жылғы «Жалын» журналының 6-санына жиырма алты жастағы Кәкей мен он жеті жастағы Шаһизада екеуінің өлеңдері бірге жарық көріпті. Ол тұста «Жалынға» суретіңмен қоса өлеңіңнің жариялануы ақындыққа берілген мәртебелі мандатпен бірдей еді. Сол ағасының жырларын жатқа оқымай не бопты?! «Аға, сіз Моңғолияны бізден әлдеқайда жақсы біледі екенсіз, аман жүріңіз», - деп қимай қоштасты қос құрбы.
Көрдік деп не бір дөйдің құқайын да,
Қарамай алды-артыма, зытайын ба?
Түркия тауарымен байлап алған,
Бұл жерге жете алмайды қытайың да. -
деп толғаған өзінің өлеңіне өзек болған түріктің сан түрлі бұйымдарын саудалайтын зәулім дүкеннің ішінен Шәкеңді шығара алатын түріміз жоқ. Ол мұнда кіруін кіргенімен, зат алып та жарытпайды, тек сатушылармен сөйлесуден жалықпайды. Енді қазір «Анкамолдың» алтын сататын бөлімінің дүкеншісімен емен-жарқын әңгіме-дүкен құрып отыр. «Алтын алма, алғыс ал!» дегенді ұстанатын ақын оның сатып тұрған бұйымына қызығып қайтсін, тек сөзі жарасса болды. Жаңа танысының есімі Баран екен. Сөйтсе, бұл оған «Кешір, інішек, атың біртүрлі ғой», - деп қояды. Анау да қушыкеш қырсық біреу көрінеді. Ақынға қарап аузын ашып, «Баран, мә-ә-ә!», - деп күледі.
Осындай жарасымды әзілден соң Шаһизада шайыр бұл жерден оңайлықпен шыға қойсын ба?!
«Нағыз полковник»
...Біздің балалық, бозбалалық кезеңіміздің қызықты, думанды күндері өткен ғасырдың 70-жылдарымен, бүгінде тарихқа «тоқырау» деген атаумен енген дәуірмен сабақтасып жатыр. Бірақ, сол кездегі алып-ұшқан бала көңіл сол тоқыраудың не екенін сезбей-ақ өсті, есейді, ер жетті. Сегізінші сыныпта бізге Қызылорда қаласындағы №212 орта мектепте физика пәнінен Әбілда Көккөзов есімді ағай сабақ берді. Оны оқушылар «боксер ағай» деп атаушы еді. Біз алғаш рет Бапалақов есімін сол кісінің аузынан естідік. «Шанхайдың» (Қызылорда қаласының солтүстік беткейдегі өңірді осылай атаушы еді) бозбалалары сол дәуірде Абдат Бапалақовты, Әбілда Көккөзовті өздерінің кумирі санады, олардың тұлғасын көз алдарына кәдімгі ертегідегі хас батырлардай, үнді фильмдеріндегі әлсіздер мен жоқ-жітіктерге пана болған алпауыт, сағы сынбайтын кейіпкерлер секілді елестетуші еді. Несін айтасыз, сол заманда аты аңызға айналған қалалық, облыстық комсомол комитеті жетекшілерінің бірі Абдат Бапалақовпен тілдеспек түгіл, жүзін көрудің өзі біз үшін арман еді-ау.
Жылдар өтті. Арман қуған бозбалалар шартарапқа аттанды, олардың тағдырлары да қилы-қилы болды. Ал өзім бала кезімдегі кумиріммен дүниенің астаң-кестеңі шығып жатқан сонау бір 90-шы жылдардың орта шенінде алғаш рет жүздестім. Бұл Абдат ағаның облыстық қауіпсіздік басқармасы бастығы дәрежесінен отставкаға шығып, «Оңтүстікмұнайгаз» өндірістік бірлестігінің басқарма бастығы болып тағайындалған кезі болатын. Міне, біздің таныс-білістігімізге қазір 20 жылдан астам уақыт болыпты. Ал бұл бүгінде 70-тің асуын игерген тұлғасы биік азамат туралы аз-кем қалам сілтеп, оның көңіл сырын ашу үшін жеткілікті уақыт ғой деп ойлаймын.
Абдат аға туралы айтқанда біздің көз алдымызға зұлмат заманның қасіретті оқиғалары тізбектеліп өтер еді. Орда бұзар шағында әкесі Бермұхамед аштық қасіретінен алғашқылардың қатарында Қырғызстан асты. Қырғызстанның көмірлі өлкесі - Сүліктіде шахта бастығы деңгейіне көтерілді. Осында тарығып, жүдеп-жадаған ағайындарын көшіріп алды.
Абдаттың әкесін қырғыз жерінде қолдаған, жол көрсеткен абзал азаматтар болды. Еңбекқор, сауатты, іскер қазақтың қайсарлығына тәнті болған Төребай Ку-латов солардың бірі еді. Кейін ол Қырғыз республикасының Жоғарғы кеңесінің төрағасы лауазымына дейін көтерілді.
Соғыстан кейін әкесі мен анасы Ұлтай Қырғызстанда дүние есігін ашқан қыздары Зоямен бірге елге оралды. Кез келген жұмысты ұршықша үйіріп, шаруаны дөңгелентіп әкететін отағасына жұмыс табу қиынға соққан жоқ. Әуелде Сталин атындағы балалар үйіне шаруашылық меңгерушісі болып қызметке алынып, көп ұзамай ет комбинатына жұмысқа тұрды.
Абдат аға ел әлі сұм соғыстың зардабынан айықпаған 1946 жылы жарық дүние есігін ашты. Қызылорданың ескі базар маңында көбіне-көп өзбек-тәжіктердің қарасы қалың, көрші-көлемнің де көпшілігі сол ұлттардың өкілдері. Абдаттың атын әжесі Қара кемпір қойды. Тағдырдың талайына мойымаған, бес күндік өмірді еңбекпен, бейнетпен өткізген қария аузына түскен есімді қоя салмапты. Сол уақытта Қызылорда қаласындағы қазіргі «Ескі базардың» орнынан алғаш базар ашып, кейін 1950 жылдарға дейін соны басқарған Абдаһат деген өзбек азаматымен әкесі Бермұхамед жақсы қарым-қатынаста болған екен. Қайырымды, қолы ашық, жүрегі жомарт, қала жұртының алғысына бөленген жаны жайсаң жанның есімін ырым ғып жаңа туған нәрестеге еншілетіпті.
Әкесі Бермұхамед уақыттың тынысын дөп басатын кісі еді. Абдат қалада отбасымен аралас-құралас болған тамыры Иван Подольскийдің үйінде жатып оқыды. Орыс тілін кәдімгідей меңгерді. Осипенко атындағы мектепте орыс тілінде оқыды. Арманы КазГУ еді, бірақ жоғары білім алу несібесі Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда пединститутынан бұйырды. Осында Әбекеңнің боксқа деген құштарлығы жаңа қырынан көрінді. Институттың абыройын республика, одақ деңгейіне дейін көтерді. Қызылордадағы жалғыз жоғары оқу орнында Абдат аға көшбасшы, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады, жастар оның соңынан ерді, бірінші курста жүріп-ақ қаланың комсомол комитетінің мүшесі болып сайланды. Бұл әлбетте, жігерлі жасты алға жетелейтін үлкен асудың алғашқы баспалдақтары еді.
Жалындаған жастық шақтың асылы көп нәрсенің байыбына терең бойлап, өміріңе қажетті деген игіліктерге құштарлық сезімін оята қоймайтыны заңдылық секілді. Бірақ табиғатынан зерек болғандықтан шығар, Абдат аға тез есейді. Алғашқыда қалалық комсомол комитетінің, кейін облыстық комитеттің бірінші хатшысы болып сайланды. Ол комсомол жетекшісі, сонымен бірге осынау нәзік те күрделі буынның облыстағы бірінші басшысы. Алға жетелейтін идея дегенің шашетектен, кеңестік жүйенің жалындаған жастары сол идеямен қаруланады, сол идеямен өмір сүреді, сол идеямен таң атырып, ұйқыға кетеді. БАМ құрылысы, Қазақстанда қой санын 50 миллионға жеткізу, сұлу Сырда жақаевшылар қозғалысы - өрісін кеңге жая бастаған тынымсыз өмір...
Әбекең 1977 жылы обком комсомолдың бірінші хатшылығынан Мәскеуге - КГБ-ның жоғары басшылық қызметкерлерін дайындайтын мектепке сол кездегі обком партияның бірінші хатшысы Исатай Әбдікәрімовтің ақ тілегімен аттанған еді.
Сол дәуірде қауіпсіздік органы дейтін алып империяның алпауыт күшінің тау өзеніндей буырқанған, тасыған ағысының тегеуріні күшті еді. Ол «абайла бала, шоқ басып қалма» дегендей ескерту жасап қоятын сыңайлы. КГБ мектебінде оқып, тағылым алғандардың қатарында сауысқандай сақ жүріп, бедел-абырой жинап, қызмет баспалдағымен тасы өрге домалағандар да, бағы тайып, шыңырау түбіне қарай құлдырап кеткендер де аз болған жоқ. Барлығына уақыт төреші, бақ пен бақытсыздықтың арақашықтығы бір-ақ сүйем.
Бапалақов жолдамамен Целиноград облыстық қауіпсіздік басқармасына келді. Әлі есінде, 1980 жылы Шортандыда Одақты дүбірлеткен халықаралық конференция өтетін болды. Алайда әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған адамдардың барлығы астық шаруашылығының жаһандық проблемасын зерттеп, Қазақстан жетістігінің озық үлгілерінен үйренуге, тәжірибе жинақтауға келмегені анық еді.
- Мәскеуден тиісті арналар арқылы алынған хабар бойынша симпозиумға келетіндердің ішінде АҚШ-тың Кеңес Одағындағы елшілігінің әскери атташесі бар. Ол шынтуайтына келгенде ЦРУ-ға қызмет жасайды. Мәскеудің дерегі осындай. Ақмола өңіріндегі егін шаруашылығына байланысты әзірге құпия саналатын деректерге қанығуға, мүмкіндігінше шұғыл мәліметтер қолына тисе, оларды өз резентурасына осы жерден хабарлауы мүмкін. Оперативті топтың міндеті - осындай жағдай туындаса, агентті қылмыс үстінде әшкерелеу, - деді Целиноград облыстық мемлекеттік қауіпсіздік басқармасының бастығы, полковник Жақия Сейт-қазиев.
Бұл орайда оперативті топ құрылды. Топ басшысы қарсы барлау бөлімі бастығының орынбасары Бапалақов. Американдық тыңшы «Есіл» қонақ үйіне орналасты. Тыңшы десе, тыңшы екен. Жинақы, ұқыпты, әрбір қадамына сақ, жергілікті ғалымдармен де жақындаса бермейді. Абдат бастаған топ тыңшының жатқан бөлмесіне жасырын түрде тыңдайтын аппаратура орнатып үлгерген еді. Бірақ әлгі шпион ештеңе сездірмейді. Ол жоқта оперативті қызметкерлер бөлмесін ашып кіріп, заттарын тексеріп көрді. Күдікті ештеңе табылмады. Бірақ әскери атташе кезекті сапар алдында бірдеңені ұмыт қалдырғандай дәліздегі дәретханаға жиі кіреді. Қолында қолшатыры және тоқылған тор сеткасын қолтығына қысып алып, онда ұзақтау отырады. Оперативті қызметкерлер қателесті, себебі дәліздегі жалпы дәретхана бақылаудан тыс қалған еді.
Арнайы топ шұғыл шешім қабылдады. Целиноградтың милиция органдары басшыларына тапсырма берілді. Тез арада қалта ұрыларын іздестіріп табу қажет. Қауіпсіздік басқармасына жеткізілген кәкір-шүкір ұрылар оперативті қызметкерлерге ұнай қоймады. Кәттасы керек! Әккі ұры ақыры Қарағандыдан табылып, ол шұғыл түрде Целиноградқа жеткізілді. Кәріс ұлтынан екен.
- Мен сізді танимын, қызылордалықпын, - деді ол Абдатты көрген бойда. Тіпті нақтылап Шиелі қонысынан екенін де айтып салды.
- Танысаң дұрыс болды. Бірақ сен бұл туралы, алдағы берілетін тапсырма туралы ешкімге тіс жармайсың. Қызметіңнің ақысы төленеді, оған қам жеме, - деген Абдат жерлесіне тапсырманың барысын түсіндіре бастады.
Кәріс жігіт ойланып қалды. Себебі оған берілген тапсырма өзі күткендегіден біршама күрделілеу еді. Оған американдықтың суреті көрсетілді. Қолтығында қыстырып ұстайтын тор сеткасының ішіндегі затты қолға түсіру керек. Сетканы ұрда-жық қимылмен түгелдей қолға түсіруге болмайды. Тыңшы секем алып қалады. Ұрыға керегі «әмиян», яғни «ақша». Әдетте, үйреншікті дағды бойынша қалта ұрылары өткір затпен сетканы тіліп жібереді. Кәріс Абдатқа қолындағы 5 тиындық теңгенің әбден үшкірленген жүзін көрсетті. Екі саусағының арасында әлгі теңге ойнақшиды. Кәдуілгі цирк әртісі секілді.
- Бұл анау-мынау сетканың парша-паршасын шығарады, - деп масаттанды әлгі. - Бірақ менің шартым бар. Американдық адамдар шоғырланған жерде болуы керек. Қақтығысып, соқтығысып жатқан абыр-сабырда жасалады мұндай тіршілік, - деді өзінің айла-тәсілдерінен хабардар етіп.
Ұрының айтқаны орындалды. Арнайы оперативті топ қызметкерлері амери-кандықпен апақ-сапақта соқтығысып, бір-бірінен кешірім сұрап, жасанды ілтипат көрсетіп жатқанда қолтықтағы тор сетка лып етіп жерге түсті. Әккі ұры емес пе, «кешіріңіз, ғафу етіңіз» деп елпең-елпең қаққан ол қолындағы тиынның жүзімен тор сетканы тіліп-тіліп жіберді. Көз ілеспес жылдамдықпен қимылдағаны соншалық, американдық не болғанын сезбей қалды. Бірақ кәрістің өңі сұрланып кетті. Ештеңе тындыра алмағанын енді сезді. Тор сетка болат сымдармен тоқылыпты. Тиынның үшкірленген жүзінің оны тілуге қауқары жетпеді. Бұл енді әбден ойластырылған операцияның сәтсіз аяқталуы еді. Мұны оперативті тілде «провал» дейді. Ұры «енді қайтейін» дегендей оперативті қызметкерлерге көзі жәутеңдеп қарағыштай берді.
Ертеңіне басқарма бастығы оперативті топ қызметкерлерін жинап, олардың атына қолайсыз әңгімелер айтылды. Қысқасы, «сыбағасын» берді. Операцияның екінші кезегі ұйымдастырылды. Абырой болғанда екінші операция дипломатиялық жанжалсыз сәтті орындалды. Ал бұл арнайы қызмет орындарының жұртшылыққа жария етіле бермейтін құпиясы еді...
Әбекең Целиноградтан қызмет реті бойынша Қызылорда облыстық мемлекеттік қауіпсіздік басқармасына ауысты. Бұл күллі Одақ көлемінде жариялылық пен демократияның арайлы таңы атып, елдің кең тыныстаған, көңіл түкпірінде іркілген ойдың буырқанып сыртқа атқылап жатқан заманы болатын.
Обкомның жаңа бірінші хатшысы Е.Әуелбековтің басқарма қызметкерлерімен жеке-жеке танысып, бөлім бастығы ретінде Абдат ағамен оңаша пікірлескені әлі есінде. Жариялылық дегенмен әлі де көп нәрсе айтыла бермейді, себебі жергілікті жердегілер Мәскеуден сескенеді. Ал Әуелбеков біраз нәрсеге КГБ-ның белді қызметкері арқылы қаныққысы келді. Қанықты. Көп ұзамай облыстық партия комитеті бірінші хатшысының қабылдау бөлмесінде «Байқоңыр» ғарыш айлағының бастығы - тәкәппар генералдың оны тағатсыздана күтіп отырғанын обкомдағылардың біразы көріпті деген хабар да халыққа желдей есіп тараған еді.
Кеңес Одағы тарайтынның қарсаңында Қызылордаға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің төрағасы Николай Вдовин келді. Тұла бойы тұнып тұрған чекист, бірақ Қазақстанда өсіп, осында карьера жасаған оның бойында ұлттық кадрлардың еңбегін елемейтін, жорта білмегенсу, барлығын «өзім білемге салушылық» психология басым болатын. Әбекең Вдовиннің алдында жергілікті ұлт өкілдерінің қызмет сатысымен өсірілмей, назардан ұдайы қалыс қалатынын ашына баяндады. Вдовин биліктің өз уысынан кетіп бара жатқанын түсініп, амалсыздан бірталай кадрлық өзгерістер жасауға мәжбүр болды.
Абдат аға Оралда тағы бір сынаққа тап болды. Ол Батыс Қазақстан облысының ұлттық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары қызметінде еді. Кеңес үкіметінің іргетасы мүжіліп, қабырғасы қаусай бастағанда Бүкілресейлік казачество Орал казактарын айтақтап, сырттан рухтандырып, Орал аймағындағы казактар күшімен Ресейден көшкендерінің 400 жылдығы дейтін датаны атап өтуді ұйғарды.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл оқиғаның бастау алуы мен өрбуінен толық хабардар болып отырды, қадағалау-бақылау күшейтілді. Дегенмен, Абдат Бер-мұхамедұлына бастығы Владимир Червяковтың ұстанымы ұнамады. Себебі, қалып-тасқан жағдайға бей-жай қарап, сылбырлық танытты. Ал, казактар болса, ертең құрылтай жасаймыз деп дүрлігіп жатыр.
Абдат Бермұхамедұлы жағдайды назарға алып, өзінше әрекет жасауға бекінді. Ойын дөп басқандай осы сәтте оған обкомның бірінші хатшысы Нажмадин Есқалиев келуін өтініп, телефон шалды.
Әбекең Есқалиевке Червяковтың казактарға астыртын қолдау көрсетіп отырғандығын айтты. Облыс басшысы әуелгіде салқын тыңдап отырған, соңына таман түтігіп кетті.
- Жұмысты өз қолыңа ала бер, мен жоғары жақпен сөйлесемін, - деп шығарып салды.
Артынша казактардың бей-берекет бассыздығына жол бермеудің барлық те-тігі іске қосылды. Яғни, халықтың қарсылығына сүйену негізге алынды. 15 қыркүйек күні таңертең «Зенит» стадионына казактар құрылтай өткізуге жиылды. Сол мезетте митингіге шыққан мыңдаған қазақ бассыздықты тоқтатуды талап етті. Талап орындалды, казактар стадионнан тым-тырақай қашып, әзер құтылды. Айтқандай, басқарма бастығы Червяков оқиғадан кейін көп өтпей қызметінен босады. Босағанда да оны Ресей асырып жіберді...
Әбекең 1992 жылы Қызылорда облыстық ұлттық қауіпсіздік басқармасының бастығы болып тағайындалды. Өтпелі кезеңнің қиыншылықтарын әріптестерімен бірге көтерді. Қауіпсіздік органының Байқоңыр қаласындағы басқармасын ашуға ықпал жасады. Қилы-қилы оқиғалар болды. Бұзақымен де бетпе-бет келді. Жемқор ұры-қарылар алдында азаматтық арына кір шалдырмай таза жүрді. Осы қасиеті үшін әріптестері құрмет тұтты. Ескеретін жайт, А.Бапалақов жалпы Сыр өңірінде туып-өсіп, тәрбиеленген қауіпсіздік саласының тұңғыш полковнигі.
1995 жылы отставкіге шығып, «Оңтүстікмұнайгаз» бірлестігінде еңбек етті. ҚР Метрология, стандарттау және сертификаттау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департамент бастығы қызметін абыроймен атқарды.
Қазақта «жігітті танығың келсе, досына қара» деген сөз бар. Қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров пен Абдат Бермұхамедұлы айнымас достар. Ал кешегі кеңестік жүйеде Қазақстан комсомолының бірінші хатшысы, кейін республика мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы болған Закаш Камалединовтің Абдат ағаның отбасымен сыйластығы жарасымды. Олардың қатарына қауіпсіздік органының ардагері, белгілі тұлға Болат Байекеновты қосуға болады.
Абдат аға бүгінге дейін өзінің 70-ші жылдардағы комсомол достарымен, қауіпсіздік органдарындағы әріптестерімен жиі араласып, бас қосып тұрады. Олар Әбекеңді досқа деген адалдығы, ешкімге жалтақтамайтын ер жігітке тән бірсөзділігі үшін сыйлап, құрметтейді. Абдат аға жұбайы Клара Шаймерденқызымен бірнеше ұл-қыз, немерелер тәрбиелеп өсіріп, олардың өмірден өз орындарын табуына ықпал жасаған өнегелі шаңырақтың берік тірегіне айналды. Бүгінде өмірдің жетінші белесін аттаған Әбекеңе, отбасына баянды бақыт тілейміз.
«Қоғамда құқықтық сананы тәрбиелеудің әлде де қажеттігі байқалады» атты сұқбатта қоғам өмірі жайлы түрлі сауалдарға жауап беріледі.
...Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қызылорда облысының Азаматтық Альянсы Қауымдастығының ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік және азаматтық қоғам: әлеуметтік жаңғырту» атты VІІ аймақтық Азаматтық форумы болып өткені белгілі. Үкіметтік емес ұйымдардың азаматтық қоғамды қалыптастырудағы ролі, олардың жасап жатқан жұмыстарының бағалануы, ақпарат кеңістігінде алар орны, форумда айтылған ой-пікірлер мен ұсыныстар жайында «Мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ-дар арасындағы өзара байланыс» тақырыбында өткізілген сұхбат алаңының спикері, «Руханиятты жаңғырту» қоғамдық қорының төрағасы, журналист Нұрлан Нұрмахановпен әңгімелескен болатынбыз.
Нұрлан НҰРМАХАНОВ,
«Руханиятты жаңғырту» қоғамдық қорының төрағасы:
- Нұрлан Көбегенұлы, елімізде азаматтық қоғам идеясын қалыптастыру мәселесі неден бастау алды? Біз қаншалықты азаматтық қоғам талаптарына сай өмір сүріп жатырмыз?
- Еліміз 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіздігін жария еткеннен кейін тәуелсіздік ұғымымен бірге санамызға демократиялық үрдістер, оппозициялық күштер, кәсіпкерлік нысандары, нарықтық қатынастар секілді жаңа атаулармен қатар азаматтық қоғам институты ұғымы да сіңе бастады. Бұл өткен ғасыр соңындағы қайта құру кезеңінің белгісіндей әсер етті. Керек десеңіз, азаматтық қоғам идеясы тоталитарлық қоғам түсінігіне қарама-қарсы ұғым ретінде қолданылды.
Елбасымыз Н.Назарбаев өзінің 1996 жылы жазған «ХХІ ғасыр табалдырығында» атты кітабында: «Барлық сфераларда жаңғырту жасамайынша біз тарихи дамудың мәңгі кешігуші бөлігінде қалып қою қаупіндеміз» деп ашып жазған-ды. Яғни, экономика сферасында нарық жүйесін жасау, саяси сферада тәуелсіздіктің жалпы ұлттық институттарын жасаумен қатар азаматтық қоғамды қалыптастыруда шешуші талаптар қоя білді. Міне, арада 20 жыл өтті. Содан бергі уақытта еліміз талай экономикалық және саяси қиындықтарды басынан өткере отырып, дамудың даңғыл жолына түсті. Мемлекет ретінде өзге елдер арасында таныла бастадық. Ұлт ретінде еңсемізді көтердік. Әрине, мұны 25 жыл өз алдына тәуелсіз ел атанған жас мемлекеттің сәтті қадамы деп айтуға болады. Дегенмен азаматтық қоғам түсінігінің қоғамдық санада толық орнықпауы, құқықтық сананы тәрбиелеудің әлде де қажеттігі, жариялылық кеңістігіндегі ақпараттың жетімсіздігі байқалады.
- Сіздің ойыңызша, азаматтық қоғам идеясының жүзеге асуына сәйкес ақпарат кеңістігінде үкіметтік емес ұйымдар әлі өз орнын таба қоймады ма?
- Мен осы мәселені тереңірек зерттеу үшін қоғамдық қордың атынан Қызылорда қаласының тұрғындары арасында екі сұрақ төңірегінде сауалнама жүргізген болатынмын. Оған мемлекеттік қызметкерлермен қатар бірқатар мамандық иелері, педагогтар, студент жастар, кәсіпкерлер, зейнеткерлер, тіпті жұмыссыздар да қатысты. «Азаматтық қоғам дегенді қалай түсінесіз?» деген сауалға қатысушылардың 26 пайызы, яғни 4/1 бөлігі білмеймін, түсінбеймін деп жауап қатты. Ал, жауап бергендердің ойлары әр алуан боп шықты.
Бір пікір білдіруші азаматтық қоғамды «Адамдардың лайықты өмір сүруін қамтамасыз ететін мемлекеттің лайықты әлеуметтік саясаты» десе, екіншісі «Өзіндік ойы, тәуелсіз көзқарасы бар адамдардан тұратын қоғам» деп топшылады. Енді бірі «заң үстемдік құрып, еркін пікір білдіруді», келесісі «әркімнің кез келген мәселеге үн қатуын, ойын ашық білдіруін», енді бірі «еркін, азат адамдардың өмір сүру не тіршілік ету қоғамын» азаматтық қоғамға теліді. «Азаматтық қоғамды жетілдіру әлем елдеріндегідей жолға қойылмаған» деген де жауап болды. Жалпылама алғанда, жауап берушілер азаматтық қоғамның негізінде демократиялық үрдістердің дамуы қажеттігін алға тартқан.
Екінші «Үкіметтік емес ұйым жайында, олардың атқаратын қызметі туралы не білесіз?» деген сұраққа жауап берушілердің 32 пайызы, яғни 3/1 бөлігі білмейтіндіктерін жасырмады. Білгендерінің кейбірі ҮЕҰ-дарды кәсіпкерлермен шатастырған. Ал, нақты жауап беруге тырысқандардың қатарында, бірі «Үкіметтік емес ұйымдар - еліміздің дамуының қозғаушы күші. Олар әлеуметтік, мәдени, діни салалардың жұмысын атқаруда белсенді түрде атсалысады» деп жауап қатса, енді бірі «Бірнеше жылдан бері түрлі деңгейдегі шараларды атқарып жүрген үкіметтік емес ұйымдарды білемін. Олардың арасында өз жолдарын, өз бағытын тапқандары бар. Дегенмен де кейбір үкіметтік емес ұйымдардың бірін-бірі қайталауы, аса қажетті тақырыптарды қамтымауы ойландырады» деп, пікір білдіргендер бар.
- Сонымен үкіметтік емес ұйымдардың өз жұмыстарының бағалануы қай деңгейде? Олар өз деңгейлерін көрсетуде ақпарат құралдарын тиімді пайдаланып жүр ме?
- Сауалнама жауаптарынан байқағанымыз, қатысушылардың 30 пайызы ғана өз пікірлерін еркін жеткізген. Және де жауаптардан ҮЕҰ жобаларын ақпараттандыруда БАҚ пен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы өзара байланыстың әлсіздігі, соған сәйкес жауап бере алмағандығы сезіледі. Азаматтық қоғам институттарына тән ерекшеліктердің арасында мүдделері әр түрлі әлеуметтік топтардың қоғамдық дамуға әсерін қамтамасыз ету және жария кеңістікті кеңейту арқылы адам санасының потенциялын бұғаудан босатуды бүгінгі ҮЕҰ-дар назарда ұстамайтыны байқалады, болмаса жариялылық кеңістігін жаулап алуға қауқарсыз.
Әлбетте, ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Біздің облыста тынымсыз жұмыс жасап келе жатқан ҮЕҰ-дар баршылық. Олар әлеуметтік тапсырыстарды орындауда белсенділік танытып жүр. Алайда бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара байланыс деңгейі көңіл көншітпейді. Бұл олқылықты кейбір ҮЕҰ басшылары: «Біз ақпарат құралдарына шығуды мақсат тұтпаймыз, өз-өзімізді жарнамаламай-ақ жұмыс жасап жатырмыз» деп түсіндіргісі келеді. Әрине, артында мақсатты тобы бар үкіметтік емес ұйымдар өз дәрежесінде жұмыс жасап жатқанын жоққа шығаруға болмас. Бұл жердегі мәселе, олардың ақпарат деген не, оның қоғамдық пікір қалыптастырудағы, қоғамның дамуындағы ролі қандай екенін түсінбегендігінде жатыр.
ҮЕҰ-дың жарық көрген ақпараты, біріншіден, ақпарат кеңістігінде сол ұйымның бар екенін танытады, екіншіден, жасаған жұмысын өзге қаншама ұйымдардың танысып, пікір алысуына жол ашады, үшіншіден, ақпаратқа шыққан жұмысының бағасын біледі, жетістігі мен кемшілігін саралайды, төртіншіден, кейбір теріс не бұрыс ақпараттарға тосқауыл бола алады, яғни дұрыс ақпаратпен аудиторияны қамтамасыз ету арқылы қоғамның дамуына дұрыс жол сілтейді. Бір дұрыс әрі толыққанды ақпарат арқылы әрбір үкіметтік емес ұйым қоғамдағы орнын белгілеп алады.
- ҮЕҰ мен БАҚ арасындағы өзара байланыстың жайын айтып қалдыңыз. Сонда ақпарат құралдары үкіметтік емес ұйымдардың шараларын ақпараттандыруда құлықсыз болғаны ма?
- Рас, ақпарат құралдары үшін шараның өзекті, қызықты болғаны керек. Олар өз аудиториясына - оқырманына, көрерменіне, тыңдарманына тартымды ақпарат беруді көздейді. Десек те, бұл тұрғыда мәселе бар. Мәселен, әр кез халық жағында жүретін ҮЕҰ басшылары өзекті мәселе қозғап, сұхбат бергенде өткір қозғалған әңгіме жария етіле бермейді. Ұйым басшыларының БАҚ-қа ренжитін тұсы осы. Кешегі аптада өткен форум аясында да осы мәселе айтылмай қалған жоқ.
Әңгіменің екінші жағы, ақпарат құралдары өмірде, қоғамда кездесетін теріс әрекеттер мен келеңсіз құбылыстарды көрсету арқылы қоғамдық пікірді қалыптастыруға ұмтылады. Осы қызметін пайдаланып, БАҚ-пен тиімді байланыс орнату мақсатында ҮЕҰ-дар өзара бірлесіп, бір мәселеде ортаға ой тастап, мінберден үн қатуды ескере бермейді. Қоғамда адамдардың лайықты өмір сүруін қамтамасыз ету арқылы оның азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру азаматтық қоғамға тән екенін ұмытпауымыз керек.
- Тығырықтан шығар жол қайсы?..
- Әр түрлі қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің шын мәніндегі тәуелсіздігі мен дербестігі болуы шарт. Сыни көзқарас пен қоғамдық пікірлер үшін жариялылық кеңістігінің қажеттіліктері, сонымен бірге БАҚ-пен бірге қоғамдық белсенділіктердің әлеуметтік заңдастырылған формалары - ашық, бетпе-бет пікірталастар мен митингілер, жиналыстар мен адамдардың таңдауға еріктілігін жария білдірушілік азаматтық қоғам құрылымына кіреді. Бұл тұрғыдан қарағанда, үкіметтік емес ұйымдар өздеріне жүктелген міндетті адал атқарғанда ғана, БАҚ-ның қоғам алдындағы жауапкершілігі жоғары болғанда ғана қоғамда өз орнын таба алады және қоғамның дамуына өз үлесін қоса алады.
- Сұхбат алаңында қандай ой-пікірлер, нендей ұсыныстар айтылды?
- Сұхбат алаңында көп мәселелер қозғалды. ҮЕҰ-дар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап алынды. Сонымен бірге ой-пікірлер еркін айтылып, салихалы сұхбат болды. Шынын айту керек, әрбір мемлекетік органдарда үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс жасайтын маман бар, бірақ ұйымдармен байланыс жоқ. Сондықтан «әрбір мемлекеттік мекемемен Азаматтық Альянс Қауымдастығы меморандумға отырса», «мемлекеттік мекемелерде жарияланатын жобалар жыл сайын еш өзгерместен қайталана береді, соған сәйкес жобаларға жаңашылдық енгізілсе», «әр жылдың аяғында жұмсалған қаржының нақты есебі беріліп, ашықтық орын алса», «келесі жылы Азаматтық Альянсқа да бөлек ғимарат беріліп, белсенді ҮЕҰ-дар бірге отырып, жұмыс жасаса» деген ұсыныстар айтылды.
Тағы бір айтарым, алдағы жылдан бастап мемлекеттік тапсырыс негізінде үкіметтік емес ұйымдардың қызметі ақпараттандырылса, меншік иесіне қарамастан мемлекеттік газеттермен қатар мемлекеттік тапсырысты орындайтын тәуелсіз басылымдарға медиа-жоспар аясында жыл соңында үкіметтік емес ұйымдардың жылдық есебі туралы жариялау қамтамасыз етілсе дұрыс болар еді. Сосын бізде талдау, сараптау, бағалау деген кемшін түсіп жатады. Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған ҮЕҰ-дың жұмыстары жыл аяғында құзырлы басқарма басшылығы мен тәуелсіз сарапшылар тарапынан толыққанды сараланып, шынайы мониторинг жасалынып, тиісті баға беріліп отырса, ұйымдардың жұмысына серпін берер еді.
- Әңгімеңізге рақмет!
«Шыбын» атты әңгімеде өмір өмірінің бір сәті ішкі монолог арқылы өрбиді. Қызықты кейіпкердің бірі шыбын.
...Зуылдаған көлік, шиқылдаған құс, терезенің әйнегін тесіп жіберетіндей жарқылдаған күннің сәулесі Айбардың тәтті ұйқысына кедергі келтірмеді. Түнімен әлеуметтік желіні шарлап, түрлі бейнежазбаларды таң атқанша тамашалады. Мұны ол дағдыға айналдырған. Өзі небәрі үшінші сыныпта оқиды. Әріп таниды демесеңіз, оқуға ынтасы жоқ. Көзін тырнап ашып, керіліп-созылып болғаннан кейін ғана оқуға баратыны еске түседі. Таңмен тыныштық бермейтін телефоны бүгін тым-тырыс. Әкесінің азанда дайындап кеткен шайында шыбын-шіркей үймелеп жүр. Ыдыс-аяққа шоқшиып бір қарады да, демін ішіне тартты. Амал қанша?!
Асқазаны шұрылдап, сөмкесін асынып мектепке бет алды. Айбардың бір жақсы қасиеті, сабақтан қалмайды. Тек ұйқысы қанғаннан кейін ғана барады. Оған сыныптастары да үйренген. Сынып жетекшісі жанын қоярға жер таппай, дызақтайды да жүреді. Әдеттегідей мектептің алдынан Айбарды мұғалімі күтіп алды. Үйреншікті айқайын тағы бастады. Одан секемденіп тұрған Айбар жоқ. Өйткені директордың кабинетінің табалдырығын осыған дейін талай тоздырған. Мұғалімнің «басыма сор болдың-ау» дегеннен басқа айтары да қалмаған. Айбардың күнделікті айтатын бір сөзі бар. Ол:
- Кешіріңіз, ұйықтап қалыппын!
Бұл сөзден оны айтқан ауыз да, естіген құлақ та жалығар емес. Оның еркетотайлықтан жасап жүрген әрекеті емес. «Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожаның болмағандығынан. Әке-шешесі ажырасқаннан кейін бұл баланың тәрбиесіне ешкім бас ауыртқан жоқ. Әке-шешесінің оның қайда, кіммен жүргеніне мән беріп жатқаны шамалы. Жүректерін тас басқандай. Анасы жас күнінде осы Айбарға екіқабат болып, амалсыздан тұрмысқа шығуына тура келген. Онда да баланың болашағы үшін. Бірақ жұптары жараспаған ата-анасы бір жыл бұрын ажырасып тынды. Қазір екеуі қаланың екі шетінде тұрады. Айбар әлі күнге осы екі үйдің ортасында жүр. Олар өмірлерінің қисық жолдарына осы бейкүнә баланы кінәлайды. Сондықтан тұңғыштары болғанына қарамастан мейірімділік танытқан емес. Содан болар, Айбар тұйық мінезді. Адамдарға сенімсіздікпен қарайды. Өзін біреу құзға итеріп жіберердей үркіп жүреді. Бұзақылық жасамағанымен, өзімшіл.
Кезекті оқу жылы аяқталар сәт. 25 мамыр. Соңғы қоңырау. Түлектердің білім алған ұяларын қимағаннан көздеріне жас алатын күн. Ал оқушылардың үш ай бойы қаланың қапырық ауасынан бой тасалап, ауылға аттануға асығатын сәті.
Бүгін Айбар таңмен таласа тұрды. Түнімен құлағының түбінен ызыңдап кетпей қойған шыбынның кесірінен ерте оянғаннан басқа амалы жоқ еді. Оны өлтіргісі-ақ келген. Бірақ онысынан ештеңе шықпады. Қос қабағы айқасып, мектепке жиналды. Ұзын жолдың бойымен келеді. Ыңылдап әндетіп қояды. Бір қызығы, таңмен миының құртын жеген әлгі шыбын ізінен бір елі қалар емес. Өзі бір ерекше шыбын екен, қып-қызыл. Адамның көзіне оттай басылады. Сондықтан болар, ол да өзінің Айбарды аңдып жүргенін білдіргісі келмейтіндей. Мұны Айбар байқағанымен онша мән бере қоймады. Осылайша оқу жылының соңғы күні мектепке бірінші болып барды. Сыныптастары аң-таң. Бір-бірінен сүйінші сұрап жүр. Жыл бойы ұйықтап, бір күн болса да уақытылы келгеніне бәрінен бұрын сынып жетекшісі қатты қуанды. «Енді үш ай демалыста сені ойлап, уайымдамайтын болдым», - деп мұғалім Айбардың екі бетін кезек-кезек сүюмен әлек. Көптен күткен соңғы қоңыраудың да үні естілді. Оқушылар мәз. Үйлеріне қарай тартып тұрды. Ал Айбар үлкен ой үстінде келе жатыр. Осы қалпымен қаланың шетіне шығып кеткенін де байқамай қалды. Табиғат аясы. Күн шыжып тұр. Жердің беті көкмайса шөп. Демалмақ боп бұтаның түбіне отыра бергенінде әлгі қызыл шыбын қасынан зу етіп ұшып өтті. Көзін уқалап жіберіп, анықтап қарады. Расымен, қызыл шыбын екен. Айбар бұрын мұндай түстегі шыбынды көрмеген. «Бұл қалай болды?». Өзіне осы сұрақты бірнеше мәрте қайталап қойды.
- Жауабын мен айтайын ба?
Бұл дауыстың қайдан шыққанын ол аңғармай қалды. Жан-жағына анықтап бір қарап шықты. Тірі жан жоқ. Айбар қорқа бастады.
- Қорықпа.
Кім сөйлеп тұрғаны белгісіз. Әрбір сұрағына жауап беріп тұр. Біреу аңдып тұрғаны анық. Бірақ кім, не үшін?
- Бұл кім? Саған не керек?
Айбар бар дауысымен айқайлады. Істі насырға шаптырмауды ойлаған шыбын алдымен ызыңдап оның көз алдына келді.
- Сабыр сақтаңыз енді.
Айбар шошып кетті. Көзін бір, құлағын бір тексерді.
- Шынымен сөйлеп тұрсың ба?
- Иә.
- Бұл қалай болғаны?!
- Ол ұзақ әңгіме. Менімен дос боласың ба, кеңесшің болайын. Жол көрсетіп отырамын.
Екі көзі тостағандай болған Айбардың келіспеске амалы қалмады. Бір жағынан, шыбынның сөйлегенін қызық көрді.
- Дос болармыз-ау. Бірақ кеңес беретіндей кімсің өзің?
- Алдын ала мақтанбай-ақ қояйын. Уақытында көресің.
Айбар сөзден қалыспай «бес күн өмір сүретін шыбыннан ақыл сұрап, данышпан болу ақылға сыймайды ғой» деп миығынан күліп, сумаңдаған жәндікті алақанымен ұстап алмаққа ұмтылды. Қармаққа ілініп қала жаздаған шыбын қашып үлгерді.
Байғұс шыбынға да жан керек. Қанаты талса да қонбастан зуылдап ұшып жүр. Бұрын мұнша азап шегіп, тауқымет тартып көрмепті. Ақыры құтылудың жолын тапты-ау! Ағаштан кішкене ашық тесік тауып, әупірімдеп демін басты. Бірақ ұшайын десе, ұша алмайды. Қанаттарын біреу қырқып тастағандай. Біразға дейін ызыңдады. Одан басқа дауыс естілмейді. Айнала тып-тыныш. Айбар ой үстінде. Бала күнінен жалғыздықпен өмір сүргеннен көп ойлана береді. Бәлкім, «болашағым қалай болады?» дейтін шығар. Арада сүт пісетіндей уақыт өтті. Әлгі шыбын ызыңдауын әлі қоймаған. Зер салып тыңдап еді, дауысында өмірге деген құлышынысы ерекше екендігі аңғарылды.
- Әй, шыбын! Тірісің бе?
- Ауыр жарақат алдым. Сенің бойында зұлымдық басым екен.
Бұл сөз балаға қатты тиді. Бір жағынан намысқой екенін көрсетті.
- Намысты екенсің өзің. Сонымен ұсынысымды қабылдайсың ба?
Айбар бірден ашығын айтты. Бірнеше сауалына жауап беруін сұрады. Сонда ғана дос болуға келіспек.
- Көкейдегі барлық сұрағыңды қой. Жауап беруге дайынмын.
- Шыбын мен адамның достығын көз алдыма елесте алмаймын. Адамзаттың сендермен қаншалықты байланысы бар?
Шыбын дұрыстап жайғасып алып, әңгімені әріден бастады:
- «Егер біріңнің сусыныңа шыбын түссе, оны батырып алыңдар. Өйткені оның бір қанатында індет, ал екінші қанатында шипа бар» деп сахих хадисте айтылғандай, адамның да ішінде жақсылық пен жамандық қатар жүреді. Бұл - адам мен шыбынның басты ұқсастығы. «Адам - бір боқ көтерген боқтың қабы» деп Абай айтпақшы, шыбын да боққа құмар келеді. Сондықтан да қазіргі дүниені боқ-дүние деп жатамыз.
- Бес күн өмір сүретін шыбын мұндай ақылды болады дегенге кім сенеді? Саған мұндай данышпандық қайдан пайда болды?
- Шыбын бар-жоғы бес күн өмір сүретіні рас. Осыған орай мына жалғанды да бес күн тірлік дейді. Пайдалы жағымызды ғалымдар әлдеқашан дәлелдеп тастаған. Оның үстіне адам болмысын шыбын арқылы да тануға болады. Бұған ауызекі тілде қолданылатын сөздер дәлел: «Шыбын жаны көзiне көpiндi - жанына қатты батты. Шыбын жанын қояpға жеp таппады - ауpуы жанына қатты батып қиналды. Шыбын жанын шүбеpекке түйдi - жанұшыpды, жанын аямады». Айта берсең, толып жатыр. Мен өзімді данышпан санамаймын. Маған бес күн ғана өмір берілді. Өзге шыбындардан артықшылығым, сөйлей аламын. Бірақ даусым саған ғана естіледі. Егер мұны басқа біреуге айтсаң, мен ендігәрі сөйлей алмаймын. Тек бір адам арқылы ғана жалпы жұртқа көмегімді тигізсем деймін. Менің ұзақ өмір сүруім саған байланысты.
Бұдан кейін Айбардың шыбынға сенбеске амалы қалмады. Алақанын созып, ағаштың бұтасынан шыбынды алды. Екеуі дос болуға уағдаласты. Күннің көзі ұясына батуға сәл қалған. Айбар үйге қайтуға қам жасады. Үсті-басын жөнге келтіріп, жаңа досын ертіп үйге қайтты. Жол бойы Айбар мен шыбынның аузына дамыл болмады. Сырт көзге Айбардың әрекеті ерсі көрінді. Жынданғандай өзімен өзі күбірлеп келеді. Оны байқаған шыбын адам өтіп бара жатқанда сөйлемеуді өтінді. Осылайша үйге де жетті. Кешкі асын ішіп, бөлмесіне ентігіп кірді. Күндегі әдетінше бүгін компьютерге шұқшиған жоқ. Оның орнына шыбынмен әңгімелескісі келді.
- Шын дос болсаң, анам мен әкемнің неге ажырасқанын айтып бере аласың ба?
- Сенің әкең мен анаң - өте жақсы адамдар. Қателеспейтін адам болмайды. Екеуі де шалыс басты. Өмірлерінің өзегі бала екенін түсінбеді. Ағайын-туыстың барлығы сол үшін жазғырды оларды. Қазір сол үшін екеуі ешкіммен араласпай, жеке әлемдерінде өмір сүріп жүр. Бұл қателікті сен ғана түзете аласың.
- Қалай сонда?
- Негізі, сенің әке-шешеңнің махаббатына қызығатындар көп болды. Екеуі де келбетті. «Бірі бірі үшін жаралғандай» деп таңдайын қағатын жұрт. Сегіз жылға жуық қыз бен жігіт болып жүріп барып, отау тікті. Бір шаңырақ астында бақытты ғұмыр кешті. Анаң биші болғандықтан алғашында бала көтеруге асықпады. Ағайын-туыс, көрші көлемнің негізгі әңгімесі де осы болды. «Ел мақтаған ғашықтар баласыз жүр» деп миығынан күлді көпшілік. Содан әкең бұл өсектен құтылғысы келді. Өмірге сен келдің. Екеуінің қалауынсыз туылғасын олар саған мейірімділікпен қарай қоймады. Үнемі бала күтушіге тастап кететін сені. Бұл - енді үлкен қасірет. Бір қызығы, әкең де, шешең де дау шығармастан бір күні ажырасып тынды. Сот әкеңнен сонда «не үшін ажырасасыңдар?» деп сұрақтың астына алды. Ол сабырмен «Менің аяқ киімім қанша әдемі болып жылтырағанымен, оның сыры маған ғана аян» деп жауап берді.
Ата-анасының жақсы адамдар екенін осы уақытқа дейін ешкімнен естімеген Айбар еріксіз көзіне жас алды. Өзінің өмірге келгеніне өкініш білдірді. «Неге? Неге?» деп өзегін өксік басты. Әкесін оятып алып, мән-жайды өз аузынан естімек болған. Шыбын оны тоқтатты.
- Қазір түн ортасы. Әкеңді барып ояттық делік. Ол саған тұшымды жауап бермесе, қайтесің? Көп болса, «Балам, бұл - өткен шақ» дер.
Айбар көзінен дөңгелектеніп аққан жасты жемпірінің жеңімен сүртті. Әлі өксігі басылар емес. Шыбын оны сабырға шақырып, жатып демалуын өтінді. Әңгімені ертең жалғастыруға кеңес берді.
Бозарып таң атқаннан терезеге жарық түсе бастады. Бұл жолы шыбынның ызыңысыз-ақ Айбар ерте тұрды. Әкесіне барып, жаңа жұмыс күніне сәттілік тілеп, таңғы асты даярлауға жәрдемдесті. Бұл қылығына әкесі сүйсіне қарады. Баласының бар екенін есіне түскендей, маңдайынан иіскеді. Әке мен баланың махаббаты бұл үйде енді сезіле бастағандай. Айбар осылайша әкесін жұмысқа шығарып салып, анасына қоңырау соқты. Хал-жағдайын сұрады. Анасы да «Балам, ерте тұрыпсың ғой» деп таңырқап жатыр. Бұл шаруаны бітіріп, үйдің шаруасымен айналысты. Жан-жағын ретке келтіргесін шыбынмен әңгімесін қайта жалғады.
Шыны керек, шыбын Айбарға ерекше шабыт берді. Өмірге деген құлшынысын арттыра түсті. Бірақ Айбар түнімен көз ілмей, әкесінің теңеуіне таңғалумен болды. Көкейіндегі сұрағын шыбынға қойды.
- Әкем шешемді шын сүйсе, неге оны аяқ киімге теңеді?
- «Осы сұрақты неге қоймады?» деп мен ойлағам. Не нәрсеге де атүсті қарамайды екенсің. Бұл қасиетің қуантады. Тыңда, айтайын. Киім - адам денесін ауа райының, қоршаған ортаның зиянды әсерінен қорғайтын бұйым. Әйел де сол сияқты ер азаматына жылу сыйлап, оны сөзге қалдырмауға тырысады. Негізі, адамдар бір-біріне қарағанда көздері еріксіз аяқ киімдеріне түседі. Мұны көпшілігі байқай бермейді. Әсіресе, оның тазалығына қатты мән береді. Сенің әкеңнің аяқ киімі үнемі жылтырап жүретін. Анаңның жүзі жадыраңқы болды. Бұл жағынан ешкім күмән келтірген жоқ. «Дүниенің кеңдігін қайтейін, аяқ киімің тар болса» деп бекер айтылмаған. Әркімнің аяқ киімінің тар-кеңдігі өзіне ғана аян. Сол секілді сырт көзге білдірмегенімен анаңның кемшілігін әкең ғана білетін. Оны анаң да жақсы түсінді. Екеуінің ақылдылығының арқасында осындай шешім болды. Оның зардабын сен тарттың.
Айбар тағы терең ойға батты. Бірақ өзінің өзге замандастарына қарағанда тағдырдың қатал сынына тап болмағанына іштей болса да қуанды. Расымен, қазақтың балалары маскүнем ата-ананың, жауапсыз махаббаттың құрбаны болып, үй-күйсіз бұзақылықпен айналысып жүр. Мұндай балалардан келешек қандай ұрпақ өспек?! Айбар тағдырлас замандастарының болашағын ойлап, демін ішіне тартты. Енді қолынан не келетінін ойлады. Жан-жағындағы зұлымдықты жоюдың амалдарын іздеді. Ең бастысы, ата-анасын татуластырудың жолын қарастырды. Екеуінің бір шаңырақ астында тұрмайтындары анық. Бірақ араласып тұруына жағдай жасау қажеттігін ойлады. Айбардың ата-анасы - шығармашылықтың адамдары. Бір-бірінің жанын сондықтан түсінгісі келмейді. Қолдары қалт етсе, өз істерімен айналысуға бейім. Әкесі мен шешесіне қолқанат болып, олармен ашық сөйлесуге тырысып бақты. Бір амалын тапқандай. Екі күннен кейін Айбардың туған күні. Сегіз жасқа толады. Осы мүмкіндікті пайдаланып ата-анасын бір-бірімен кездестіруді ойластырды.
- Әке, менің туған күнім жақындады. Білесіз бе?
- Кешірші, балам, есімнен шығып кетіпті.
- Оқасы жоқ. Жұмыспен қапылысып жүрсіз ғой. Дегенмен, бір күн уақытыңды қиып, табиғат аясына шықсақ, қалай болады?
Әкесі баласының көңілін қимай бірден келісті. Осылайша әкесі екеуі туған күнді атап өтудің қамына кірісіп кетті. Айбар кешкілік анасына қоңырау шалып, оны да туған күніне шақырды. Алғашында түрлі сылтау айтқанымен баратын болды.
Ертемен тұрған Айбар әкесі екеуі бар керек-жарағын алып, табиғат аясына шықты. Шоққа картоп көміп, кәуаптың қамына кірісті. Шақырайған күн тас төбеге жеткен сәтте алыстан анасы да көрінді. Айбар «уралап», анасының құшағына қарай жүгірді. Анасына жете берген сәтте тасқа сүрініп құлады. Оны байқаған әкесі де алып ұшты. Әкесі мен анасы сәлемдеспестен баласының тізесінің қансырап тұрған жерін дәкемен орап әлекке түсті. Айбарды қолтықтап, дастархан басына әкелді. Демдерін басқасын бір-бірінің хал-жағдайын сұрады.
- Көріспегелі көп айдың жүзі болыпты, жағдайың қалай?
- Шүкір, жақсы. Өзіңнің жұмысың қалай? Жаңа суреттер салып жатырсың ба?
- Иә. Жұмыс деп баламыздың ер жеткенін аңғармай қалыппыз.
Айбар біразға дейін әңгімеге құлақ түріп отырды. Сый-сыяпатын алып, жақсы тілектерін естігеннен соң Айбар ата-анасына бір өтініші бар екенін айтты. Екеуі де «балам, құлағымыз сенде» деп тыңдауға дайын екендіктерін жеткізді. Шыбын да сыбырлап, Айбардың қай жерде, қалай сөйлеу керектігіне бағдар берді.
- «Әке - асқар тау, ана - бауырындағы бұлақ, бала - жағасындағы құрақ». Бұл - қазақтың ежелден келе жатқан мақалы. Асқар тауым, әке, өзіңізсіз. Бауырындағы бұлақ - анам. Бірақ сол бұлақтың өзге таудан ағып жатқаны өкінішті. Құрақ болып жүрген мен екеуіңіздің арасыңызды жалғай алмай жатырмын. Бұл тағдыр шығар. Кемшілікті әркез түзетуге болады. Бала болып ақыл айтты демеңіздер. Сіздердің шаңырақ көтергендеріңізге он жылдан асты. Қатарластарымнан қалып жатқан жоқпын. Бірақ ата-ананың жылы алақанына зәру болдым. Сіздерге бір әңгіме айтып берейін: Шымшық - түсi көк, дене тұрқы торғайдай, көктемде келетiн жыл құсы. Күздің қоңыр салқын кезі. Қыр астында қыс тұр. Құстар жылы жаққа бет алып жатыр. Бір шымшық күн суытқан кезде балапандайды. Жылы жаққа ұшып кетейін десе, балапаны аштан өлетіні белгілі. Не істерін білмей шарқ ұрады. «Мұнда қалғанда балапаныммен бірге аштан өлемін бе?» деп ойлап қояды. Бірге алып ұша алмайтыны анық. Күндер өтіп жатыр. Аяз күшейді. Амалы таусылғандай болды. Қанша бауыр еті елжіреп тұрса да, балапанын қанаттандырмастан жылы жаққа бет алады. Шыр-шыр етіп, кішкентай шымшық ұясында қала береді. Анасының жиып берген асы да таусылды. Өзі ұша алмайды. Оның үстіне ұясынан басын шығарса, сырттағы аяз үсіріп жіберердей. Бейкүнә балапанға қарғалар көмектеседі. Түрі салқын көрінетін қарғалар мейірімділік танытады деп кім ойлаған?! Қыстың көзі қырауда өздері ішерге асты әрең тапса да, шымшықты аш қалдырмады. Осылайша жылы ұяда шымшық бір қысты өткізеді. Көктем келгенде оны анасы іздейді. Бірақ кіші шымшықтың өмірге деген көзқарасы басқаша болып қалыптасқан еді. Қарғалар секілді қарқ етіп, жан-жағына қаталдық танытады. Өзімшіл шымшықтардың әрекеті үшін оларға күн бермеуге шығады. Бірақ өзін қысты күні жауратпай өсірген қарғалар оны ақылға шақырып, кешірімшіл болуға үйретеді. Кішкентай шымшық қанша ашуланса да, өз ортасына қосылу қажеттігін түсінді. Сондықтан барлығына кешіріммен қарады. Ал өзіне қамқор болып, жақсылық жасаған қарғалар үнемі қыстық азықтарын жинауға көмектесіп барып, жылы жаққа ұшатын.
Балаларының әңгімесін ұйып тыңдаған Айбардың ата-анасы ұзақ уақытқа дейін үнсіз отырды. Өздерінің әрекеттері үшін баласынан ұялды. Бір кезде екеуі бірдей солқылдап жылап, Айбардан кешірім сұраумен болды.
- Мен сіздерге ренжіген жоқпын. Тек тағдырыма ашулымын. Бұл қателік бүгіннен бастап түзеледі деп сенемін. Бір-бірлеріңізді сүйгендеріңізбен жараспадыңыздар. Бұл кешірімшілдік, кішіпейілділік, түсіністікпен қараудың жоқтығынан. Сіздерде өзімшілдік басым. Бірақ бұлар қанға сіңген қасиет емес қой. Одан арылуға болады.
Бұл сөздер әкесі мен шешесінің жүрегіне қанжар сұғып алғандай әсер етті. Бір-бірінен кешірім сұрап, шайқалған отбасын қайта қалпына келтіруге уағдаласты. Осылайша бір отбасының төрт көзі түгелденгендей. Айбардың қуанышында шек жоқ. Кешкілік бөлмесіне барған соң шыбынға алғысын қарша боратты. Бірақ Айбарды тағы бір ой түнімен ұйықтатпады. Таңды әрең атырды. Бүгін шыбынмен дос болғанына бесінші күн. «Өзіме жақсылық көрсеткен шыбыннан айырылып қалам ба?» деген ой оны жегідей жеді. Ұйқыдан тұра сала әлгі шыбынды іздеді. Бірақ таба алмады. Кешке дейін келер деп үміттенді. Қас қарайды. Ызыңдаған шыбынның дыбысы естілмейді.
Арада бес күн өтті. Бірақ Айбар ешнәрсеге зауқы болмай бөлмесінен шықпастан жатты. Ата-анасы асты-үстіне түсіп әлек. Бір қызығы, Айбар үйдің есік-терезенің барлығын ашып қойса да бірде-бір шыбын кірмейді. Бұған аң-таң. Осылай мазасыз күйде жүргенде жазғы демалыстың да бір айы өтті. Өзімен-өзі күбірлеп отырып, «менің бұл әрекетім дұрыс емес-ау» деп ойлады. «Ол шыбынның менімен қоштаспай кеткені болмаса, маған көп жақсылық жасады ғой» деп қояды. Бар күш-жігерін жинап, кітап оқуға тырысты. Айбар өз отбасын түгендедім, болды деп шектелгісі келмей, елінің ертеңі үшін қызмет етуді жоспарлады. Ол үшін, алдымен, білім қажеттігі анық. «Патриот болу - әрбір қазақтың парызы» деген ұстанымда болды.
Кезекті оқу жылы басталып, Айбар төртінші сыныпқа барды. Жазғы демалыс туралы шығарма жазғанда осы оқиғаны қағаз бетіне түсірді. Сыныптастары аң-таң. Көпшілігінің сенгісі жоқ. Бірақ ата-анасының қайта қосылғанын көргенде сенбеске амалдары қалмады. Айбардың сабақ үлгерімі өзгерген. Бір жағынан Айбардың бұл әрекеті сыныптастарына шабыт бергендей. Қазір барлығы сабақты жарысып оқитын болды. «Еліміздің патриоты болуға ұмтыламыз» деп ұрандатып жүр олар.
Қызылорда қалалық «Ақмешіт ақшам» газетінде жарияланған «Қожабековтер отбасылық ансамблі елдің көзайымына айналды» атты мақала бір әулеттің өнер өлкесіндегі өмір жолына арналады.
...Дария бойы өнер мен мəдениеттің небір туындыларын дүниеге əкелген тума таланттарға толы мекен. Сондықтан да біздің өлке «Сыр елі - жыр елі» деп бекер айтылмаса керек. Сондай-ақ, қазақта «Ел іші - өнер кеніші» деген нақыл сөз бар. Халық арасында өздерінің шығармашылығымен кеңінен танылып жүрген отбасылар баршылық.
2012 жылы тұсауы кесілген Қожабековтер отбасылық ансамблі содан бері қаншама мəдени шараларда елдің көзайымына айналып үлгерді. Үстіміздегі жылы аталмыш ұжымға халықтық ансамбль атағы берілді. Отағасы Рүстембек Қожабеков 1968 жылы Қызылорда қаласы жанындағы Тасбөгет кентінде дүниеге келген. Бала күнінен өнерге жақын өскен оны ата- анасы əуез мектебіне оқуға берді. Ес білгелі білім мен өнерді қатар алған Рүстембек ең алғаш еңбек жолын жылжымалы клуб меңгерушісі болып бастады.
Қазіргі кезде Қызылжарма ауылдық округіндегі мəдениет үйінің директоры қызметін атқарады. Сонымен қатар, Қожабековтер ансамблінің жетекшісі. Ол осы уақытқа дейін республикалық, облыстық, қалалық байқауларда топ жарып, тума талантының арқасында бірнеше белестерді бағындырған өнерпаз. Осы салада 25 жылдан астам уақыт тер төкті. Ол өзі құрған ұжымның халықтық атақты алуына көп еңбек сіңірді. Ал, өмірлік жары - Қуаныш Мырзабаеваның өнерден құр алақан емес. Екеуі де туған жердің топырағынан ұзамай, мəдениет саласында еңбек етуде. Бүгінде өмірде де, өнерде де жұптары жазылмай келе жатыр. «Адам ұрпағымен мың жасайды» десек, олар отбасында 7 бала өсіріп, тəрбиелеп отырған қамқор əке, мейірімді ана. Ұл- қыздары да əн-күй десе ішкен асын жерге қояды. «Əке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші кішкентайынан ата-анасының əнін тыңдап өскен олардың өнерге деген көзқарасы ерекше. Қазіргі кезде балаларының бəрі де осы ансамблдің құрамында өнер көрсетіп, көпшіліктің көзайымына айналып жүр. Əке жолын қуған ұлы - Арман Бекмырзаев қалалық «Жігіт сұлтаны-2015» байқауында ІІ орынды иеленді.
Сондай-ақ, балалар шығармашылығына арналған «Тəуелсіздік аруы» атты қалалық байқауда қызы - Əнел І орынды жеңіп алды. - Ел мен елдің арасын жалғайтын ол - өнер. Шетелдегі талғампаз тыңдарман төрткүл дүниенің бір бұрышында қазақ деген ел барын, оның ұлттық өнер арқылы заманмен бірге дамып келе жатқанын біледі. Таниды. Мойындайды. Бұл - ешқандай да ақшаға сатып алынбайтын дүние. Қай елге барсақ та біздің ұлттық киімімізге тамсана қараумен болады. Өнер - таусылмайтын қазына, ал сахна əркім көтеріле бермейтін киелі орын. Бүгінде Сыр топырағынан түлеп ұшқан əрбір өнерпаз қай жерде, қай елде жүрсін, мейлі, өздерінің қабілетін дəлелдеп мерейі үстем болуда. Біздің өңірден шыққан керемет дауыс иелері, тума таланттар көп. Дауыстарын естігенде еріксіз кеудеңе мақтаныш кернейді. Сыр топырағының құнарлығы, қасиеттілігі осыншама таланттарды дүниеге əкелуде, - дейді ансамбль жетекшісі.
Əрине, көрермен ризашылығына бөлену өнерпаз үшін үлкен мəртебе. Осы орайда Қожабековтер отбасының жеткен жетістіктері орасан. Үстіміздегі жылы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының бірінші қалалық кезеңінде «Өнерлі отбасы» номинациясымен марапатталды. Сондай-ақ, қалаға жақын орналасқан елді мекендер арасында «Ел іші - өнер кеніші» атты байқауда олар жоғары орынға лайық деп бағаланды. Шығармашылық топ əрбір мереке сайын жеке кештерін өткізіп, түрлі байқауларда топ жарып жүр. Сонымен қатар, ауыл көркін көркейту мақсатында жылда «Ауыл кеші көңілді», «Ауылым - алтын бесігім» атты концерт ұйымдастыруды үрдіске айналдырған. Соңғы жылдары əнімен талай жұртты тамсандырып жүрген ұжымының репертуарында жергілікті композиторлар Ш.Сүлейменовтың «Сыр елім», С.Ұлықпанұлының «Ақ көгершін», Р.Таймановтың «Қызылорда», Р.Əлқожаның «Сырдария», Ш.Қал- даяқовтың əндерінен папури, халықтың «Сəулем-ай», «Ақ жайнақ» «Тойбастар» əндері бар. Əрбір концертте Қожабековтер ансамблінің мүшелері Қуаныш Ахметқызы мен ұлы - Арман, қыздары - Əнел мен Керемет өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Сонымен қатар, Қ.Ахметқызының бастамасы- мен 2014 жылы ауылда «Қуаныш» əжелер ансамблі құрылды. Бірақ қазір аталмыш өнер ұжымының аты «Қызылжарма» болып қайта өзгертілді.
Бүгінде құрамында 8 өнерпаз өнер көрсетеді. - Өнер - халық тарихының шежіресі. Жүректен шыққан əн ғана жүрекке жетеді дейді. Біз əн айтқанда өзімізді басқа əлемде жүргендей сезінеміз. Өзгеше күйге бөленеміз. Сондықтан да киелі сахнаға шығып, əн шырқау - біз үшін зор бақыт. Осы өнер жолында үлкен жетістіктерге жетіп, өз орнымызды қалдырғымыз келеді, - деп ансамбль мүшесі Қуаныш Ахметқызы жүрек түкпірінде жатқан сырымен бөлісті.