Астана қаласы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының басшысы Марат Өмірбаев мәлімдегендей, 2025 жылғы 16 шілдеде «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында Қылмыстық кодекске 115-1-бап — «Сталкинг» енгізілді. Осылайша, ұлттық заңнамада жәбірленушінің еркіндігіне жүйелі түрде қысым көрсеткендер дербес қылмыс ретінде танылды.
— Бұл норма азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, құқықбұзушылықтың алдын алуға және қоғамда психологиялық қысымға нөлдік төзбеушілік қағидатын қалыптастыруға бағытталған, — деді Марат Өмірбаев Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Жаңа бапқа сәйкес, сталкинг жасағаны үшін 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.
Полиция өкілінің айтуынша, егер қудалау күш қолданумен, қорқытумен немесе жеке өмірге қол сұғумен қатар жүрсе, онда бұл әрекет Қылмыстық кодекстің басқа баптары бойынша да қаралады.
Еске салайық, жуырда Алматыда азаматтарды қасақана қудалау мен психологиялық қысымнан қорғауға бағытталған Қылмыстық кодекстің 115-1 бабы бойынша алғашқы сот үкімдерінің бірі шықты.