Starlink Өзбекстанда 2026 жылы іске қосылуы мүмкін

Фото: Freepik

АСТАНА. KAZINFORM — Starlink спутниктік интернеті Өзбекстанда 2026 жылы іске қосылуы мүмкін. Бұл ақпарат Starlink сайтында жарияланды. 

Америкалық миллиардер Илон Маскқа тиесілі SpaceX компаниясының Starlink спутниктік интернет-сервисінің жол картасында Өзбекстанда іске қосу уақыты 2026 жыл деп көрсетілген.

Бұған дейін Starlink Өзбекстан нарығына 2023 жылы шығады деп жоспарланған. Кейінірек 2025 жыл көрсетілді, енді бұл мерзім тағы бір жылға ұзартылды.

SpaceX 2022 жылы Өзбекстанда ірі жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін мәлімдеген болатын.

Starlink Қазақстанда ресми түрде 2025 жылы 13 тамызда іске қосылды. Осы уақытқа дейін ол тек қана пилоттық режимде болды, ал жоғары жылдамдықты интернетті негізінен ауыл мектептері пайдаланды. Енді қызмет барлық пайдаланушылар үшін ашық.

Starlink – 2015 жылы АҚШ-тың SpaceX компаниясы (Илон Маск негізін қалаған) әзірлеген және басқаратын спутниктік интернет жүйесі. Оның мақсаты – әлемнің кез келген жерінде, тіпті ең шалғай және дамымаған аудандарда да жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету.

Интернет жылдамдығы әдетте 50-250 Мбит/с диапазонында болады.

Еске сала кетейік, Қазақстанда Starlink тарифі белгілі болды