Starlink-ті еліміздегі басқа салаларға енгізу мүмкіндігі қаралуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Ресей мен Қытай шекарасына жақын Қазақстанның елді мекендеріндегі мектептерді Starlink-ке қосуға қатысты келіссөз жүріп жатыр. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мәлім етті. 

Фото: pixabay.com

«Starlink технологиясын қолдана отырып, мектептерді интернет желісімен қамтамасыз ету жөніндегі пилоттық жоба цифрлық білім беру ресурстарын қосуға бағытталған. Бұл жоба елдің шалғайдағы аудандарында орналасқан мектептерде интернет жылдамдығын талаптарға сәйкес келтіру мақсатында жүзеге асырылып жатыр. Бұл тұрғыда шамамен 1879 мектепті қамту жоспарланған», - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Сонымен қатар ведомствоға алдағы уақытта Starlink жүйесі мектептерден басқа қай бағыттарға енгізілуі мүмкін деген сауал жолдадық. 

«Starlink технологиясын қолдану бағыттарын одан әрі кеңейту мүмкіндігі пилоттық жобаны іске асыру қорытындылары бойынша қаралады», - деп аталып өткен Цифрлық даму министрлігі ақпаратында.

Атап айтқанда, биыл шілде айында Ресей мен Қытай шекарасына жақын елді мекендердегі мектептер Starlink-ке қосыла алмай жатқаны белгілі болды.

Аталған мектептер Ресей мен Қытай шекараларына жақын орналасқан және SpaceX саясатына сәйкес Starlink интернеті аталған елдерде жұмыс істемейді.

«Ресеймен және Қытаймен шекаралас аудандарда орналасқан мектептерді қосу мәселесі SpaceX компаниясының техникалық мамандарымен пысықталып жатыр», - деп нақтылады министрлік. 

Тамыз айының басындағы мәлімет бойынша қамтылуы тиіс 1 879 мектептің 1 731-інде Starlink жүйесі орнатылған. 

Бұған дейін министрлік ауыл мектептеріне Starlink спутниктік интернетін орнатуға қанша қаржы жұмсалғанын жариялады.