Стармер: Қытай — Ұлыбританияның ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіретін ел

Фото: VCG

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер Қытайды Корольдіктің ұлттық қауіпсіздігіне нақты қауіп төндіретін мемлекет деп атап, сонымен бірге Пекинмен ынтымақтастықты қолдайтынын да мәлімдеді. Бұл туралы ТАСС жазды.

«Иә, бұл — Ұлыбританияның ұлттық қауіпсіздігіне шынайы қауіп төндіретін ел», деді британ үкіметінің басшысы Лондонда ұйымдастырылған дәстүрлі банкетте.

Сонымен қатар Стармер Лондон мен Пекин арасындағы берік қатынастардың болмауын сынға алды.

«Уақыты келді: бізге байыпты көзқарас қажет. „Алтын дәуір“ немесе „Мұз дәуірі“ сияқты жеңілдетілген екіұдай ұстанымнан бас тарту керек. Ел өзін қорғай отырып, басқа мемлекетпен жұмыс істеп, сауда жүргізе алатыны — айқын факт», деді премьер-министр.

«Біздің жауабымыз қорқынышпен айқындалмайды және иллюзиялармен жұмсармайды. Ол күшке, айқындыққа және байыпты реализмге негізделеді», деп уәде берді Стармер. 

Оның айтуынша, Пекинмен ынтымақтастыққа қарамастан, Ұлыбритания Қытай тарапынан жасалуы мүмкін тыңшылық әрекеттерін және заңсыз киберқызметті тоқтатады, Ресеймен жұмыс істейтін қытайлық мұнай-газ компанияларына санкциялар енгізеді және адам құқықтарының бұзылуын әшкерелейді.

Бұған дейін Ұлыбританияның МИ-5 қарсы барлау қызметі Қауымдар палатасы мен Лордтар палатасының қызметкерлеріне ескерту жолдаған. Онда Қытайдың мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі британ парламенттік қауымдастығындағы жекелеген тұлғалармен белсенді жұмыс істейтіні айтылған. Мақсат — ақпарат жинау және «кәсіби әлеуметтік желілерді, рекрутерлік агенттіктерді және өз атынан әрекет ететін консультанттарды пайдалану арқылы» ұзақ мерзімді байланыстардың негізін қалыптастыру.

Пекин бұл айыптауларды «таза ойдан шығарылған және арам ниетті жала» деп атады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлыбритания Қытаймен қарым-қатынасты жаңа деңгейге шығарудың жолын іздеп отырғанын жаздық