Стармер мен Трамп Ормуз бұғазын ашудың маңыздылығын мойындады

Фото: Anadolu

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер АҚШ президенті Дональд Трамппен Ормуз бұғазын кеме қатынасы үшін ашудың маңыздылығын талқылады, деп хабарлайды ТАСС.

— Көшбасшылар Таяу Шығыстағы қазіргі жағдайды, атап айтқанда, әлемдік кеме қатынасын қалпына келтіру үшін Ормуз бұғазын ашу қажеттігін талқылады, — делінген Ұлыбритания премьер-министрі кеңсесі таратқан Ақ Үймен жексенбілік телефон әңгімесінің қорытындысы бойынша коммюникеде.

Олар Ормуз бұғазын ашу жаһандық энергетикалық нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін аса маңызды деген пікірге келді.

28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция бастады. Соққылар ірі қалаларға, соның ішінде Тегеранға жасалды. Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) ауқымды жауап операциясын бастап, Израильге шабуыл жасады. Сондай-ақ АҚШ-тың Бахрейн, Иордания, Қатар, Кувейт, БАӘ және Сауд Арабиясындағы нысандарына соққы берілді. 11 наурызда Иран қарулы күштерінің орталық штабы «Хатам әл-Анбия» өкілі Иран АҚШ пен оның одақтастарына қатысы бар мұнай жүктерін Ормуз бұғазы арқылы өткізуге жол бермейтінін мәлімдеді. 15 наурызда ол Тегеран қарсыласын тізе бүктіру үшін кез келген әдісті, соның ішінде Ормуз бұғазындағы кеме қозғалысын бақылауды қолданатынын айтты. 

2026 жылғы мамыр айында жеткізілетін Brent маркалы мұнай фьючерсінің бағасы жұма күні Лондондағы ICE биржасында барреліне 110 доллардан асты. Бұған дейін америкалық Goldman Sachs банкі жеткізілімдегі іркілістер ұзаққа созылса, мұнай бағасы 2008 жылы тіркелген тарихи максимум — шамамен барреліне 147 доллардан да асып кетуі мүмкін екенін болжаған.