Стармер үкіметі зейнеткерлерге қысқы жылу жәрдемақысын қайта төлейтін болды
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлыбританияда билікке келген Стармер үкіметі зейнеткерлерге қысқы маусымда төленетін жылу жәрдемақысын қайта енгізуді жоспарлап отыр, деп BBC жазды.
Алайда, бұл көмек бұрынғыдай барлық зейнеткерлерге беріле ме, әлде тек жеңілдетілген шарттармен беріле ме — әзірге нақты емес. Стармер бұл мәселенің күзде, үкімет жаңа бюджет жобасын жариялаған кезде нақтыланатынын айтты.
Жыл сайын қараша немесе желтоқсан айларында британдық зейнеткерлерге қыс мезгілінде электр қуаты мен газ үшін артатын шығындарды өтеуге көмектесу мақсатында арнайы төлем беріледі.
Бұл жәрдемақы:
• 80 жасқа дейінгі зейнеткерлерге — 200 фунт стерлинг (қазіргі бағаммен шамамен 269 АҚШ доллары),
• 80 жастан асқандарға — 300 фунт стерлинг көлемінде беріледі.
Аталған көмек алғаш рет 1997 жылы Тони Блэр басқарған лейбористік үкімет тұсында енгізілген болатын және өткен жылға дейін барлық зейнеткерлерге табысына қарамастан тұрақты түрде төленіп келген.
Алайда, өткен жазда билікке келген Стармер үкіметі алғашқы шешімдерінің бірі ретінде бұл төлемді ең мұқтаж деген зейнеткерлерге ғана беруді ұйғарған еді. Өткен қыста 9 миллионнан астам адам бұл көмектен қағылды.
Үкімет бұл қадам арқылы консерваторлардан қалған бюджеттің ауыр жағдайын көрсеткісі келгенімен, шешім халық арасында өте теріс пікірге ие болды.
Мамыр айында өткен жергілікті сайлауларда лейборист кандидаттар науқан кезінде ең жиі айтылған шағым – қысқы төлемнің тоқтатылуы болғанын мәлімдеді. Бұл сайлауда лейбористер сәтсіз нәтижеге тап болды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлыбританияда мигранттарға қарсы реформа жарияланғанын жазған едік.