«Старшактар» ұрған: Маңғыстау облысында 17 жастағы оқушы кісі қолынан қаза тапты
АҚТАУ. KAZINFORM – Қайғылы оқиға Бейнеу ауданында болған. Сағындық есімді 11-сынып оқушысы достарымен серуенге кетіп, белгісіз жағдайда қаза тапқан.
Марқұмның туыстары Сағындықтың кісі қолынан мерт болғанына сенімді. Себебі олар бозбаланың денесінен ұрып-соғу белгілеріне ұқсас дақтарды көріп, Ақтау қаласына сараптамаға әкелген. Ал марқұмның достары ауылда «старшактар» бар екенін мойындаған. Олардың айтуынша, сол күні «старшактар» бұларды қатарға тұрғызып, кезек-кезек ұрған. 17 жастағы Сағындық сол кезде жерге құлап түсіпті. Достары оны дәрігерге апарған. Медицина маманы оның қайтыс болғанын растаған.
Маңғыстау облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, осы оқиға қатысы бар күдікті ұсталған.
- Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірді. Оның соңы адам өліміне әкеп соқты деген дерекпен (ҚР ҚК 196-бабының 3-бөлігі) күдікті ұсталды, - делінген хабарламада.
Айта кетейік, қайтыс болған оқушы – ата-анасының жалғыз ұлы. Марқұм биыл 11-сыныпты бітіріп, химия – биология бағыты бойынша жоғары оқу орнына түсуге дайындалып жүрген екен.
Бұған дейін Маңғыстауда браконьерлердің ауынан өлі итбалықтар табылып жатқаны туралы жазған болатынбыз.