Starship зымыранын сынақтық ұшыру бірнеше айдан кейін қайталанады

Фото: aa.com.tr
НЬЮ ЙОРК. ҚазАқпарат - Америкалық SpaceX компаниясы Starship ғарыш кемесі прототипінің кезекті сынақ ұшыруын бірнеше айдан кейін өткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

«SpaceX командасын қызықты Starship сынақ ұшыруымен құттықтаймыз. Біз бірнеше айдан кейін болатын келесі сынақ кезеңі үшін көп нәрсені үйрендік», - деп жазды команданың негізін қалаушы Илон Маск Twitter-де.

Айта кетейік, бейсенбі күні SpaceX Starship ғарыш кемесі прототипі бар зымыран тасығышының алғашқы сынақ ұшыруын өткізген болатын. 38 шақырым биіктікке жеткен 120 метрлік зымыран ұшырылғаннан кейін шамамен екі жарым минуттан соң бақылаусыз айнала бастады. Тағы бір жарым минут өткенде жарылды.

SpaceX веб-сайтындағы хабар таратушылар бұдан бұрын зымыран ұшыру алаңынан көтеріле алатын болса, сынақ ұшыру сәтті деп есептелетінін атап өткен.