Стартап жобалар бойынша Қазақстан жақсы қарқын алды - сарапшы
АСТАНА. KAZINFORM – Kazinform агенттігінің BIZDIÑ ORTA подкасында отандық IT мамандар Қазақстандағы стартаптарды қолдау деңгейіне баға берді.
- Ертеректе тиісті экожүйенің болмауынан бізде стартаптар баяу дамыды. Мәселен, 2015 жылы шетелде стартаптарға инвестиция көптеп тартылды. Ал Қазақстанда Astana Hub пайда болғалы және Алматыда Most IT Hub ашылғалы стартаптардың үлесі күрт артты. Astana Hub-та инвестиция тарту үшін әлеуеті жоғары жобаларды таныстыру мүмкіндігі мол. Жалпы, кейінгі жылдардағы бастамалардың арқасында Қазақстанда, Орталық Азияда жақсы нәтиже беретін стартаптар жақында арада көбейеді деп санаймын, - деді SHAI стартапының негізін қалаушы Әлібек Полатов.
Өз кезегінде SmarTestPrep жобасының негізін қалаушылардың бірі Мейрам Жардаевтың пайымынша, стартап жобаларды жүзеге асыру бағытында Қазақстан жақсы қарқынмен дамып келеді.
- Біз ешкімнен қалыс келе жатқан жоқпыз. Алпауыт елдерде бұл салаға бұрыннан екпін қойып келеді. Тәуелсіздік алғанымызға да соншалықты көп уақыт болмады. Менің ойымша, 2035 жылға дейін IT салада едәуір нәтиже болады. Атап айтқанда, Қазақстанда экожүйе жақсы дамып жатыр, яғни жақсы мүмкіндіктер баршылық. Astana Hub-та, Назарбаев Университетінде жақсы жағдайлар жасалған, сондай-ақ Алматы да біраз бағдарламалар бар. Студенттер мен жас мамандардың стартаптарын қолдауға ерекше мән берілген. Қазақстанның E-gov жүйесінің өзі шетелдің біразын таңғалдырған. Смарфонға жүктеген осы бір қосымша арқылы бірқатар қызметті алуға болады. Одан бөлек, бізде күнделікті пайдаланып жүрген біраз озық платформа бар. Сондықтан цифрландыру жағынан Қазақстан өте жақсы орында, - деді М.Жардаев.
Еске салсақ, биыл сәуір айында Парламент Мәжілісінде Astana Hub пен Инновациялық технологиялар паркін біріктіру туралы заң жобасы бірінші оқылымда талқыланды. Сол кезде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Astana Hub-тан қолдау көріп, халықаралық нарыққа шыққан инновациялық стартаптардың қазіргі жай-күйіне тоқталды.