Стати ісін реттеу Ұлттық қорға қалай әсер етті

Фото: Фото: STATISTIKA/Rasmiy kanal

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық банк Стати ісінің түпкілікті реттелуі Ұлттық қордың активтеріне қалай әсер еткенін мәлім етті.

- Реттеу нәтижесінде Ұлттық банк Стати тараптарының ҚР Ұлттық қорының активтеріне қойған талаптарынан бас тартуына және Швецияда қамтамасыз ету шараларының ықпалында болған Ұлттық қор активтерін өз иелігіне қайтаруға қол жеткізді, - деп жазды Ұлттық банктің ресми сайты.

Ұлттық банк мәліметінде бұл жайттар Ұлттық қор кірістілігіне оң әсер ететін айтылған.

- Бұл ҚР Ұлттық қорының ұзақ мерзімді кірістілігін жақсарту үшін жағдай жасауға ықпал ететін операциялық икемділікті арттыруға және әлеуетті инвестициялық серіктестердің барынша кең ауқымын тартуға жаңа мүмкіндіктер ашады, - делінген ресми ақпаратта.

Сондай-ақ ағайынды Статилер мен Қазақстан тарапының арасындағы дауды түпкілікті реттеу келісімінің нақты шарттары жасырын екені айтылған.

Бұған дейін Әділет министрлігі Стати ісінің төңірегіндегі көпжылдық дау Қазақстан тарабы үшін сәтті реттелгенін хабарлаған еді.

Еске салсақ, 2021 жылдың қараша айында Ұлттық банк Ұлттық қордың 536 млн доллардай активі қайтарылғанын хабарлаған болатын. Алайда екі тарап түпкілікті ымыраға келгенге дейін Стати тарабы түрлі инстанцияларда аталған активті қайта бұғаттау туралы талаптар қойып келген еді. Bank New York Mellon банкінде жатқан бұл актив Стати тарабының талап-арызы бойынша 2018 жылдың мамыр айында бұғатталған болатын.