Статистика: 1 тамызда Қазақстан халқының саны 16 млн. 800 мыңнан астамды құрады

АСТАНА.  14 қыркүйек. ҚазАқпарат - Биылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша еліміз халқының саны 16815,6 мың адамды құрады.

Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті.

«Оның ішінде қалалықтар - 9200,5 мың (54,7 пайыз), ауылдықтар - 7615,1 мың адамды (45,3 пайыз)  құрады. 2012 жылдың басымен салыстырғанда жалпы ел бойынша халық саны 140,2 мың адамға немесе 0,8 пайызға көбейді»,-деп атап өтті агенттік төрағасы.

Оның сөзіне қарағанда, қаңтар-шілдеде республика халқының табиғи өсімі 137,9 мың адамды (2011 жылғы қаңтар-шілдеде 128,6 мың адам) құрады. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 1 мың адамға шаққанда 14,1 адамды құрады.

«Ағымдағы жылы қаңтар-шілдеде АХАТ органдарына 223,6 мың нәресте тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 3,8  пайызға артық», - деді ол.