«2009 жылдағы халық санағының нәтижесі бойынша Қазақстан халқының саны 16 млн. 009 мың 600 адамға жетті. Халық санағы арасындағы кезеңінде еліміздің халқы 1 млн. 028 мың 300 адамға артты. Яғни, 1999 жылдағы алдыңғы санақпен салыстырғанда ел азаматтарының өсімі 6,9 пайызды құрады»,-деп жария етті агенттік басшысы.
Аталған санақ қорытындысы бойынша еліміздегі қала тұрғындарының үлесі - 54,1 пайызды, ауыл халқы - 45,9 пайызды құрап отыр. Ә. Смайыловтың сөзіне қарағанда, осы жылдары Қазақстандағы ауыл тұрғындарының саны артып отыр, ал қалалық жұртшылықтың үлесінің өсу деңгейі елеулі деңгейде емес. Атап айтқанда, қала халқының саны 8 млн. 662 мың 400 адамды, ауылдық жердің халқы - 7 млн. 347 мың 200 адамды құрады. «Ауылды елді мекеннің халқы 821,7 мың адамға (12,6 пайызға), ал қалалықтар 206,6 мың адамға (2,4 пайызға) өсті»,-деп түйіндеді сөзін ведомство басшысы.