Статистика агенттігі маусым айынан бастап «Талдау» ақпараттық-сараптамалық жүйесін іске қосады

АСТАНА. 14 наурыз. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Статистика агенттігі маусымнан бастап «Талдау» ақпараттық-сараптамалық жүйесін іске қосады.

Бұл туралы бүгін елордада өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті.

Біз жаңа ақпараттық-технологияларды енгізу жұмыстарын жалғастырудамыз. «Е-статистика» ақпараттық жүйесін құру аясында «Талдау» ақпараттық-сараптамалық жүйесін құрып жатырмыз. Барлық статистикалық көрсеткіштерді біз бір үлкен дерекқорына жинап, тиісті интерфеис арқылы барлық пайдаланушыларға ұсынамыз», - деді ол.

Оның атап өтуінше, пайдаланушы өзіне қажетті кез келген кестені немесе диаграмманы құрып, алғашқы талдау жұмыстарын жасауына болады. Сонымен қатар әртүрлі салыстырмалы талдау жұмыстарын жүргізуге де мүмкіндік алады.

Қазіргі уақытта аталған жүйеге 300 статистикалық көрсеткіш жүктелген. Агенттік жыл соңына дейін олардың қатарын 2 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр.