Статистика агенттігінің бұрынғы төрайымы А. Мешімбаеваны тұтқынға алу туралы мәселе көтерілген емес - Жоғарғы сот өкілі

АСТАНА. Қазанның 27-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - ҚР Статистика агенттігінің бұрынғы төрайымы Анар Мешімбаеваны тұтқынға алу туралы мәселе Жоғарғы сотта көтерілген емес. Бұл туралы бүгін Жоғарғы соттың Қылмыстық істерді бақылау алқасының төрағасы Ақылтай Қасымов мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, Агенттік төрайымының орынбасарлары мен Агенттіктің өзге де басшыларына қатысты іс қозғау мәселесі болды. «Ал А.Мешімбаева болса қазіргі таңда Мәскеуде тұрып жатыр. Тергеу органдары бұл мәліметтерден хабардар. Егер оны тұтқынға алу жөнінде тиісті органдардан ұсыныс түссе және тиісті құжаттар толық ұсынылатын болса, А.Мешімбаеваға қатысты санкциялау жұмыстары мәселе тудырмайды», - деді А.Қасымов.

Сондай-ақ оның айтуынша, қандай да бір азаматтың қылмыс жасап, тек сот санкция бермеуі себепті шетелге қашып кету жағдайлары әлі елімізде болған емес.