Статистика комитеті Қазақстан халқының нақты қанша болғанын айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылдың 1 тамызындағы деректер бойынша еліміздегі халық саны 17 308,7 мың адамды құрады, соның ішінде қалалықтар - 9 541,8 мың (55,1%), ауылдықтар - 7 766,9 мың адамды (44,9%) құрады. Бұл деректерді бүгін өткен брифингте ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы Әлихан Смайылов келтірді.

Оның мәліметінше, 2014 жылғы қаңтар-шілдеде жалпы елімізде халық саны 147,9 мың адамға немесе 0,9%-ға өсті, 2013 жылғы 1 тамызбен салыстырғанда халық саны 255,2 мың адамға немесе 1,5%-ға өскен. «АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілерін тіркеу жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2014 жылғы қаңтар-шілде айларында туылған балалар саны 231,4 мыңды құрап, 2013 жылғы осы кезеңге қарағанда 4,4 мыңға немесе 1,9%-ға артты. Туудың жалпы коэффициенті 1000 адамға 23,04 туылғандарды құрады», - деп атап өтті Ә. Смайылов. Төрағаның айтуынша, қарастырылып отырған кезеңде қайтыс болғандар саны 78,6 мың адамды құрап, 2013 жылғы қаңтар-шілдеге қарағанда 4 мың адамға немесе 4,8%-ға азайған.