Статистика — шынайы ақпарат стратегиялық шешімдерге негіз болатын тұтас экожүйе
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада статистиканы цифрлық трансформациялау жөніндегі халықаралық форум аяқталдыАстанада «Ұлттық статистикалық жүйелердің цифрлық трансформациясы» атты екі күндік халықаралық форум өз жұмысын аяқтады. Шараға түрлі елдердің ұлттық статистика қызметтерінің басшылары мен сарапшылары, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Бұл туралы Статбюроның баспасөз қызметі мәлім етті.
Қатысушылар цифрландырудың дерек өндіру үдерісіне әсерін және ресми статистикаға деген сенімді арттыруға мүмкіндік беретін тиімді шешімдерді талқылады.
Форум барысында деректердің цифрлық экожүйесін дамыту, инновацияларды енгізу және статистиканың тиімділігін арттыру мәселелері көтерілді. Деректердің сапасы мен сенімділігі, процестерді стандарттау және статистиканың пайдаланушылар үшін құндылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінді. Спикерлер ресми деректерге қоғамның сенімін нығайту ашықтыққа, айқындыққа және тиімді коммуникацияға тікелей байланысты екенін атап өтті.
ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев өз сөзінде барлық қатысушыларға статистиканы дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс айтып, форумның маңыздылығына тоқталды.
— Форум салалық кәсіби диалогтың маңызды алаңына айналды. Біз қазіргі статистиканың өзекті мәселелері мен даму перспективаларын бірге талқыладық. Бүгінде статистика тек деректер жинау емес, ол — технологиялар адамдарға қызмет ететін, ал шынайы ақпарат стратегиялық шешімдерге негіз болатын тұтас экожүйе. Форум барысында статистикалық жүйелерді дамыту, деректер сапасын қамтамасыз ету және ашықтық арқылы пайдаланушылар сенімін нығайту мәселелерін қарастырдық. Талқылауларымыз күш біріктіру, тәжірибе алмасу және уақыт талаптарына бірге жауап іздеудің маңызын көрсетті, — деді Мақсат Тұрлыбаев.
Форумда баламалы дереккөздерді қолдану және Big Data-ны интеграциялау мәселелері де талқыланды. Қатысушылар мұндай деректерді тиімді пайдалану статистикалық көрсеткіштердің дәлдігі мен жеделдігін арттыруға мүмкіндік беретінін, алайда деректердің қауіпсіздігі мен жауапкершілік қағидаттарының сақталуы басты талап екенін атап өтті. Сонымен қатар мемлекеттік басқаруда жасанды интеллект пен машиналық оқытуды қолданудың нақты мысалдары ұсынылды. Оның ішінде әкімшілік деректерді талдау және инфляцияны есептеуде Big Data-ны қолдану тәжірибесі таныстырылды.
Айта кетейік, Қазақстандағы мемлекеттік статистиканың 105 жылдығына арналған бұл форумға Қытай, Сингапур, Грузия, Венгрия, Индонезия, Сербия және ТМД елдерінің статистика қызметтерінен, сондай-ақ БҰҰ, БҰҰ ЕЭК, ОЭСР, ЮНИДО, ЮНФПА, Дүниежүзілік банк және Азия даму банкінен делегаттар келді.
Форум кәсіби диалог пен тәжірибе алмасудың тиімді алаңына айналды. Конференция жұмысына 30-дан астам спикер қатысып, статистика саласында инновациялық тәсілдер мен цифрлық шешімдерді енгізу тәжірибесімен бөлісті.
Іс-шара ТМД Статистикалық комитетінің қолдауымен өтті.
Айта кетейік, бұған дейін халықаралық ұйымдар Қазақстанның ұлттық статистика жүйесіне жоғары баға бергенін жазған едік.