Статистикалық жүйені жетілдіру үшін Қазақстан Дүниежүзілік банктен 20 млн. доллар қарыз алады - алқа мәжілісі

None
АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Статистикалық жүйені жетілдіру үшін Қазақстан Дүниежүзілік банктен 20 млн. АҚШ доллары көлемінде қарыз алады.

Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтың төрағалығымен өткен ҚР Статистика агенттігінің алқа мәжілісінде ведомство басшысы Әлихан Смайылов мәлім етті.

«Қазақстанның статистикалық жүйесін жетілдіру үшін 2010 жылы Дүниежүзілік банктен 20 млн. доллар көлемінде заем алу бойынша жұмыстар басталды. Жобаның негізгі мақсаты Қазақстанның барлық статистикалық жүйесін, соның ішінде мемлекеттік органдардың статистикалық жұмыстарын халықаралық тәжірибелерге сәйкес жетілдіру болып табылады», - деді ол.

Ә.Смайыловтың айтуынша, бүгінгі күні жоба Экономикалық даму және сауда министрлігінің, Ақпарат және байланыс министрлігінің экономикалық оң бағалауын алды. Қаржы министрлігінің барлық ескертпелері жойылды. Енді Дүниежүзілік банкпен келіссөздерді бастау үшін Республикалық бюджеттік комиссияның (РБК) шешімі қажет.

Осы ретте Агенттік төрағасы Үкімет басшысынан ҚР Қаржы министрлігі жобаны РБК-ның отырысына кешіктірмей ұсынуын сұрады.

Ә.Смайыловтың пайымдауынша, Банкпен алдағы ақпан айында келіссөздерді бастап, ағымдағы жылдың екінші жартысынан оны жүзеге асыра бастау қажет. Жоба 2015 жылға дейін арналған.