Статистиканы нөлден бастап қайта түзу мүмкін бе – вице-премьердің жауабы

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров елдегі ресми статистиканы қайта түзу туралы ұсыныстарға жауап берді.

Фото: t.me/KZgovernment

«Кейбір сарапшылар жаңа экономикалық бағдарға түсу үшін ресми статистиканы нөлден бастау керек деген пайым айтады. Бұл бағыттағы ұстанымыңыз қандай? Ресми статистиканы нөлден бастап қайта түзуге күш саласыздар ма?» - деп сұрады журналист.

Нұрлан Байбазаров мұндай мәселені Ауыл шаруашылығы министрі де көтергенін мәлім етті.

«Ұстаным дегенде, әрине, бізге обьективті дерек көздері керек. Біздің экономиканың барлық есебі, жалпы ішкі өнімнің есебі сол статистикалық деректерден құрылады. Сондықтан бұл біз үшін өзекті мәселе. Бұл салада жұмыс жүргізіліп жатыр. Президент Әкімшілігі жанында арнайы бюро бар екенін білесіздер. Олар да қазір жұмыс істеп жатыр. Ауыл шаруашылығы министрі де айтып өткен болатын. Бұл жерде артық жазу тенденциясымен белсенді түрде күрес жүргізілетін болады. Өйткені, біз жалған деректермен жалпы ішкі өнімді көтере алмаймыз», - деді вице-премьер.

Журналист қандай да бір статистиканы нөлден бастап түзу жоспарда бар ма?» - деп нақтылады.

«Жоқ, нөлден бастау емес. Бұл жерде статистиканың нақтылығын, дерек көздерінің нақтылығын дұрыстап қарау керек. Оның өз методикасы бар», - деді министр.