Стационарлардың медициналық қызметтерге арналған тарифтері қайта қаралады — ДСМ

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Екі жыл ішінде стационарлардың медициналық қызметтерге арналған тарифтері қайта қаралады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты.

— 2025-2026 жылдары стационарлардың медициналық қызметтерге арналған тарифтерін толығымен қайта қарау жоспарланып отыр. Бұл қаражаттың әділ бөлінуін және заманауи технологиялардың тәжірибеге енгізілуін қамтамасыз етеді, — деді министр.

Оның атап өтуінше, денсаулық сақтау ұйымдарының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету және олардың еңбегіне әділ ақы төлеу үшін тарифтік саясат трансформацияланды.

Стационарлық көмекке ақы төлеудің негізі саналатын 426 клиникалық шығынды топ толығымен қайта қаралды.

— Іске асырылып жатқан шаралар белгілі бір резервті қалыптастыруға, 2026 жылдан бастап тарифтерді ұлғайтуға, 7 терапиялық және 2 хирургиялық бейіндер бойынша қолжетімділікті арттыруға бағытталатын қаражатты қарастыруға мүмкіндік берді. Мысалы, 2024 жылы ішкі резервтер есебінен 72 стационарлық қызмет бойынша тарифтер 23 млрд теңгеге ұлғайды. Жаңа тарифтер балалар ауруханалары мен перзентханалардың басым көпшілігінің қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік берді. Бұл ана мен бала өлімін тарихи төмен көрсеткіштерге жеткізуге және олардың кредиторлық берешектен шығуына ықпал етті, — деді Ақмарал Әлназарова.

Айта кетейік, Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов медициналық көмек көрсету стандарттары мен ережелерін қайта қарау керектігін айтты.